«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨСЕУ ХИКАЯСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданында Жандос Мәдиқажы есімді аза­мат тұрады. Тоқсаныншы жылдары Моңғолиядан атажұртқа ат басын бұрған көштің алғашқы легімен келген. Ел ішінде сыйлы, сөзі өтімді жандардың бірі. Қолы алтын, ұлттық бұйымдар жасап, қолөнерді дамытуға атсалысып жүр. Ән айтып, өлең жазатыны да бар. Тек бәзбіреулер секілді жазғанын жариялауға асықпайды. Майын тамызып сөйлейтін әңгімеші, ешкімді бөле-жармай, үлкенді де, кішіні де құрдас қыла алатын ақкөңіл. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Оқырмандарға Жандос Мәдиқажының құрдастық қалжыңға құрылған әңгімесін ұсынып отырмыз.

Елге көшіп келгелі екі үш жыл­дың жүзі болған, 25-26 жастағы кезім. Ақжар ауданындағы Тұғыр­жап ауылына 20 түтін қоныстандық. Басында біраз тосырқасақ та қазақы болмысынан ажырамаған ауылдың ақжарқын тұрғындарымен тез тіл табысып, етене араласып, туыстай болып кеттік. Ауыл адамдары өте ақкөңіл, бауырмал ғой. Аузын ашса жүрегі көрінеді. Шағын ғана елді мекен. Туысындай күтіп алған ағайынның көңіліне ризамыз. Біз білмейтін әдет-ғұрып, салттары бар екен, жете түсінбесек те біз де шамамыз келгенше ұстануға тырыстық. Соның бірі “ескі жаңа жыл”. Қаңтардың 13-інен 14-іне қараған түні үлкен ағам Кəукеннің ұлы Нағашыбай інім екеуміз мәнін жете түсінбесек те, əйтеуір, достарымыздан естіген соң атап өтейік деп шештік. Әкемнің ит терісінен тігілген ескі ішігін теріс айналдырып киіп алдым. Інім де мен сияқты ескі күпіні іліп алған, бет-аузымызды адам танымастай қылып тұмшалап алдық. Үш-төрт үйге кірдік, көбі түрімізге мəн берген жоқ, жөн білетіндері қарқылдап күліп, көптен күткен қонақтардай қарсы алады. Есіктен кіре “Сейм, бейм, паси­баем” деп айқайлаймыз (дұрысы “Сеем-веем, посеваем” екенін кейін ұқтық қой). Əйтеуір, осы сөзді шала-пұла жаттап алғанбыз. Сайрап қоя береміз, үйдің отағасы немесе əйелі келіп дорбамызға ақша, кейбіреуі кəмпит-тəтті, шиша салып беріп жатыр. Осылай шағын ауыл ішін аралап кеттік. Əуелі көрші отыра­тын жездем Дөрбет үйінен бастаған­быз. Олардан ештеңе болмады. Бір уыс бидайды есіктен шаша сала тұра қаштық. Жездем артымыздан қуып келеді. Бауырымды ұстап алды. “Анауың кім?” – деп оны умаждап жатыр. Əйтеуір, інім менің кім екенімді айтпағасын, мені қуа жөнелді. Жездеме əлім жететінін білемін, келе бергенде қапсыра құшақтаған күйі жамбасқа салып, жерге бір-ақ соқтым. Жездем: “Ойбай оң­баған қолымды сындырдың”, – деп ойбайлап қала берді. Оған қайырылып қараған біз жоқ, ары қарай үй аралап жүріп кеттік.

Солай қызды-қыздымен бір көшені бітіріп, замандасым Жұмақанның үйіне тарттық. Жаңа салынған зəулім үй. Кіреберіс бөлмеде жа­рық жоқ екен. Есікті сипалап тауып, ішке кірдік. Ботагөз құрдасым лапылдап жанған пешті көсеп отыр екен, кіре сала екеуміз бірдей жаттаған сөзімізді қайталап қақылдап тұрмыз. Бізге жалт қарады да: “Жаңа ғана екі-үшеуі бидай шашып, үйді былықтырып кетті, шашпаңдар, шашсаңдар жандарыңды шығарамын”, – деді. Біз тақылдап тұрмыз: “Сейм, бейм пасибаем…”. Еш­теңе беретін түрі жоқ. Теріс қарап лапылдаған пешті көсеп отыр. Шамасы нан жаппақ. Қарап тұрамыз ба, бір уыс бидайды төрге қарай шашып жібердік. Сол-ақ екен қолындағы көсеуін алып бізге тұра ұмтылды. Онысының ұшы қып-қызыл екен. Ойланып тұратын уақыт жоқ, жан тəтті, есікке таласа ұмтылдық. Ыс­тық көсеуді көргенде денем шымырлап кетті. Есіл-дертім далаға шығу. Жолбарысша атылған Ботекеңнің аяғы мен аузы қатар қимылдап, ақты-көктісін ақтарып, жауға атылған батырдай көсеуін ұстаған күйі ұшып келе жатыр екеумізге. Дүние кинодағыдай астан-кестен болып кетті. Ботекең­нің даусы үйді жаңғыртып жіберді. Қолында ұшы қып-қызыл көсеу. Сипалап жүріп қараңғы бөлмеден есікті əзер тауып, сыртқа атылдым. Есік тарс етіп жабылды да, Ботекеңнің үні естілмей қалды. Жан-жағыма қарасам бірге келген бауырым жоқ, жүрегім дір ете түсті. Кіреберіс қараңғы бөлмеде қалды ма, əлде қолға түсті ме, өзінің денсаулығы нашарлау еді, құлап қалды ма де­ген ойлар қатарласып келіп жатыр. Қолға түссе тұяқ серпіп айқайлау керек қой, ондай дыбыс шыққан жоқ деп өзімді-өзім іштей жұбатып қоямын. Терезеден бір барлап қайт­тым, ештеңе білінбейді. Басым салбырап не істерімді білмей қораның жанынан өтіп бара жатсам, екі иінінен демалып інім тұр. “Бері келіңіз, аға, мен мұндамын”, – деген дауысы əзер естілді. Күйген шүберектің иісі білінеді. Қос қолымен майлы жерін басып алған. Жан бер­мек оңай ма, қып-қызыл көсеу тиген сәтте жайшылықта жүрісі шабан бауырым менен бұрын далаға атып шыққан екен. Қызған көсеудің “құдіретімен” қараңғы бөлмеден есікті қалай тапқанын өзі де түсінбей қалған сияқты. Екі бейбақ жаралы болсақ та, бір-бірімізді аман тапқанымызға риза болып, үйге тарттық.Үйге келсек, қолын ұстап алған жездем отыр бізді күтіп. Үйдегілер де жабылып ұрсып жатыр. Біз жауды жапырып келгендей мəзбіз. Əйтеуір, қолы сынғаннан аман екенін көріп қарқылдап күліп алдық.

Осы оқиғадан кейін үш-төрт жыл­дан соң ауылдың ақсақалы – баяғы Ботагөз құрдасымның атасы Тілеулес ағамның үйінде қонақта отырмыз. Ол кезде əкемнің көзі тірі, мені ауылға молда етіп сайлаған кез. Дастарқан басындамыз, қарсы ал­дымда майысып Ботагөз құрдасым шай ұсынып отыр. Есіме баяғы көсеу елестеп кетті. “Осыдан 3-4 жыл бұрын осы қолыңмен қызған көсеуді құйрығы­ма басып ала жаздаға­ның есіңде ме, құрдасым?” – демеймін бе. Күлкі қысқан Ботекең шайды қоя салып, дастарқан басынан тұра қашты. Жұрт қыран-топан күлкіге батты. Менен егжей-тегжейін сұрап жатыр. Анам марқұм: “Құлыным-ау, байқамай жазым бола жаздапсың ғой”, – деп мені шынымен аяп отыр.

Бұл əңгіме ауыл ішін кезіп кетті. Бас қосқан жиындарда міндетті түрде осы əңгімені айтып күлетінбіз. Содан кейін Ботагөз құрдасым мені көрсе бетін басып тұра қашатын болды. Кейін келе отырыстарда: “Байқа, құйрығыңа қызған кө­сеу басып аламын”, – деп маған қоқи­ланып əзілдейтінді шығарды. Қазір көсеу көрсем осы оқиға есі­ме оралады.

Жандос МӘДИҚАЖЫ.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp