«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Жынды” Жанатай (Әңгіме)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Қап! – Бетінде су көлкіген көк майсаны бауырымен сызып келе жатқан, иелері “бо­йында бәлен аттың күші бар” деп жеркөкке сыйғызбай мақтайтын қара “Джиптің” әуселесі белгілі болды. Сайлау өшіп қалған моторға қайтадан от алдырып, қозғалмақ болып еді, онысынан ештеңе шықпады. – Қап! Далада қалатын болдық қой!

Бұл өңірдің ауа райын болжап болмай­ды. Әсіресе қоңыр күзде мың құбылатыны бар. Бұрынғы қазан ауғанға дейін маужырап тұратын күз көзден бір-бір ұшқалы қашан?! Қазір жылдың осы мезгілінде аспанды бұлт торлап, желдің аяқ астынан теріскейге ойыса қоюы оп-оңай. Оқтын-оқтын “көз жасын” көлдетіп алаты­ны тағы бар. Кей жылдары күн лезде суытып, жаңбыр­дың соңы қарға ұласады. Мұндай кездері мал да, жан да қалтырап, бір уыс болып бү­рісіп, дірдек қаға бастайды. Бүгін де күннің көзі шілдедегідей төбеге ұмтылмай, орман­дардың ұшымен баяу жылжып барып тез батқан еді. Ауада ызғар бар. Соған қарағанда “кәрі құданың” да есік қағар сәті алыс емес сияқты. Сайлау көз байланып, көк пен жер тұтасып кететін осы бір шақта өзі рөлге отырып жолға шықпауға тырысушы еді, көптен дала бетін көрмегендіктен бе, кеше ол жағы есінен тарс шығып кетіпті. Енді соның аза­бын тартып келеді. Түн шымылдығы дәл осылай тез түсе қояды деп ойлаған жоқты. “Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп” деген емес пе, бір-екі рет жолдан шығып та кетті. “Жығылғанға – жұдырық” дегендей, сіркіреп жайымен басталған жаңбыр біраздан соң шелектеп құйды. Асфальт жолда жүген-құрық тимеген асау аттай ала қашатын қара “Джип” қойшының жауыр мәстегі сияқты, газды қанша бассаң да жүрісіне жү­ріс қоспай, мысықтабандап болса да алға жылжып келе жатқан еді, енді одан да қалды. Қайтсін, жаңбыр сіркіреп өткеннің өзінде, желімше жабысатын бұл жердің май балшығы доңғалақтарын ма­на-ақ орап алған.

Сайлау сырт көзге сабырлы көрінген­мен, іштей өзін-өзі мүжіп отыр. “Аңшылық менің не теңім еді?! Елуге дейін ұстамаған мылтыққа аяқ астынан құмартып, желіге қалғаным?! Бәріне кінәлі Әнипа…” Өткенде “карантин, карантин” деп ағайынды да, дос-жолдасты да көруден қалдық қой, тым болмаса, Алтайдікіне кіріп шығайық деп екі кештің ара­сында аяқ астынан қиыла қал­ған. Алтай екеуі ауылдас, бір атаның балалары, мектеп табалдырығынан да бірге аттаған. “Теле­фон соғып білсейші, үйлерінде болса, барайық”, – деді бұл да көп ойланып жатпай. “Шолпанмен жаңа ғана сөйлескем, үйде болмай қазір қайда барады?! Олар да үйлеріне сыймай отырған көрінеді, келіңдер деп қуанып қалды”.

Бұлар табалдырықтан аттамай жатып Шолпан дастарқан жая бастаған.

Алдына ескі-құсқы бірдеңелерді жайып таста­ған Алтай да:

– Амансыңдар ма, мына бәле бәрімізді бір қауызға тықты ғой, көшеге шығудан да қалдық, деп, үсті-басын қағып түрегелді.

– Немене, етікші болып кеткенсің бе? – деді бұл құрдасының алдында жатқан ұсақ-түйек, көр-жерге көз тоқтатып.

– Әбден ішім пысып кетті, ауыл жаққа барып, орман сүзіп қайтсам ба деп отырмын.

– Иә, айтпақшы, маусым басталды деп жатыр ғой.

Кешікпей, шай келді. Карантин кезінде бі­раз дүние ішке жиналып қалса керек, әйелдер соның бәрін ақтарғанша асық.

– Жайшылықта жұмыспен жүріп байқамай­ды екенбіз, карантин басталғалы Алтекеңнің мінезі өзгеріп шыға келді. Сіркесі су көтермейтін болды, жоқ нәрсеге ренжиді. Күніне қырық ұрсысамыз. Әйтеуір, ертең аңға барамын деп қуантып отыр. Бар дедім, бір күн болса да құлағым тынышталсын. Сә­кеңді де жіберсейші, кең далаға шығып, бой жазып, мауқын басып келсін. Ауылды да сағынған шығар?

Сол-ақ екен, жайшылықта күйеуі үйден аттап шықса, қабағы түсіп, жақтырмай қалатын Әнипа құрбысының әлгі сөздеріне құлай кетті:

– Сәке, естіп отырсың ба, Алтекең ертең аңға шығады екен, сен де бірге барсайшы, әйтеуір үйде екі қолыңды қайда қоярыңды білмей отырсың ғой. Өткенде Серіктің әйелі отағасым елік атып әкелді, соғымға дейін сорпа-судан тарықпайтын болдық деп мақтанып отырған.

– Жүр, ол жаққа ат-ізін салмағалы көп болды ғой, серік болып бірге барып қайтайық деп Алтай да мұның әйелін қоштай сөйлеген.

Әйелі бар деп отырған соң, көп ойланған жоқ, келісе салды. Сөйтіп, ойламаған жерден ауылға тартып кетті.

“Ауылда бізді кім күтіп отыр, бірден Қайраңкөлдің жазығына тартайық, қараша қаздар қайтарда сол жерге жиналады” деген Алтайдың сөзімен бұлар Жекекөлдетіп межелі жерге тез жеткен. Машиналарын танаптың шетіндегі шоққа сұғындыра қо­йып, өздері қолайлы орын іздеуге кірісті. Аңшылықтан Сайлаудың білетіні шамалы, тек Алтайдың айтқанын екі етпеуге тырысып зыр жүгіріп жүр.

– Мен бірдеңе білсем, құстың ішінде қаздан ақылдысы жоқ, өте сақ, жайылатын жеріне тобымен бірден ұшып келмейді, алдымен “шолғыншылары” төңіректейді, егер секем аларлық бір нәрсені байқап қалса, жоламай кетеді. Уақытты өткізбей тезірек тамағымызды ішіп алайық та, ана көпенелердің біріне жасырынайық. Әдетте, кәнігі аңшылар жерді қазып, сонда бой тасалайды. Бүгін кеш болып қалды, ол жағын ертең көре жатармыз.

– Құс дегенің жайшылықта көлден көлге ерсілі-қарсылы ұшып жатушы еді, көрінбейді ғой, кетіп қалған жоқ па өздері?

– Жоқ, осыдан былай жинала бастайды.

Алтай үрлеген қарындай бүйірі қампиып жатқан дорбасына қол соза беріп еді, Сайлау:

– Ашпай-ақ қой, кеше сіздің үйден дәм таттық қой, алдымен Әнипа не салды екен, соны көріп алайық, – деп тоқтатып тастады. “Былай шыққан соң қарындарың ашады, ол жақта сендерді енді ешкім күтіп алмайды” деп отыр еді, Әнипа үйдегі барды аямай салыпты.

