«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қырдың қызғалдағы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Туған ауылым дөңде орналасқан. Еңіс жағын алқа деп атаймыз. Ерке Есіл ауылдан 3-4 шақырым жерде. Есімді білгелі көктемде тасымай қалған кезі жоқ. Бұған шөп бітік шығады деп үлкендер жағы қуанса, балықшылар ойдағы көлдерге балық толады деп алақандарына түкіріп отырады. Ал біз сияқты қара-домалақтардың шаттығы мүлдем басқа. Қарбасқан деп аталатын тоғайға апаратын жолдағы майсада гүлдер түкті кілемдей күрең қызыл болып бұрқырап шығатын. Сол гүлдерді біздің ауылдың адамдары қызғалдақ деп атайды. Әлі күнге солай. Мамырдың 20-на таман гүл шығып, 3-4 күннің ішін­де солып қалады.

Менің замандастарымның мектеп бітірер шағы дүниенің қат кезіне тап келді ғой. Соған қарамастан соңғы қоңырауда мұғалімдерге сыйлық іздеп қиналмайтынбыз. 1995 жылы мектепті аяқтағанда 9 жыл бойы білім берген ұстаздарымызға даланың әсем қызыл гүлін сыйла­ғанымыз есімде. Сол сәттегі өзіміздің де, мұғалімдердің де қуанышы әлі күнге көз алдымда.

Алқа гүлге оранған кез­де ауылға жолым түспегеніне биыл 26 жыл толыпты. Соңғы кездері “Қызыл кітапқа” енген қызғалдақ біздің ауылда да өсуші еді ғой деп ізденуіме баспасөз бетінен оқыған мақала түрткі болды.

Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылында өсетін гүлді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіндегі биология кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Тілеубергеноваға көрсеттім. Оның айтуынша, бұл лалагүлдер тұқымдасына жатады, қызғалдақпен аталас болғанымен, атауы басқа. Шатыраш секпілгүл. Сирек өсетін гүл. “Қызыл кітапқа” енбесе де құрып кетудің аз-ақ алдында.

– Біздің өңірде секпілгүлдің 3 түрі өседі. Олар: шатыраш, орыс және кішкентай секпілгүл. Көпжылдық шөптесін өсімдік. 15-35 сантиметрге дейін жетеді, бір сабақта бір гүл, кейде екеу байланады. Орманның шетінде, өзеннің жайылмалы алқаптарында, далалы аймақтарында кездеседі. Бірақ соңғы кездері көп жерлер егістікке деп жыртылғандықтан азайып барады, – дейді Гүлнәр Сейітқасымқызы.

Бір өкініштісі, университет ғалымдары өңірдегі флораны зерттеуге сирек шығады. Көктем кезінде күнделікті жұмыстан, яғни емтихандардан босамағандықтан, тек жазда ғана зерттеулеріне мүмкіндік туады. Бірақ бұл кезде ерте гүлдейтін өсімдіктер солып қалады. Ең өкініштісі, жерді орынды-орынсыз жыртып талай байлығымыздан айырылдық дейді мамандар.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, олар мемлекеттік орман қорына кірмейтін аумақтардағы өсімдіктерді қорғай алмайды. Яғни, жайылым мен шабындықтардағы гүлдерді қамқор­лыққа алу үшін ол “Қызыл кітапқа” еніп, мемлекет қорғауына алынуы тиіс. Сонда ғана табиғи байлық ретінде қарап, жұлуға тыйым салынар еді.

Осы кезге дейін облысымыздың басқа жерлерінде секпілгүлдің өске­нін естімеппін. Егер, сіздер білсеңіздер, хабарласыңыздар. Табиғатымыздың бізге берген сыйын сақтап қалайық!

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp