Ақан сері атындағы облыстық филармония 56-шы концерттік маусымын жапты. Шығармашылық ұжымның қорытынды концертінде күй төгіліп, ән шырқалды.
Концертте Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, “Қызыл жар” музыкалық, “Әлқисса” фольклорлық ансамбльдері өнер көрсетті. Мәдениет саласының үздіктері Нұрсұлу Ахметжанованың орындауындағы Әсет Бейсеуовтің “Сырласу вальсі” мен Дәмеш Құрманкина әуелеткен “Сезім сыры” әні тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
“Әдемі-ау”, “Туған жер”, “Мәңгілік” би ансамбльдері де өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. “Sensitive” би ансамблінің “Абай жаны” хореографиялық композициясы, дәстүрлі әнші Еркебұлан Қарыпов пен Мұхит Ахметов, Любовь Зорина, Асхат Таушев, Бақыт Ілиясов, Радик Синтиков, шығармашылық ұжымның қатарына қосылғанына көп уақыт бола қоймаса да, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген “MIAMI” тобының өнерпаздары кештің көркіне айналды. Концерттік маусым “Melomix” тобының орындауындағы “Сарыарқа”, Біржан Есжанның “Қызылжар ұраны” әндерімен қорытындыланды.
Мырзабай БЕЙСЕНҰЛЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 1-курс студенті.