Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында құрылыстың қарқын алғанына куә болып жүрміз. Бұрындары облыс орталығында ғана көпқабатты үйлер бой көтерсе, бүгіндері аудан орталықтарында да мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана тұрғызылып, елді мекендердің ажарын кіргізуде. Бұл үрдістен Шал ақын ауданы да шет қалған жоқ. Соңғы 2 жылда аудан бойынша “Еңбек” бағдарламасы аясында 83 үй тұрғызылса, биыл тағы 56-сының құрылысы аяқталмақ. Бұған қоса аудан орталығында 15 пәтерлі 2 баспана тапсырылды. Бұл үйлерге ауданға келген 8 дәрігер мен кезекте тұрған тұрғындар қоныстанды. Осылайша тек өткен жылы ғана ауданда жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден астам баспана ел игілігіне берілді. Биыл тағы да 27 пәтерлік көпқабатты үйдің құрылысы басталмақ.
Сергеевка қаласында бір кездері көпқабатты үйлер көп болғаны белгілі. Өкінішке қарай, 90-шы жылдардағы тоқырау кезінде жылу болмай, қаңырап бос қалды, кейбірі қирағасын сүрілді. Ал қалғандары терезелері үңірейіп, қаланың сиқын қашырып тұрғаны белгілі. Сондықтан биыл орталықтағы 5 қабатты үйді қалпына келтіру басталды. 46 пәтерлік үйдің бір бөлігіне жөндеу жүргізіле бастады. Яғни, жыл соңына дейін 9 пәтері тапсырылады. Қазіргі күні мердігер компания ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарымен айналысуда. Олардың міндеті – толықтай қалпына келтіріп, пәтер иесіне кілтін тапсыру.
Былтар Сергеевка қаласында спорт ғимаратының құрылысы басталған болатын. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 472 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазіргі күні ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шілденің басында тапсырылады деп жоспарланған. Ашылысымен Сергеевканың тұрғындарына өздеріне ұнайтын спорт түрімен айналысуына мүмкіндік туады. Ғимараттың жалпы аумағы 1800 шаршы метр. Мұнда спорттың бірнеше түрінен секциялар өткізу үшін арнайы спорт құрылғылары мен ересектерге арналған бильярд залы орналасады. Айналасын абаттандырып, серуендеуге арналған жолдар төселмек.
Саят ОМАРОВ,
Шал ақын ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.