Кез келген адам дәрігер бола алмайды. Өйткені қастерлі мамандық батылдықты, жауапкершілікті, біліктілікті талап етеді. Ал күн сайын аурумен бетпе-бет келіп, адам өмірін арашалауда ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерлікке пара-пар. Бұл орайда қаншама адамға өмір сыйлап, үміт сәулесін жаққан, антына адал Ерлан Ғалымов сынды білікті дәрігерлер мақтауға лайық.
Дәрігер болу – жауапты әрі мәртебелі мамандық екені баршаға белгілі. Ақ халат кию – Ерлан Бектасұлының бала күнгі арманы еді. Айыртау ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келген ол мектеп бітірген соң, ойланбастан медицинаны таңдаған. “Жігіттің жақсысы – нағашыдан” демекші, бұл мамандыққа қызығушылығының артуына нағашы атасы, дәрігер Бақытжан Аусатұлының да ықпалы зор болған сияқты. 2006 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне оқуға қабылданып, арманына бір табан жақындай түседі. Жоғары оқу орнын емдеу ісі мамандығы бойынша тамамдап, кейін интернатурада біліктілігін жетілдірді. Бүгінде ол Айыртау орталық аудандық ауруханасында хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, эндоскопист болып жұмыс істейді.
Хирургтың қолы – нәзік, көзі – қырағы, жүрегі – айбарлы болуы керек десіп жатады. Хирургтердің сырт көзге салқынқанды көрінетіні де жасырын емес. Алайда Ерлан Бектасұлымен аз-кем әңгіме барысында дәрігердің де жүрегі нәзік, жан күйзелісі болатынын ұғындық. Ота жасау – оңай емес. Медицина қателікті кешірмейді. Дәрігер ретінде адамның өміріне жауапкершілік алған соң, сенімді ақтау парыз. Кейде отадан кейін бірнеше күн, тіпті айлар бойы ауыр ойға батып, жүрек пен жүйкеге салмақ түсетін кездер аз болмайды екен.
– Жұмыс барысында түрлі қиындықтарға тап боламыз. Кейде ыңғайсыз жағдайлар да орын алады. Бірақ сабырлық танытып, науқастың көңілін табуға тиіспіз. Сондықтан дәрігер, ең алдымен, шебер психолог болуы қажет. Жаны қиналып, ауруға араша сұраған жандарға қол ұшын созу – менің дәрігерлік әрі азаматтық міндетім, – деген ол, хирургке тән негізгі қасиет – батылдық екенін айтты.
“Бірінші байлық – денсаулық” деген екен дана халқымыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, дәрігерден дертке медет сұраймыз. Ал Ерлан Ғалымов сынды мамандардың тынымсыз еңбегі қандай құрметке болсын лайық. Ақ халатты абзал жан біреуге жасаған жақсылығы мен қамқорлығын міндет қылған емес. Керісінше, науқастың тән жарасымен бірге жан жарасын емдеп, қолынан келгенше көмек көрсетуге асық. Жас болса да, өзінің біліктілігімен көзге түскен дәрігерге ұжымның құрметі де ерекше. Аға буын әріптестерінің ақыл-кеңесіне жүгініп, ортақ мәселелерді бірге шешеді.
– Ауру – адам таңдамайды. Күн сайын көмекке көптеген науқас жүгінеді. Оларға бір пайдам тисе, мен үшін сол бақыт. Науқастардың аурудан құлан-таза айығып, балбұл жанған жүзін көру – үлкен қуаныш. Сондықтан алдыма келген әр емделушінің сенімін ақтауға тырысамын, – дейді ол.
Отандық медицинаның дамуына үлес қосып жүрген алтын қолды дәрігер бүгінде мемлекет тарапынан жас мамандарға қолдау айрықша екенін айтады. “Дипломмен – ауылға!” жобасының қатысушысы ретінде көтермеақы алып, баспанамен қамтамасыз етілді. Зайыбы Жанар да – осы саланың маманы. Еңбек жолында табысқан ерлі-зайыптылар ұл мен қыз тәрбиелеп, бақыт құшағында тербелуде.
Ерлан Бектасұлының алға қойған мақсаты, жоспарлары аз емес. Қоғамның саулығы – ең басты құндылық екенін айтқан дәрігер бұдан да биік белестерді бағындырсам дейді. Бастысы дәрігердің жанкешті еңбегіне айыртаулықтар дән риза.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.