Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 10 маусымда “Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының қазіргі заманғы форматтарын енгізу, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Ондағы мақсат – сот ісін, азаматтық процесті барынша оңтайландыру. Осы маңызды құжат аясында татуластырушы судья институты енгізіліп, оның алдына татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын азайту, дауды соттан тыс реттеуге халықтың қызығушылығын арттыру секілді іргелі міндеттер қойылды.
Бүгінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта бітімгер-судья штаты енгізілген. Татуластыру рәсімдерін жүргізудің өзіндік талаптары бар. Мәселен, талап қою арызын қабылдау өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қанағаттандырылуы тиіс. Талап қоюды қабылдау сатысында тараптар татуласқан кезде судья азаматтық іс қозғау және оны өзінің іс жүргізуіне қабылдау туралы ұйғарым шығарады. Келісімдер сот актісімен бекітіледі. Келісімнің шарттары ерікті түрде орындалмаған жағдайда кез келген тарап оны мәжбүрлеп орындату үшін атқару парағын беру туралы өтінішпен сотқа жүгіне алады. Кейде тараптар талап-арызды қайтаруды сұрап жататын жайтар да кездеседі. Бұл – олардың құқығы.
Жыл басынан бері татуластырушы судьяға барлығы 243 талап-арыз түсті. Мемлекеттік баж салығының төленбеуі, істің соттың қарауына жатпауы, тағы басқа себептерге байланысты 46 іс кері қайтарылды. 62 іс бойынша тараптар татуласты. Қайтарылған мемлекеттік баж мөлшері 8 млн. теңгені құрайды. Тараптар татуласуы мүмкін даулардың санаттары негізінен мынадай: келісімшарт, жалдау, сату-сатып алу, тасымалдау, сақтандыру, мүлікке меншік құқығы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, корпоративтік, сондай-ақ медициналық қызмет көрсетуге байланысты келіспеушіліктер. Ал мемлекеттік органдардың шешімдеріне және лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне шағым жасау, салықтық, кедендік, банктік даулар, мемлекеттік мүлік үшін жер учаскелерін алып қою, мүлікті тыйым салудан босату мәселелері судья-медиатордың құзыретіне кірмейді.
“Бүлінген елде дау бөлек, бейбіт елде сән бөлек” демекші, судья-медиатордың да ізгі ниеті, көздеген мақсаты – өзара бітімгершілік, татулық. Талапқа сай жабдықталған медиация кабинетінде татуласу рәсімі судья-медиатор мен процеске қатысушылар еркін орналасатын бірыңғай үстел басында өтеді. Мұнда қажет техникалар, жиһаздар, сауалнамаларға арналған жәшік қойылған. Алдағы уақытта татуластыру рәсімдерін роликтер арқылы көрсету жоспарланып отыр.
Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,
мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың төрағасы.