Бір апталық үзілістен кейін футболдан ел біріншілігі қайта жалғасты. 15-ші турда “Qyzyljar” клубы сырт алаңда қарағандылық “Шахтермен” кездесті. Бұл кездесуге дейін қос команданың турнирлік кестедегі жағдайы мәз емес еді.
Қарағандылықтар қатарынан 3 мәрте жеңіліс тауып, 13-ші орынға жайғасқан болатын. Ал солтүстікқазақстандық команда болса соңғы 3 ойында тек 1 ұпай еншілеп, 8-ші сатыға тұрақтағанды. Сондықтан қарсыластар матчтың алғашқы минуттарынан-ақ белсенділік танытып, жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Бірақ бірінші таймда таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Ойынның екінші бөлігінде алаң иелері Вячеслав Лобанцев күзеткен қақпаға бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Десе де есеп біразға дейін өзгермеді. Тек кездесудің 89-шы минутында ғана қызылжарлықтар алға шықты. Жерлесіміз Руслан Есімов алыстан нысананы дәл көздеді. Сырт алаңдағы жеңістен кейін “Qyzyljar” клубы турнир кестесінің 5-ші сатысына көтерілді.
Бахыт ХАЙРЛЫС,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенті.