Солтүстік Қазақстан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бес ай ішінде 163 млн жуық теңгеге оңалту қызметі көрсетілсе, 266,1 млн теңге сомасына 5 939 адам тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде мамандандырылған медициналық көмекті амбулаториялық жағдайда 17 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы және екі көпбейінді облыстық аурухана, екі қалалық аурухана, «Есіл-диагностик» ЖШС көрсетеді.
Жыл басынан 2,2 млрд теңгеге 1 214 789 амбулаториялық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді, оның ішінде зертханалық және аспаптық зерттеулер, скринингтік зерттеулер, мобильді бригадалардың қызметтері бар. Ал қымбат тұратын КТ, МРТ қызметтері тек онкологиялық бағдарлама бойынша ғана 12,6 млн теңгеге 649 рет жүргізілген.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қалпына келтіру емінің және медициналық оңалту қызметтерінің санын ұлғайтқан. Мәселен, СҚО-да оңалту көмегін көрсететін медициналық ұйымдардың саны екі жыл ішінде 2,7 есеге артқан. 2018 жылы қалпына келтіру емін және оңалту қызметтерін көрсететін 9 ұйым ғана болса, биыл олардың саны 25-ке жетіп отыр. Бұл клиникалар биылғы 5 айда 162,9 млн теңге сомасына 9 291 қызмет көрсетті.
Жыл басынан облыста 100 мыңға жуық адам тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілді, 3,2 млрд теңгенің 330,5 мың рецепті жазылды. Оның ішінде МӘМС аясында 266,1 млн теңге сомасына 5 939 адам тегін дәрі-дәрмек алды.
https://www.inform.kz/