“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен саяси кеңес бюросының отырысында жыл сайын 5,8 мыңға жуық жас маманды жұмысқа орналастыру міндеті қойылды. Жастарды қолдау бағдарламасын іске асыру бойынша нақты 5 бағыт айқындалып, кешенді іс-шаралар арқылы оларды еңбекке тарту көзделген. Бағдарламаны әзірлеу кезінде 300-ден астам ұсыныс түсіп, үштен бірі қабылданған.
“Jas Otan” жастар қанаты өңірлік филиалының жетекшісі Біржан Құдайбергеновтің айтуынша, облыста 14-28 жас аралығындағы жастардың саны – 98910. Бұл – облыс тұрғындарының 18,2 пайызына тең. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы студенттердің саны – 18224 адам. Жастарға арналған жобаларда азаматтық белсенділікті арттыру, сапалы білім беру, жұмыспен қамту, жас отбасыларын қолдау және қолжетімді баспана ұсыну, жеке тұлғаны қалыптастыру, бос уақытты тиімді өткізу мәселелері жан-жақты көрініс тапқан.
Алда тұрған асқаралы міндеттерді жүзеге асыру үшін облыстық, қалалық және аудандық жол карталары жеке-жеке әзірленген. Тұтастай алғанда, 775 кешенді іс-шараны іске асыру жоспарлары айқындалған. Облыстық жол картасы 34 нақты индикатордан және 72 кешенді іс-шарадан тұрады.
Бағдарламаның негізгі бағыты – жастарды тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету. Осылайша жол картасы шеңберінде жыл сайын кемінде 5,8 мың жасты жұмысқа орналастыру, 1,5 мыңын бизнес ашу дағдыларына үйрету, “Бастау бизнес” және “Жас кәсіпкер” жобалары шеңберінде 500-ден астам кредит пен грант бөлу, өнеркәсіп салаларында жаңа кәсіпорындар құру жоспарланған. Студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да ерекше көңіл бөлінеді. Қазір өңірлік жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Биыл 73 зертханасы бар заманауи оқу-зертханалық корпустың құрылысы аяқталады. Жоғары оқу орны студенттері үшін 500 орындық 2 жаңа студенттік жатақхана салынады. Сонымен қатар қала колледждерінің шәкірттері үшін 488 орындық 2 жатақхана бой көтереді.
Саяси кеңестің бюро отырысында Құмар Ақсақалов алда тұрған бірқатар міндеттерді белгілеп берді. “2017 жылмен салыстырғанда облыс мектептері түлектерінің тысқары жерлерге кетуі 30 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеді. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында ауылдарда мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешу ойластырылған. 2014 жылдан бері қолға алынған “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне 1546 жас оқуға түсті. Дене шынықтырумен және бұқаралық спорт түрлерімен айналысатындарға да үлкен қолдау көрсетіледі. Спортшы жастарға арналып 3 мың орындық спорт сарайы салынады. Басқа да спорттық нысандар бой көтереді. Жастардың бұқаралық спортпен қамтылуын 45 пайызға дейін жеткіземіз”, – деп атап өтті Құмар Іргебайұлы.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“Nur Oran” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.