Төрткүл дүниенің қай бұрышына зер салсақ та, ауызсу тапшылығы артып, бірқатар қиындықтар туындап отырғанын байқау қиын емес. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне сүйенсек, әлем тұрғындарының 70 пайызы суға зәру. 2,5 млрд. адам шөлін басып таза су іше алмай отыр. Өндіріс орындарының көбеюіне байланысты тіршілік нәрін пайдалану көлемі тіпті өсе түспек. Сарапшылар алдағы бес жылда Орталық Азияда су үшін тартыстың өршитінін алға тартады. Оның ақыры су дағдарысына соқтыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Қаржы бар, қайтарымы төмен
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталды. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған елімізде судың 40 пайызы далаға кетіп жатқаны мысал ретінде келтірілді. Осы себепті саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологияларды енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу туралы тапсырма берді. Тәуелсіздікке қол жеткізілгелі ауызсумен жабдықтаудың түрлі бағдарламаларына 1 трлн. теңге жұмсалған. 2000 жылдан бері бұл бағытта кешенді іс-шаралар атқарылып келеді. 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынған. 2025 жылға таман республика тұрғындарын ауызсумен толық қамту міндеті тұр.
Былтыр біздің өңірден сайланған Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов ауызсу тапшылығы мәселесін көтеріп, Премьер-Министр Асқар Маминге сауал жолдады. Ерік Хамзаұлы келтірген мәліметтерге сәйкес елімізде 1,2 млн. адам ауызсу зардабын тартып келеді. 2,5 мыңнан астам ауылдық жерде әлі күнге дейін сапалы су жоқ. Оған мемлекеттік бағдарламалардың бақыланбауы және 2019-2020 жылдары бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмеуі себеп болған. Депутаттық сауалда: “Солтүстік Қазақстан облысында су құбырларының 67 пайызы немесе 1955 шақырымы толығымен тозған және топтық су құбырлары жүйесінің ескіруі төтенше жағдайлардың туындауына соқтырып отыр. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 200-ден астам елді мекендерінде ауызсу тапшы. Магистральдық құбырлардың тозуына байланысты тасымалдау кезінде су шығынының жалпы көлемі 65 пайызға дейін артып кетеді”, – делінген.
Еліміз бойынша сапалы ауызсу жайының өте күрделі екеніне қарамастан республикалық ведомство басшыларының алаулатып-жалаулатқан мәлімдемелері таңдандырмай қоймайды. Мәселен, 2020 жылдың соңында өткен Үкімет отырысында 16 жылда ауылдарды дамытуға түрлі бағдарлама шеңберінде 2 трлн. теңгеге жуық қаржы бөлінгені айтылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында ауылдарды сапалы және қажетті мөлшерде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға, жаңғыртуға 934 млрд. теңге көзделгенін хабарлады. Республика аумағындағы 6341 ауылдың 4078-і орталықтандырылған сумен жабдықталғанын білдік. Тіпті “Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарында кейбір қала халқы орталықтандырылған сумен толық қамтылған” деген шындыққа аса жанаса қоймайтын ақпарат та айтылып қалды. Ал бөлінген қаражаттың 50 пайызы неге игерілмей қалғаны туралы сұраққа жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы, сот шешімдері, мердігердің дұрыс таңдалмауы деген жауаптар айтылды.
Сегіз жылғы сергелдең
Преснов топтық су құбырын қайта қалпына келтіру 2014 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанымен, әлі аяқталатын түрі көрінбейді. 2019 жылы жұмыстарды орындау қарқынының төмендігіне орай 2,9 млрд. теңге бюджетке қайтарылған. Былтыр жобаны жалғастыруға 1,1 млрд. теңге қарастырылып, ол да толық игерілмей қалған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтың сөзіне қарағанда, өңірде 247,5 мың тұрғыны бар 398 елді мекен орталықтандырылған су желісіне қосылған. Бұл – барлық ауылдардың 62,7 пайызы. 2021-2025 жылдарға арналған облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспары аясында таза су бағдарласына 30 млрд. теңге бағытталады. Бұл 84 мың тұрғыны бар 78 елді мекенді қамтуға мүмкіндік береді. Жыл аяғына дейін 50-ден астам ауылға жаңа құбыр тартылып, су жүйесі жақсартылмақ. Оған ел қазынасынан 11 млрд. теңге бөлінген. Басқарма басшысы Преснов елді мекенінде осы жылдың екінші жартыжылдығында су торабы іске қосылады деп қос алақанын ысқылап отыр. Алайда жаздың ыстығында тағы да сусыз қалған Жамбыл ауданы тұрғындарының бұл сөзге сенгісі жоқ. “Жыл сайын қомақты қаржы бөлінгенімен, жаңғырту жұмыстары сылбыр жүргізіліп келеді. Преснов топтық су торабын қайта қалпына келтіру жұмыстарының басталғанына бақандай сегіз жыл болды. Мердігерлер жиі ауысады. Олардың жауапкершілігінің төмендігінен 33 мың тұрғыны бар ондаған ауыл сапалы суға қол жеткізе алмай отыр. Қазіргі шабан қимылдарына қарағанда шілде айына дейін аяқтаймыз деген сөздері сылдыр суға ұқсайды”, – дейді пресновтықтар бір ауыздан.
Преснов су құбыры 1975 жылы пайдалануға берілген. Жер астындағы құбырлардың әбден тозығы жеткен. Бастапқыда португалдық қаржыгерлер инвестиция құйғанмен, белгісіз себептермен бас тартқан. Содан бері бірі келіп, бірі кеткен инвесторлар мен мердігерлерді санамалап шығу қиын. Еске сала кетсек, 2020 жылдың желтоқсан айында, яғни жаңа жылдың алдында су тарату құбырының жарылуына байланысты әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған ауызсумен қамту қызметінде оқыс оқиға туындаған болатын. Бірнеше күнге созылған су құбырының ақауын қыстың көзі қырауда жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы жұртшылықтың наразылығын тудырып, әлеуметтік желілерді ұлардай шулатқан. Енді екінші рет істен шығып, су тапшылығы тағы қатты сезіліп отырған жайлары бар.
Ауданның су шаруашылығы нысандары “Дания”-2014” ЖШС-нің құзыретіне берілген. Серіктестіктің жалпы қызмет көрсету қашықтығы 215 шақырымды құрайды. Ауылдар саны – 35. Бүгінде 6 мыңдай тұрғыны бар аудан орталығы Пресновка елді мекенінің өзінде су арнайы кестемен беріледі. Сәбит ауылында 1,5 ай, Майбалық ауылдық округінде екі аптадай су болмаған. “Дания” ЖШС-нің директоры Бақытжан Кәриев су тапшылығы жуық арада шешіле қоймайтынын жасырмады. “Ұзынкөлде орналасқан ұңғыманың техникалық төлқұжатына сәйкес сорғының қуаты сағатына 16 текше метр, яғни тәуліктік жүктемесі 384 текше метрге тең (384000 литр). Ол жерге қуатты сорғы орнатсақ, судың жоғары қысымына ескі құбырлар төтеп бермесі анық. Тағы бір себебі – сумен жабдықтау орталығына қосылған абоненттердің саны айтарлықтай ұлғайды. 2018 жылы 900 болса, биыл 1300-ге жетті. Су ысырабын, шамадан тыс тұтыну мөлшерін тежеу мақсатымен жеке аулаларға су құбырларын жалғау уақытша тоқтатылды. Су құбырларына заңсыз сорғы қосу, су ұрлау фактілеріне қатаң тыйым салынды”, – деген Бақытжан Тәлиұлы Пресновканы сумен қамту үшін ұзындығы 6 шақырым болатын су тартқышты ауыстыру керектігін айтты. Өйткені қуатты сорғы орнатқан кезде бұл учаске жүктемелерге шыдас бермеуі мүмкін. Серіктестік аудан әкімі Марат Ескендіровтың тапсырмасымен Ұзынкөл – Пресновка су құбырын алмастыруға жобалық-сметалық құжаттар әзірлепті. Алайда жергілікті жоба су ресурстары комитеті тарапынан қолдау таппаған.
Тіршілік нәрі тапшы
Өңірде тіршілік нәріне мұқтаж ауылдар аз емес. Қызылжар ауданына қарасты Чапаево ауылында ауызсу мәселесі өте өзекті. “Еңбек” бағдарламасы бойынша Айыртау ауданына келген қоныс аударушылар да тіршілік нәрін бір шақырымдай жерден тасып, қыста қар ерітіп ішуде. Бұл мәселе қала маңында орналасқан Якорь ауылында да шешілмеген. Тиісті орындар бес жыл бойы тұрғындарды алдарқатумен келеді. Становое елді мекенінде су мұнарасы жұмыс істемейді. Сорғы стансасын тұрғызуға 54 млн. теңге қажет. Бұлақ, Сарман, Волошинка ауылдарына жоспарланған су құбырларының қашан жететіні белгісіз. Шекара маңындағы елді мекендер де барынша әлеуметтік қолдауды қажет етеді. Ал осыдан оншақты жыл бұрын жасалған жобалықсметалық құжаттарға уақыт ағымына орай түзету-өзгерістер енгізілмеуінен тұрғындары көшіп, жұрты ғана қалған ауылдарға, керісінше су құбырлары тартылған. Жергілікті биліктің ұсыныстарын су ресурстары комитеті тағы да ескерусіз қалдырған. Жобалық-сметалық құжаттарды жаңартуды қажет деп таппаған. Осылайша былтыр пайдасыз жобаларға 74 млрд. теңге рәсуа болған.
Сала мамандарының айтуынша, сумен қамту жүйесін бірыңғай оператордың қарамағына беру әлдеқайда тиімді. Бұл міндетті бүгінде бірнеше мемлекеттік орган жүзеге асыратындықтан, қағазбастылық, бюрократиялық кедергілер көп. Жүйелілік жоқ дегеннен шығады, 12080 шақырым магистральға, 33 топтық су құбырына ие “Қазсушар” республикалық мемлекеттік ұйымы еліміз бойынша 6499 ауылдың 546-на ғана қызмет көрсетеді. Қалғандары түрлі меншік иелерінің қарамағында. Осы мәселені бірізділендірмей болмайды. Себебі бірыңғай оператор әрі тапсырыс беруші, әрі пайдаланушы ретінде құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуына мүдделі болары сөзсіз. Бюджет қаражаты да үнемделер еді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.