– Мәссаған, телшікке дейін салыпты ғой, сүрлегесіңдер ме?!

– Мына індеттің әлегінен қонақ шақырудан да қалдық, биылғы соғымды өзіміз кертіп жеп жатырмыз.

Құрдастар ішке ел қондырып алғаннан кейін, шай ішіп бойларын жылытпақ болып еді, термостағы шай суып қалыпты.

– Қазіргі термосың да термос емес, баяғы қытайдікін айтсайшы, екі тәуліктен кейін ашсаң да буы бұрқырап тұрушы еді.

– Мына термостар да сол қытайдікі ғой, сірә, қазір олар да сапа дегенді ұмытқан болулары керек, – деді Сайлау қолындағы ыдысты аударып-төңкеріп жатып.

– Жарайды, оларды біз түзей алмаймыз, күн кешкіріп келеді, тезірек барып орналасайық, – деп Алтай серігін асықтыра бастады.

Көпенені үңгіп, орындарын сайлап алған­нан кейін Алтай:

– Енді қозғала берме, екі көзің аспанда болсын, – деді.

Олар көп күтті. Бір рет қиқулап тырналар ұшып өткендей болды. Қаздың қаңқылы естілмейді. Осылай саңырау-мылқау адам сияқты сарғаюмен біраз жатқан олар төңіректі тұмшалаған қараңғылықтың бояуы қоюлана бастағанда салдары суға кетіп, көліктеріне оралды.

– Машинаны бір қыздырып ал, киіміміз қалың ғой, тоңа қоймаспыз, таң қыла бере көпенеде отыруымыз керек. Аңшылық деген осы, бүгін қанжығамыз майланбады деп ұнжырғаң түспесін, бұйырса, үйге барған соң, терлеп-тепшіп отырып құстың сорпа­сын ішерміз. Айтпақшы, манағы телшіктің бір-екі тілімімен шегімізді майлап алуға қалай қарайсың?

Қаздар келмеді деп уайымдап жатқан Сайлау жоқ. Осы жаққа мүлде соқпай кетсе де қайғыратын бұл емес. Ертең де келмесе өкінбейді. Әйтеуір, ауыл жаққа жол түскеніне риза. Ертең әке-шешесінің басына соқса болғаны. Жылына бір келіп Құран оқытып қайтушы еді, биыл “байтал түгіл бас қайғы” болып, оның да сәті түспеген. “Өлі риза болмай, тірі байымайды “дейді ғой, қу тірлік кейде мойныңды бұрғызбайды, әйт­пе­се, жылына бір емес, бірнеше келсе де артық емес-ау?!”

Таң ата үйір-үйір қараша қаздар келіп қонады деген, бұлар жатқан танаптың үстіне жел қай жақтан айдап әкелгенін кім білсін, қара бұлт төніп тұр екен. Сол кезде-ақ мұның іші қылп еткен. Байқауынша, Қайраңкөлдің жазығы асфальт жолдан алшақтау жатыр. Айдала. Жаңбыр құйып кетсе, қазір-ақ жердің миы шығады. Сосынғысы белгілі: бұл жақта бейсауат көлік жүрмейді. Телефоннан да пайда жоқ, ұстамайды. Оған “тіл” біте қалғанның өзінде саған бұрынғыдай салып ұрып ешкім жетіп келмейді. “Құдай-ау, кімді шақырасың? Ауылға ат-ізін салмағалы қашан?! Қазір ауылдан кімнің көшіп, кімнің қалып жатқанын да білмейді…”

Біртебірте әлгі шөкімдей қара бұлт тіпті қоюланып, аспанды торлап алды. Сәлден соң машинаның терезелерінен су сорғалай бастады.

Алтай да жағдай дәл осылай болады деп ойламаса керек, көзі жыпылық-жыпы­лық етіп, дегбірсіздене бастады.

– Бүгін жұма емес пе осы?

– Иә, жұма.

– Қап! Ойға да келмепті-ау, осылай сіркіреп басталған жаңбырдың бір аптаға созылып кететін кездері болушы еді?!

Сайлауда үн жоқ. Болар іс болды. Мына жаңбыр жылдамдық айырғышы автомат қауқиған қара “Джипке” қол емес. Өзінде де бар. Алтай “Нивамен” шығайық” дегенде, “селкілдеп жүреміз бе, “Джиппен” барайық” деп болмаған.

…Тым болмаса, жолдағы ауылдардың біріне иек артсақ деген үміті үзілді.

– Алтеке, шілдеде шөліркеген мал сияқты бензинді де өкіртіп жеп келе жатқан еді, мынаның өкпесі өшті, жаңбырдың артын күтпесек болмайтын сияқты, – деді ол сәл­ден соң есін жиып.

Алтекеңнің де ұнжырғасы түсіп кеткен. Жағдайдың сағат сайын қиындап бара жат­қанын бұл айтпаса да сезіп отыр. Қарашада таңның атуынан күннің батуы тез бол­ғанмен, түн ұзақ.

– Не істейміз? Күтеміз, жай отырмай жү­рек жалғап алайық, – деді.

Сайлау негізі сөзге жоқ. Бала күнінен со­лай. Үн-түнсіз артқы орындықта жатқан дорба­сын алып, екі ортаға орамал жая бастады.

Сайлаудың қалаға табан тірегеніне көп бол­ды. Ауылдағы сегізжылдық мектепті та­мамдағаннан кейін әкесі оны “қалада оқы, өмірді көресің, ондағы мұғалімдер де жақ­сы дейді” деп облыс орталығындағы мектеп-интернатқа берген. Содан ауылға оралған жоқ. Оқу қуып Алматыға кетті. Одан қайтадан Қызылжарға келіп, жергілік­ті университетке қызметке орналасты. Қазір бір факультеттің білдей бір деканы, ғылым кандидаты. Алтай болса, бертінге дейін ауылдан ұзап шықпаған адам. Сегізжылдықтан кейін аудан орталығындағы тракторшылар даярлайтын курсты тамам­дап, бірден еңбекке араласқан. Күндердің күнінде қалаға көшем деген ой үш ұйықтаса түсіне кіріп пе, бірақ жазымыштан озмыш жоқ екен, ел шетіне нарық деген бәле кіріп, ауылдың ұйқы-тұйқысы шықты. Жер де, мал да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Екі қолға бір күрек таба ал­май жұмыссыз қалып, ақшаның мөріне зар болған халық тоз-тоз болып, бастары ауған жақ­қа көше бастады. Жағдайдың жуыр маңда оңалмайтынына көзі жетіп, амалы таусылған бұл да соларға ілескен. Қалада пәтер бағасы күйіп тұр екен. Үйін сатты, малын өткізді. Әйтеуір, қарызданып-қауғала­нып жүріп, өзімдікі деген екі бөлмелі үйге қол жеткізді. Мамандығын да өзгертті. Таң­дау болған жоқ, құрылысқа кірді. Қазір тас қалаушылар бригадасын басқарады.

…Жаңбыр әлі жауып тұр. Сыртқа шығып келген Алтай: “Мынаның беті жаман, тұта­сып алыпты, сағат неше болды екен?” деп Сайлауды әңгімеге тартты.

– Оннан жаңа кетті, – деді ол.

– Он! Он дейсің бе?! Мен таң атуға жа­қындап қалды деп отырсам.

– Қайдағы таң? Телефоныңды қарасайшы.

