Петропавлда “Баста!” форумы өтті. Алғаш рет онлайн форматта ұйымдастырылған шараға 150 адам қатысты. “Баста!” форумын 2019 жылдан бері облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді.
Форумда баяндама жасаған кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов биыл “Бастау Бизнес” жобасының қолға алынғанына 5 жыл толғанын атап өтті. Облыста осы уақыт аралығында 1,6 мың жеке кәсіпкерлік нысаны пайда болды. “Бастаудың” түлектері 2,1 млрд. теңгенің өнімін өндірді.
“Мектеп және балалар киім тігін фабрикасы” ЖШС-нің директоры Әлия Башеева бизнес бастау ешқашан кеш емес екенін айтады. Бастысы – нарықты жан-жақты зерттеу қажет.
– Кәсіпкер атанғаныма көп уақыт өте қойған жоқ. 29 жасқа дейін банкте жұмыс істеп, түрлі деңгейдегі қызметті атқардым. Қаржы саласында жүріп, дәмхана аштым. Кейін банктегі қызметтен қол үзуге тура келді. Сол кезде ескі достарыммен кездесіп, мектеп формасын тіге бастадық, – дейді Әлия Башеева.
Форум қашықтан өткеніне қарамастан кәсіпкерлер спикерлерге өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Кейбірі, тіпті білікті бизнесмендермен әріптестік орнату үшін жеке кездесудің уақытын да белгіледі.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.