Алтай телефонына үңілді. Расында да оннан жаңа кетіпті.

– Телефон ұстамайтын шығар?

– Жоқ. Бұл ара кімге керек. Осыдан бір­неше жыл бұрын Қарағашқа бір қондырғы орнатпақ болған. Кейін халық көше баста­ған соң, қайта алып кетіпті ғой. Қазір осы маңайда ауыл дейтін ауыл да қалмады ғой, Ақсуда – 5 үй, Бірлікте 2 үй қалды деген. Біздің ауылдың мектебі де жабылыпты. Онда да биыл қолы қысқа кәрі-құртаңнан басқа ешкім қалмайтын шығар?

– Бұл не болып кетті өзі? Қас пен көздің арасында қазақтың алтын бесігі деген ауылдың бытшыты шықты ғой.

– Оны жоғары жақта жүрген сен білмесең, мен қайдан білемін?

– Біздің де қатысымыз шамалы ғой, сабағымызды береміз, үйге келеміз… қазір университетке барудан да қалдық, қашықтан оқытып жатырмыз.

– Иә, мына дерттің беті жаман, жұрттың бәрін бір уыс қылып, тұсап тастады ғой.

– Құдайға сенбейміз, әйтеуір, жердегі біз сияқты пенделерге әмірін жүргізетін бір құдіреттің бар екен рас-ау осы. Тым асқақтап кетіп едік. Байлық қуу, тойымсыздық, бәсеке, бітпейтін аста-төк той… осының бәрі қазаққа жат дүниелер еді ғой, енді міне, әркім өз шаңырағында жіпсіз байла­нып, бүрісіп отыр. “Мың асқанға – бір тосқан!” деген осы емес пе екен?!

– Айтпа деймін, ата-бабадан қалған салт-дәстүрлерді тәрік етіп, ерсілік пен есерліктің заманында өмір сүреміз деп кім ойлаған? Тәубе, шүкір дегенді ұмыттық қой. Енді соның зауалын тартып отырған сияқ­тымыз ба, қалай? Осымен құтылсақ, тәубе дер едік, әй, білмеймін, көрмегеніміз алда сияқты.

– Осыны жоғарыдағылар білмей, көрмей отыр ма?

– Білмеуші ме еді? Біледі. Олар ауылыңды, салт-дәстүріңді қайтсін! Өз есептері түгел. Халықтың бар байлығын басып алып, аспаннан түскендей болып жүрген жоқ па?!

– Жетпіс-сексен жыл іргесі сөгілмеген ауылдың бір-ақ күнде шаңырағы ортасына түскеніне сенгім келмейді. Осының астарын­да үлкен бір жымысқы саясат жатқан жоқ па?

– Бұл арада қандай саясат болуы мүм­кін? Мен де түсінбеймін… Бір жағынан алып қарағанда, сөзіңнің жаны да бар сияқты. Қазақтың өзіндік бірегей әдет-ғұрыпта­ры мен салт-дәстүрлері көптеген ғасырлар бойы қалыптасты ғой. Ұлттық ерекшелігіміз деуге де келеді. Ауылды құрту дегенің со­ның бәрінің тамырына балта шабу. Мүмкін, біреулерге керек те болған шығар?

Дәл осы арада ұйқы қысып көзі жұмылып бара жатқан Сайлауды Алтай түртіп қалды:

– Қарашы, қарашы! Анау көліктің жарығы емес пе?!

– Қайда? Ештеңе көріп тұрған жоқпын. Сол жағыңа қара! Қозғалатын сияқты. Осылай қарай келе жатыр.

– Көрдім, көрдім. Тура бізге келе жатыр ғой. Трактор сияқты.

– Түнделетіп жүргеніне қарағанда, біз сияқты біреулер болмасын. Кім болса да тоқтатып, жөн сұрайық. Мүмкін, көмегі тиіп қалар?

Алтай киімін қымтап, машинадан түспек болып еді, Сайлау жеңінен тартып тоқтат­ты.

– Тұра тұр, асықпа, жақындасын. Жарықты жағып тоқтатамыз.

Әне-міне дегенше, бірде сығырайып, бірде жарқырап келе жатқан қос ноқат бұларға жақындап қалды.

Сайлау машинасының жарығын жыпылықтатып, белгі беруі мұң екен, әлгі көлік жалт беріп, қиястай тартты.

– Көрмеді білем, бұрылып кетті ғой.

– Көрмеуші ме еді, көріп қашып барады.

– Қап, енді не істейміз?!

– Не істейміз, таңның атуын күтеміз. “Қой көз шырымын алып алайық” деп Сайлау бұдан бұрылып, сол жамбасына аунап түс­ті. Ақсаусақ адам ғой, әбден шаршаған болуы керек, сәлден соң қорылға басты.

Алтайдың да көзі жұмулы болғанмен, ұй­қылы-ояу, дел-сал. Жаңбыр әлі жауып тұр. Манағыдай сабалап жаумаса да тырс-тырс етіп, “Джиптің” төбесін “тесіп” жатыр. “Әлгі кім болды екен? Тұра қашқанына қарағанда жай жүрген адам емес… Ауылдағылардың шаруасы біткен бе, мүмкін, өз жұмысымен жүрген біреу шығар? Бейсауат кездескен бұлардан қорқуы да мүмкін ғой… Қалай болғанда да, осы маңайда ауыл болуы керек.” Осылай неше түрлі ойға шырмал­ған ол да біраздан соң көзінің қалай ілініп кеткенін байқамай қалды.

Тоңып, денелеріне діріл енбегенде сі­рескен қалыптары одан әрі де ұйқыны соға берер ме еді, кім білсін, екеуі бір мезгілде оянып, есіней көтерілді. Дала бозамық тартып, таң белгісі сызат бергенімен, машинаның буланып кеткен терезесінен ештеңе көрінбейді.

–Таң атып қалыпты ғой. Сайлаудың дауы­сы қарлығыңқы шықты.

– Тоңып қалдым, машинаңа от алдырып салонды жылытшы, түнде бензинді жеп жатыр деген соң, пешіңді қос деп те айта алмадым, – деді Алтай көзін уқалап.

– Жаңбыр басылған сияқты ма қалай?

– Басылсын, әйтпесе, мына жерден шы­ға алмаймыз.

Сәлден соң “Джиптің” іші жылынып, терезелер ашылды. Алтай осы біз қайдамыз дегендей, жан-жағына үңіле қарап, ұзақ отырды. “Түк түсінсем бұйырмасын, қайда келгеміз?”

– Есіңе түсір, кезінде талай шарлаған жерлерің ғой.

– Солайы солай-ау, бірақ мына жер таныс емес, түсіп қарамасам болмас деп, өзі жақ есікті ашуы мұң екен, таңғы салқын ауа кабинаға лап берді. Машинаның іші тағы да буланып шыға келді.

– Жолдан шығып кетіппіз ғой.

– Иә, қайта құдай сақтаған, қаптаған шұңқырлардың біріне түсіп кетпегенімізге тәубе!

Мен жолды қарап келейін деп Алтай төңіректі кес-кестей бастады. Жаңбыр әжептәуір жауған екен, қалың шөптің арасы шылқып тұр. Әйтеуір жолдан көп ұзамапты. Жол дегенде баяғыдай қатқыл табанды жол жоқ. Бұрын дала жолы сайрап жататын. Қазір солардың көбі жыртылып қалды немесе шөп өсіп кеткен. Ол әрі жүрді, бері жүрді. Оң жақ бетте тұрған шоқтың бау­райына табаны тигенде ғана бұрын Қоскөлдің бригадасы болған, жергілікті тұрғындар “Шошқа базы” деп атап кеткен ағашқа жетіп тоқтағандарын түсінді. Бұл арадан Қоскөл алыс емес. Қоскөл дегенде қазір бұрын кеңшар орталығы болған ауыл жоқ, бәрі тік қотарылып көшіп кетіпті, тек Нағашыбайдың баласы ғана жалғыз үй, қозғалмай отыр деп естіген. Ал оның ар жағында бұлардың туған ауылы тиіп тұр. Ол екі ортада да жол жоқ, бозды қуалап қана жетесің. Онда да Күйгенталдың қылтасынан өте алмауың мүмкін.

Бұл қайта оралғанда Сайлау саз балшықтан мөрі көрінбей қалған машинасын айналшықтап, доңғалаққа жабысқан сазды шұқылап әуре болып жүр екен.

– Не, жол бар ма? – деді мұның жақындағанын күтпей, анадайдан дауыстап.

– Бары бар-ау, бірақ оған түспей-ақ қояйық, жиектей жүріп Қоскөлге жетсек, ар жағын көре жатармыз.

Манадан байқамапты, “Джиптің” доңғалақ­тары қара жерге жартылай кіріп кеткен екен. Ә дегеннен қозғала қоймады.

– Енді қинауға болмайды, мұның осындай бәлесі бар, – деді Сайлау.

Оны Алтай да біледі. Бұл да жылдамдық айырғышы автоматты осындай көліктердің біразын тізгіндеген, ақыры, құрысыншы деп үйреншікті “Нивасына” қайта отырған.

– Қап, енді қайттік?!

Қалжырай бастады ма екен, Сайлаудың үні тұншыға шықты.

– Бұлай отыра бергенмен түк шықпайды, тағы да түнге қалып қоюымыз мүмкін, мен бірдеңе қылып Қоскөлге жетейін, сен машинада қал, мүмкін, көлік табылып қалар? – деді Алтай.

Сайлауда үн жоқ. Ұнжырғасы түсіп отыр. Алтай оның жауабын күтпестен машинадан түсті де кешегі жарық шыққан жаққа бет алды.

Қыстау мен ауылдың арасы алты-жеті шақырымдай болуы керек. “Жетерін жетер-ау, бірақ онда көлік бола қойса жарайды ғой. Жалғыз үй отырған Нағашыбайдың қай баласы екенін де білмейді. Өзімен құрдас Жанатай болса, техникаға үйір еді, тракторы болуы мүмкін. Қалғандарын бұл танымайды да. Бірақ бала кезінен жынды атанып кеткен, мінезі аумалы-төкпелі Жанатай мұның айтқанына көне қойса… Сендер сияқты ерігіп жүрген жоқпын деп бір-ақ қағуы да ғажап емес”.

Шылп-шылп. Екі-үш рет аяғы тайып кетіп мұрттай ұша жаздады. Кей жердің шөбі белуардан келеді, аяғыңа оралып, адымыңды аштырмайды. “Иесіздік деген осы-ау?! Әйт­песе, бұрын жолдың жиегіне дейін қырып шабушы еді. Мал болмаған соң шөпті қайтсін?!”

Әйтеуір сағат жарым уақытта ауылға да жетті-ау. Ауыл деген аты ғана: бұрынғы қаз-қатар тізілген үйлердің үйінділері ғана жа­тыр, жау шауып кеткен сияқты. Көл жақ шеттегі жалғыз үйдің маңында қыбырлаған жан көрінбейді. Оның есесіне екі төбет жарыса шауып алдынан шықты. Жан ұшырып қолына іліккен таяқпен жасқап, беттерін қайтармақ болып еді, онысынан түк шықпады. Тура келіп балтырдан алатын түрлері бар. “Құтжол”, “Ақтөс”, “Алыпсоқ” деп өзі білетін, аузына түскен ауыл иттерінің атта­рын айтып жатыр. Жоқ, бұлар оны елер емес, соған қарағанда, “қазақылықтан қалған” иттер болуы керек. Арсылдап, айнала шауып, реті келсе, қауып алудан тайынар емес.

Осылай иттермен арбасып, екі адым ілгері бір адым кейін шегіне жүріп, үйге де жақындады. Иттердің дауысын естіген біреу қарсы шығар деп ойлап еді, үйде жоқ па, болмаса тас керең болып ұйықтап жатыр ма, ешкім бой көрсете қоймады. Сыртқы есікке ілінген қара құлыпты көргенде ғана ол үйде жан адамның баласы жоқ екенін түсінді. “Қайда болды екен, әлде қара құлыпты іліп бұлар да көшіп кетті ме? Енді қайттім? Ауылға жаяу қашан жетемін?” Осылай аңырып тұрған оның көзі тұмсығын қораның іргесіне тірей тоқтаған “Беларуске” түсті. Сазға түскен болу керек, доңғалағы ғана емес, бүкіл денесі баттасып тұр. “Жоқ, алысқа ұзай қоймаған шығар? Неде болса, күтейін” деп ол үйдің алдында көл­денең жатқан жуан ағашқа отыра кетті. Екі ит те манағыдай емес, бұған үйрене бастаған сияқты. Дегенмен, көздерінде сенімсіздік бар, анадайда бұған қадала қарап жатыр. Алтай тағы да үй иесі жайлы ойға берілді. “Жұрт үдере көшкенде бұл не қылмайсың деп қалып қойды екен? Әлде барар жері басар тауы жоқ па?” Айдаладағы жұртта қалған жалғыз үйдің иесін аяп кетті. Сөйткенше болған жоқ, қора сыртынан біреудің жөткірінген дауысы естілді. Кешікпей Жанатайдың өзі де көрінді.

– Ау, сен мұнда қайдан жүрсің? – деп таң­ғалып жатыр.

– Сұрама, “Шошқа базының” қасында машинамыз батып қалып, жаяу келдім.

– “Шошқа базының?.. Жанатай сөзінің ар жағын жұтып қойды.

– Иә, өздерің амансыңдар ма? Көрмегелі көп айдың жүзі болды ғой, осындай көк салпақта бұл жақта не қылып жүрсіңдер? Айтпақшы, сенің аңшылық құратын әдетің бар еді ғой, құсқа шығып па едіңдер?

– Қайбір аңшылық дейсің, үйде отыра-отыра іш пысқан соң, шығып кетіп едік, “мен ұрлық қылғанда ай жарық болды” деген­дей, “байтал түгіл бас қайғы”, далада қонып шықтық. Қасымда Беріктің баласы Сайлау бар.

– Әлгі университетте сабақ беретін баласы ма? Ол не қылып аңға шыға қалды?

– Серік бол деп желіктірген мен едім, сірә да бұдан былай аңға шығамын деп айта қоймас.

– Сонымен батып қалдық дейсің ғой?

– Иә.

– Немен жүр едіңдер?

– Сайлаудың “Джипі”.

– “Джип” бата ма екен?

– Батқанда сол батсын, доңғалағына май балшық жабысқаннан кейін қозғала алмай қалды. Оның үстіне жылдамдық ажыратқышы автомат екен.

– Е, бәсе! Онда түсінікті. Жүр үйге кірейік. Таңертеңнен бері оразамды да ашқан жоқ едім, шай ішіп алайық.

Алтай Сайлаудың екі көзі төрт болып отырғаны есіне түсіп, Жанатайға бірдеме айтпақ болып аузын аша берді де ол ойынан тез айнып қалды. “Мән-жайды білейін, мүмкін, тракторы сынып тұрған шығар? Балалардың жайы белгілі ғой, әйелі қайда екен?”

Баяғы әкесінен қалған төрт бөлме үй. Сырты тозыңқырағанмен іші жүдеу көрінбеді. Бір кездері ауылда төргі екі бөлменің ортасын алып тастап қосып жіберу “мода” болған. Кісі шақырғанда айналатын жер болмай қалады деп біреу бастап еді, табылған ақыл екен деп басқалар іліп ала жөнелген. Бұл үйдің де залы кең екен. Бірақ Алтай есіктен сығалағаны болмаса, асығыс екенін білдіргісі кеп, төрге озған жоқ. Жанатайдың шайы тез қайнады. “Қай бір оңып жүр дейсің, шайын ішіп алсын” деп асықтырмады. Ыстық шаймен бойын жы­лытып алуға өзі де кет әрі емес. Жанатай шай қамдап жүріп, жағдайын айтып жатыр. Нағима аудан орталығында ауруханада жатыр. Бәрі өзіме қарап қалды. Кеше түнделетіп келіп, жылқыға бара алмап едім, жаңа қайырып тастадым. Қазір малды көзден таса қылуға болмайды. Ұры-қары дегенің қаптап жүр.

Жалғыздың жайы белгілі ғой, әбден іші пысқан болуы керек, Жанатайдың аузы шай үстінде де жабылған жоқ. Жалғыз үй отырған жанда не жаңалық болсын, әр нәр­сенің басын бір шалып, бірді айтып, бірге кетіп жатыр. Алтай бас шұлғып қана отыр. Жанатай мұның неге келгенін естен шығарып алған сияқты. Жоқ, әңгімені қалай тез бастаса, солай тез доғарды да “ал, кеттік” деді.

“Беларуспен” селкілдеп Сайлауға жеткенше біраз уақыт өтті. Ол, расында да, екі көзі төрт болып елегізіп отырған болуы керек, бұлар жақындай бергенде машинасынан түсіп, алдын ала дайындап қойған арқанын іле бастады.

Жанатай Сайлауды да танитын болып шықты. Шұрқырай амандасып, хал-жағда­йын сұрап жатыр.

– Cендер өздерің бұрыннан таныс па едіңдер?

– Таныс болмағанда ше, мына Үлгіліде бір класта оқыдық қой.

Сайлау сөз арасында:

– Жәке, қатты жұлқыма, жылдамдықты да өсіруге болмайды деп ескертіп жатыр.

– Білемін, осы маңайда батып қалғандар­дың бәрі маған келеді. Сосын автомат еді деп шырылдайды. “Автомат болса, мұнда бас сұғатын нең бар еді” дегім келсе де үндемеймін. Біреуі тура жол іздейді, біреу саз-балшыққа амалсыз түседі… Әйтеуір, бәрінің себебі бар.

Бұдан бұрын да жаңбыр жауған болуы керек, кей жерлерде жайшылықта “Уаздарыңның” өзін қаңбақ құрлы көрмей желіген аттай өте шығатын “Беларустің” арты қайқаңдап, қара түтіні будақтаған кезде “япырмай тоқтап қалмасақ жарар еді” дегендей, Алтай мен Сайлау бір-біріне қарап қояды. Бірақ трактордың аты трактор ғой, еш жерде бөгелген жоқ. Үйінің алдына келіп бір-ақ тоқтаған Жанатай ағытыңдар дегендей шегіне бастады. Техникаға ебі бар Алтай машинадан түсе қалып арқанды жинап алды. Бұл кезде қас қарая бастаған еді. Жанатай: “Сендер үйге кіре беріңдер, мен қойларға бір айыр шөп тастай қояйын” деп қораға бет­теді.

Оңаша қалған Алтай мен Сайлау ауылға қалай жетеміз деп ақылдасып отыр. Нақ бүгін өз көліктерімен жете алмайтындарын екеуі де түсінді. Жанатайдың оларды апаратын түрі жоқ екені жаңа арқанды жинап тастағанда-ақ белгілі болған.

– Ақша төлейік.

– Ақшаңды қайтсін?! Байқап сөйлесейік, мұның мінезі иттің мінезінен жаман, жынды деген ат жайдан-жай жамалып жүрген жоқ қой, қитығына тиіп кетсек, жеткізіп салғаны сол, үйінен қуып шығып далада қондыруы мүмкін.

– Ендеше, әліптің артын бағайық, бұл араның жағдайын бізден жақсы біледі ғой, өзі не айтар екен? Екеуі осы сөзге тоқтаған.

Жанатай көп күттірген жоқ, білтелемей тоқетерін бір-ақ айтты:

– Енді ауылға қалай жетеміз деп отырсыңдар ғой. Қанша асықсаңдар да бүгін болмайды. Құдай айдап келген шығар, жатыңдар. Ертең түс ауа жеткізіп саламын. Онда да жаңбыр жаумасын деп тілеңдер.

Алтай мен Сайлау не айтарларын білмей біріне-бірі қарап, аңтарылып қалды.

– Жолдасыңыз да жоқ екен, сізді әуресарсаңға салғанымыз қалай болады? – деді Сайлау сәлден соң.

– Сіз деп сызыла қалыпсыңдар ғой, та­ғымнан түсіп қалмаймын, сен деп сөйлесе беріңдер. Хозяйка болмаса, үйдегі бар тамақты өзімен бірге ала кеткен жоқ, Құдайға шүкір, ет те, май да бар, аш болмайсыңдар. Сосын мына екі ортаның жолын өздерің білесіңдер. Біраздан кейін машиналарыңның доңғалағы айналмай қалады. Шетелдің машиналарының сырты жылтырап тұрғаны болмаса, біздің жердің батпағын, ой-шұқырын көтермейді. Өткенде біреу ана Шойманның сайында батып қалыпты. Үстінен суы сорғалап келіп тұр. Бардым. Өзім шығамын деп біраз әуреленсе керек, маңайы бытшыт. “Мына машинаны тарта алмаймын, бірдеңесі жұлынып кетуі мүмкін”,– дедім. “Ағатай! не болса да көмектесіңіз, далада қалдырмаңыз” деп, жалынсын кеп. Айтқанды түсінбейді екен. Ақыры, дегеніне көндірді. Бірақ, не керек, машинасының алды жұлынып кетті. Оныкі ескі машина болатын. Содан да шығар, көп қайғырған жоқ. Ал жаңа “Джиптің” бір жерін жұлып алсақ, өкініші кетер ме? Менің айтқанымды тыңдасаңдар, асықпаңдар.

Осыдан кейін Алтай мен Сайлау жым болды.

– Сендер жуынып-шайынып демала беріңдер, су үйде, мен тамақ қамдайын.

– Біз де көмектесейік, картоп аршиық па, тағы не істейміз?

– Картопты қоя тұрыңдар, бәрін өзім тындырамын… Осылай деді де үй иесі сыртқа шығып кетті.

Сайлау мен Алтай бөлме ішін көзбен шолып отыр. Қаладан еш айырмасы жоқ. Төрде – жапонның үлкен телевизоры. Оң жақ қабырғаны стенка алып тұр. Бұрыштағы үстелдің үстінде қаз-қатар тізілген кітаптар. Өздері отырған “Патютьковтың” диванын да бертін алған сияқты. Еденде – парсының қалың кілемі. Бөлмеге кіреберіс сол жаққа суреттер ілінген. Осы үйдің балалары болуы керек.

– Бала-шағаны өсіріп-жеткізіп жалғыз қалған да қиын-ау, – деді Сайлау суреттерден көз алмай.

– Қазіргі балалардың өз қызығы өзінде ғой, әке-шешеге қарамайды, ертең біз де қартаямыз деген ой жоқ оларда.

– Кенже баланы қолдан шығармаған бұрынғылардың ақылдылығына таңғала­сың?!

Алтай мен Сайлау осылай әр нәрсенің басын бір шалып отырғанда дастарқан да жайылды. Буы бұрқыраған қуырдақ келді.

– Қарындарың ашқан шығар, тамақтан алыңдар, менің де ішімді жылан жала­ғандай, таңертеңнен тізе бүгіп отырғаным осы. Әйтеуір, бір бітпейтін шаруа. Кеше ау­данға барып, кеш қайттым. Одан жылқыға кеттім.

– Осы, түнде сен емессің бе, бізге жа­қындап келіп жалт беріп қаша жөнелген? Бейсауат жүрген кім екен деп дал болдық. Күндіз тығып кеткен астығын айналшықтап ала алмай жүрген біреу ме деп те ойладық.

– Мен болсам, болармын. “Беларуспен” жүрудің не екенін Алтай сен білесің ғой, оның үстіне жаңбыр құйып түр. Сен баяғы кезді еске салып отырсың ғой, күзде пы­сықайлар күндіз астық бастырып жүрген комбайншыларға бір-екі жарты арақ беріп, бір-екі бункер астық төктіріп алатын. Қазір баяғыдай емес, екі-үш күннің ішінде опай-топай жинап алады. Комбайншылардан кү­зетшілері көп. Құсқа деп бір-екі қап сұрасаң да бермейді.

– Иә, қазір қайда болмасын жердің қызығын басқалар көріп жатыр ғой.

– Айтпақшы, есімнен шығып кетіпті, “ащы суға” қалай едіңдер? Маған екеуің де нағашы боласыңдар. Қысылмаңдар. Алтай, сенің бір қағарың бар еді ғой?

– Кезінде іштік қой, мүйіз шыққан жоқ, қойғамын.

– Мен де ішпеймін, дәрігерлер рұқсат бермейді, – деді Сайлау жұлып алғандай.

– Кезінде ептеп татқаным болмаса, мен де арақтың дәмінің қандай болатынын ұмыттым. Орыстың атасынан қалған тамақ қой, біз де соларға еріп біраз жерге барып қалып едік, қазір тәубе, жастар түсіне бас­таған сияқты…

Қою шай мен қуырдақтан кейін бойлары жылынып, үшеуі кәдімгідей шүйіркелесіп кетті.

Қоскөл мен Ақбалықтың арасы он-ақ ша­қырым. Былайша айтқанда, “төскейде малы, төсекте басы қосылған” елді мекен­дер. Манадан әңгімеге араласпай отырған Сайлау: “Ауыл жүдеді, жұрттың бәрі қалаға көшіп жатыр. Сен неге қалып қойдың?” деп тағы бір әңгіменің ұшын шығарды.

– Ауыл жүдеді деп жұқалап айтып отыр­сың ғой, ауыл жүдеген жоқ, ауылдың көзіне су құйылуға жақын. Қарап отырсақ, осы төңіректегі он шақты қазақ ауылынан екі-ақ ауыл қалды. Оның да біреуі – Қаратал бүгін болмаса ертең жабылады, қазір бес-алты-ақ үй отыр. Олар да бастары ауған жаққа көшіп кетер еді, әттең, қолдары қысқа, кәрі-құртаң, жетім-жесір деген сияқты.

– Бала-шаға бар көрінеді, өзің де қартайып тұрған жоқсың, сен неге ауылда қалып қойдың?

– Осы ауылдың іргесі сөгілмей тұрып, талай рет бас қостық. Мәселе біреу-ақ. Жерден, малдан айырылдық, енді қайтып күн көреміз? Анау анда кететін болыпты, бәлешекеңді балалары әкетейін деп жатыр екен деген сөздер құлағымызға жетеді ғой, шынында да буынып-түйініп отырғандар көп болып шықты. Алдымен бастықсымақтар қашты. Мүмкіндігі барлар – қалаға, ол жаққа жүрегі дауаламағандар аудан орталығына тартты. Тіпті, кейбіреулер жұрт көшіп жатыр деген дүрмекке еріп кетті-ау деймін. Өзімнің бір құрдасым сап-сау үйін тастап мына тұрған Жекекөлге көшті. Онда барды, не ұтты? Не жұмыс жоқ… Өткенде ауданға барғанда соқтым. Жұмыс жоқ, мал ұстайын десек, жердің бәрін бөліп алған, бет қаратпайды деп, қайдан келдімге басып зар жылап отыр.

Өз басым бірден ешқайда көшпеуге бекінгем. Әйелім басында “жұртта қалып не күн көреміз, ертең ауырып-сырқап қалсақ бізге кім келеді? Жол жоқ, балалардың да жүріп-тұруы қиындайды” деп қыңқылдаған. Өзімнің ғана емес, әке-шешемнің кіндік қаны тамған топырақты тастап ешқайда кет­пеймін. Елуге келгенде тентіреп қайда ба­рамын, қалаға барып көше сыпырамын ба, өлсем осы жерде өлемін деп айтқанымнан қайтпадым.

– Қанша дегенмен жалғыз үй отыру қиын ғой, жазда жаңбыр, қыста боран дегендей, расында да адам болғаннан кейін бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды…

– Басқа түскеннің бәрін көріп жатырмыз. Көрші ауылдар үздік-создық көшсе, бұл ауыл, неден шошығандарын білмеймін, екі-үш жылдың ішінде табандарын жалтырат­ты. Алғашқы кездері жалғызсырап, кәдімгідей елегізуші едім. Қазір бәріне үйреніп алдық. Мына іргедегі қорымда бір ауыл жатыр. Менің әке-шешем де, ата-бабаларымның бәрі осында. Күн сайын демей-ақ қояйын, аптасына екі рет соларға барып, дұға оқимын. Құтты бір солардың шырақшысы сияқтымын. Барсам, тез кете алмаймын. Аралап, әрқайсысына сәлем беремін. Енді көшкім келсе де, кетіп қалуға қорқамын. Осының бәрі менің еркімнен тыс болып жатқан сияқты… Ал аудандағылар мені қайткенде де көшірудің қамымен жүр. Тіпті мына болашағы бар Ащыкөлге көшіңіз, сонда сырттан келгендерге жаңадан үй салып жатыр, солардың біреуіне түсіңіз дейді. Әйтеуір, қазір жарық бар. Өткенде біреулер трансформаторды алып кетеміз деп келіпті. Не деймін, ала беріңдер дедім. Әзірше әкеткен жоқ. Тіпті, бізді кісі санатына қосудан қалып барады, әдейі аудан орталығындағы поштаға соғып газетке жазылайын десем, ондағылар сізді жаза алмаймыз деп қарап отыр. Неге десем, сіздің ауыл есепте жоқ дейді. Мәссаған?! Ауыл есепте болмай-ақ қойсын, мен бармын ғой, әлі тірімін, газет-журнал оқуға құқым жоқ па? Әкелмей-ақ қойыңдар, айына бір рет болса да өзім алып тұрамын деп жалынып-жалпайып әзер жазылдым.

– Көшіп кетсе де туған жерлерін сағынып келетіндер бар шығар?

– Келмеуші ме еді, әсіресе, жазда қап­тайды. Туған ауылым деп еңірегенде етектері жасқа толады. Қайтыс болған туыстарына бата жасайды. Солардың бәрі осы үйге түседі. Ыдыс-аяққа дейін алып қойдым. Өткенде үш жігіт келіп тұр. “Көк туымызды желбіретіп, челлендж дей ме, бірдеңе өткізейік деп едік, қыс іші ғой, сіздің үйге түссек” дейді. “Оларың не нәрсе?” “Көк туды қолға алып, атқа мініп шабамыз”. “Сосын?” … “Сол”. “Әй, естерің дұрыс па? Не беттеріңмен аттарыңды ойнақтатып келмексіңдер, Тыныш жатқан ауылдың жұртын дүрліктіргендеріңнен не пайда?!” Жынымның келгені-ай, ауыл дейтін ауыл жоқ, ағаш арасы кең, сол жақта шаба беріңдер деп жолатпадым. Өздері қызық, не ойлайтындарын білмеймін. Өткенде қалаға барғанда, әңгімелеріне құлақ түріп отырсам, ауыл дегенде емшек сұрап жылаған баладай еңірейді, ауылды құртты деп үкіметті жерден алып, жерге салып қарғағандарын көрсең. Ауылды осындай жайға түсірген өздері емес пе?! Астарынан су шыққандай, өздерін қалада біреу күтіп отырғандай, алды-арттарына қарамай тұра қашты. Енді өлген өгіздің терісіне мөңіреген бұзаудай ауылым, ауылым деп зар жылайды. Кезінде осы ауылдың атына таласып, қыласынды қылып еді. Біреуі өз атасының атын бергісі келеді, екіншісі оған көнбей қисаяды. Енді ешкімге керексіз болып қалды. Қазір жұрттың бәрі Қоскөлді ұмытқан, сөз бола қалса, жынды Жанатайдың ауылы дейді.

– Иә, ауылды құрттық, бұл қазақтың құруының басы болмаса жарайды ғой?!

– Сайлау, сенің ортаң бөлек қой, біз білмейтін дүниенің біразынан хабарың бар шығар, қазақ қазақ болудан қалып барады. Осы біз күндердің күнінде ұлт ретінде жойылып кетпейміз бе? Өйткені ауылмен бірге қазақтың тамыры қиылып жатыр. Осының аяғы не болар екен?

– Үкімет те түсінген болуы керек. “Ауыл – ел бесігі” деп жатыр ғой.

– Үкіметіңді қой, ауылдың көзіне су құйған солардың өзі емес пе? Жекешелендіру деді, одан кейін “Ауыл жылы” деп шықты. Естуімізше, миллиардтаған қаржы бөлінді. Сол ақшаның бір тиыны осы ауылға жетті ме? Келсе мына ауыл құлпырып тұрмас па еді?! Бәрі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

Жараның беті ашылды ма, Жанатай қызбалана бастады.

– Үкіметтің де кінәсы бар шығар, бірақ дәл осы ауылдағы жағдайға олардың қатысы жоқ, бәрі ағайынның алауыздығынан басталды, – деген Жанатай ауылдың кәкір-шүкір әңгімесімен бастарыңды қатырған жоқпын ба дегендей қонақтарына қарады. – Осы ауыл кезінде кеңшардың орталығы болған дегенге кім сенеді? Шаруашылығымыз да мығым, директорымыз да іскер жігіт еді. Азғана жылдың ішінде барлық саланың бойына қан жүгіртіп, біраз іс тындырды. Қазір қарап отырсам, сол кезде жыл сайын 20-25 үй салыпты. Өзінде де бар, бір күні мамандарды жинап алып, нарық талаптарына сәйкес шаруашылықты жекешелендіру керек, өзіміз ие болмасақ, ертең бәрінен айырылып қаламыз депті. Сол-ақ екен, халық “директор шаруашылықты жекеменшігіне алады екен, бізді құл қылады екен” деп шуылдап шыға келді. Ақыры, ол жігіт те кетті. Содан кеңшар оңған жоқ, жаңа директор алдымен бартер-сартер деп малды құртты, жерді үй басына бөліп берген болып еді, көп ұзамай одан да айырылдық. Төрт-бес жыл қурай басып жатты.

– Дені дұрыс инвестор да табылмаған екен?!

– Біреулер келген. Қалтасы қалың болуы керек, техникасын әкелді, көктемде қыруар жерге тұқым сіңірді. Бірақ біздің қасқалар “біреуге құл болмаймыз” деп маңайларын басқызбады. Ал күзде Обалының дөңіндегі 70 гектардың егінін бір түнде ту-талақай етіп жинап алды. Баяғы кеңшардың дүниесі деп ойлады ма екен? Көзге түскенді сұрауы жоқ, бұрауы жоқ ала беруші еді ғой, оған жекеменшік иесі шыдай ма? “Бастан құлақ са­дақа” деді ме екен, келесі көктемде төбе көрсеткен жоқ. Осында біреулер жеке шаруашылық құрамыз деп талпынып көріп еді, оларынан түк шыққан жоқ. Сөйтіп, әрі тарт, бері тарт болып жүргенде бір қу бүкіл жеріміз­ді банкке кепілдікке қойып, сатып жіберіпті. Осыған үкімет кінәлі ме? Бар болса, көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын өзіміз кінәліміз. Директордың ештеңесі кеткен жоқ, іскер жігіт еді, мына көрші ауданда бір шаруашылықты басқарып, жұмысын дөңгелетіп отыр. Сорлап қалған өзіміз.

Осылай үшеуі тілге оралған сөзді ірікпей бірін-бірі жөптеп, біраз жерге барды. Түннің біраз уағына дейін көз ілген жоқ. Негізінен сөйлеп отырған Жанатай, ара-тұра “шаршаған жоқсыңдар ма?” деп сұрап қояды. Олар да ауыл балалары ғой, мына әңгіме жанды жерлеріне тиген сияқты, мұның аузына қарап отыр.

– Қанша дегенмен мына заманда жалғыз үй тұру оңай емес қой, Жанатай, сен жүрек жұтқан жан екенсің!

– Осындай нағыз патриоттардың аздығынан ғой сорымыздың қайнап қалғаны! Жалпы бұрынғылар “қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын” деп бекерге айтпаған ғой, осыған мен сөзі сұйық дегенді де қосар едім, тілде сүйек жоқ, жайшылықта ділмәрсиміз, ал іске келгенде тайқып шыға келеміз.

– Байқаймыз, тұрмысың жаман көрінбейді, мал бар ма?

– Ауылда тұрған соң, ауыл деген сөз аузыма түсе береді, жалғыз үйді қалай атайды екен, мал ұстамай болмайды ғой. Жалғыз қалдым деп қарап отыруға бола ма? Балалар бар, оларға да көмектесу керек. Жалпы, мен еңбекке араласқалы бір күн қарап отырған адам емеспін. Елу шақты жылқы, қырық-елу қой бар.

– О-о, кішігірім помещик екенсің ғой?

– Помещигі бар болсын! Шынымды айтсам, кейде осының бәрін тастап кетіп қалғым да келеді. Жіпсіз байланып, ағайын-туғанмен, былайғы жұртпен араласудан да қалдым. Жолдасым ара-тұра балаларға барып келеді, менде ол да жоқ. Малға қарасатын біреуді іздестіріп көріп едім, ондай адам табыла қоймады. Айдалаға кім келеді?! Әсіресе, қыста қиын, бес-алты ай бұл жақтың жолы жабылады. Әйтеуір, ескі де болса, тракторым бар, керек-жарақты анда-санда сонымен барып алып келемін.

– Сөз сыңайыңа қарағанда түбінде бір қозғалатын сияқтысың ғой?

– Қозғалып қайда барамын, “жынды” атансам да осында отыра беремін.

– Ондай сөзді кім шығарып жүр?

– Кімнің аузына қақпақ боласың?! Есі дұрыс адам ауылдың жұртында отырмайды деп ойлайтындар бар шығар? Өткен жазда зираттан шығып келе жатсам, іргедегі шоқтың баурайына жидек теруге тоқтаған болуы керек, бір топ адам мені көріп қалып, көліктеріне отыра сала, алды-арттарына қарамай тұра қашты. Олардың не ойда кеткенін кім біледі? Кім не десе, о десін. Қозғалмаймын. Қаладағылардың жайы белгілі, олардың тірлігіне екі-үш күннен артық шыдай алмаймын. Маңайдағы ауылдағылар да оңып жатқан жоқ, екі қолға бір күрек таба алмай сенделіп жүргендер қаншама?! Бар күректі ұстағысы келмейтіндер де көбейіп кетті. Мүмкін… қазір кей жерлерде ауылының қадірін түсінгендер қайта айналып қазығын тауып жатыр ғой, Қоскөлдің де шашылған тарыдай тентіреп кеткен ұл-қыздарының ішінен есін жиып еліне оралатындар табылып қалар? Оңай емес. Үлкендер жалғыздық құ­дайға ғана жарасқан деуші еді ғой. Жалғыз үй тұрғанның несі жақсы дейсіз. Осы жазда өтіп бара жатқан бір отбасы соқты. Жағалай көк майса ғой, соған қарап тұрып “мына жер курорт екен” дейді. Иә, курорт! Басынан бағы ұшпаса, ауылға не жетсін!

Сайлаудың екі көзі Жанатайда. “Ауылдың намысын жыртып, жалғыз үй отыр. Сөзбен орақ орып, ауылым деп еңірегенде етектері жасқа толатын талайлар әлдеқашан табанын жалтыратқан. Бұның қозғалатын ойы жоқ. Қызық адам! Мүмкін, шынында да басының бірдеңесі бар шығар?”

– Әйтеуір, ауылда отырған соң, жұрт сияқты несие алып, бір істі бастап көрмейсіз бе? Мал сатып алып дегенім ғой…

– Ондай ой болған. Бір жапырақ қағазға жазып берген құжаттарын жинаумен жарты айым өтті. Одан комиссия деді. Онысына да бардым. Ұзын сөздің қысқасы-пәк деді, шәк деді, сізге несие бере алмаймыз деді. Сосын қолды бір сілтеп, ол мәселені жылы жауып қойдым. Сұрақтарыңа шама-шарқымша жауап берген болып жатырмын. Ал енді менің де көңілімде жүрген түйткілдер бар, солардың шет жағасын шығарсам қалай қарайсыңдар? Жалғыз жүрген адамға ой серік қой. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды… Жарайды, бас жаққа барыспайақ қояйық. Ал енді мынаны маған түсіндіре аласыңдар ма, кейде осы үкімет байлардың ғана жағдайын ойлай ма деп қаламын, ақшаны солардың басына құйып жатыр, әлгі субсидия дегені бар ғой, соны тек шіріген байларға ғана береді. Осында не сыр бар?

Сайлау мен Алтай біріне-бірі қарағыштап, жауаптан тосылып қалды. Жанатай жемтігін аңдыған қырандай жай да қысық көздерін сығырайтып, екеуін аңдып отыр. Жақ­сы өмір іздеп ауылды қалаға айырбастап кеткен екеуіңді сүріндірдім бе, бәлем дегендей, қоңырқай жүзін мысқыл шарпып өтті.

– Түсінбеймін! Мына орталықта Кириенко деген ірі кәсіпкер бар. Баяғының помешигі ғой, малында сан жоқ, бір өзі бұрынғы бір ауданның егінін салады. Былай айтқанда, шаруашылығы шатқаяқтап жатқан жоқ, өз қолы өз аузына жеткен адам. Ал үкіметің соған жыл сайын миллиардтап әлгі не еді…

– Субсидия.

– Иә, субсидия береді. Сорлы қазақ бес жүз мың теңге несиеге қолын жеткізе алмайды. Сол өнімімен осы елді жарылқап жатса жарайды ғой, қытайлықтар мен мына көрші ресейліктердің аузы майланып жатыр. Осыны түсінбеймін?! Жарайды, одан хабарсыз болып шықтыңдар, онда мың ойланып, мың толғанып жауабын таба алмай жүрген тағы бір сауалым бар, мынау өзі мылжың екен деп ренжімесеңдер, қояйын.

Жанатай жымиған болып еді, бірақ жүзі жыли қоймады.

– Қойыңыз, қойыңыз!

– Өткенде газеттен оқыдым, Қазақстан байлықтың астында жатқандардың саны жағынан әлемде көш бастаушылардың қата­рына қосылмағанмен, бел ортаға ілігіпті. Тізімін де беріпті. Қарап отырсам, көк қағаздан көрпе жамылып жатқандардың дені биліктің басындағылардың қатын-балалары немесе жақын туыстары екен. Осыны түсіндіріңдерші?

Сайлау мен Алтай тағы да біріне-бірі қарады.

Осылай іште тұншығып жатқан запыран­ды ақтарып, біраз шерін тарқатып алған Жанатай алдында отырған Сайлау мен Алтай қалғып-шұлғи бастағанда ғана тізгін тартқан. Сосын ол: “Қой, шаршаған шығарсыңдар, демалыңдар” деп, қонақтарын жай­ғастыруға кірісті. Таңертең “аңшылар” ұйқыдан тұрғанда Жанатай үйде жоқ еді. Ерте тұрып пеш жаққан-ау, сірә, үйдің іші жып-жылы. Бұлар жуынып-шайынғанша ол да келді. Қолында – шүпілдеген бір шелек сүт.

– Малды өріске айдап келдім,– деді ол. – Жер кең, алысқа ұзай қоймайды. Қалай демалдыңдар, ұйқыларың қанды ма?

– Шіркін! Ауылдың ауасы бөлек қой, қатып қалыппыз!

– Несін айтасыңдар, ауылға не жетсін! Айтпақшы, асықпасаңдар, жатыңдар. Күн ашылған сияқты. Оның үстіне құрқол кетіп барасыңдар. Ертең үйдегілер күлмей ме? Мына тиіп тұрған шоқтардың іші толған аң, қасқырдан басқасының бәрі бар.

– Біздікі қайбір аңшылық дейсің, әйтеуір ауыл жаққа келіп кетудің бір амалы ғой. Мауқымызды бастық. Аманшылық болса, жазда тағы соғармыз.

– Келіңдер, келіңдер!

…Жанатай бозды қуалап ұзай берген қара “Джип” көзден таса болғанша орнынан қозғалған жоқ.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp