«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕАТР ТОЙХАНА ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Театр – тәрбие мектебі, ұлт рухының тірегі. Кез келген елді ерекшелейтін төл мәдениеті мен әдебиеті, салт-дәстүрі мен тарихы, рухани дүние танымы екені даусыз. Осы айтылғандардың бәрі театрға тән. Рухани азық алатын ордаға адамдар, ең алдымен, өзін тануға, қоғамның бір бөлшегі екенін ұғынуға келуі тиіс. “Театр – көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ”, – деген екен ақын Ілияс Жансүгіров. Өкінішке қарай, қазір той қуалаған көрерменнің ой салатын қойылымдарға деген ықыласы төмен. Театр әдебі де көп сақтала бермейтіні көңілге қаяу түсіреді.

Кез келген ортаның бағынатын заңы болады. Театрдың да өз талабы бар. Әлем елдеріне ортақ талап. Хас сұлудың көз жа­сындай тұнық өнерге баланатын ордада мәдениет сақтамау – үлкен әбестік. Алайда көрермен әртүрлі. Театрға келген кейбір адамдардың жағымсыз қылық­тарын көргенде ыңғайсыз жағдайға тап болатынымыз жасырын емес. Қойылым кезінде ұялы телефонның қайта-қайта шы­рылдауы, үйде отырғандай дауысты шы­ға­рып сөйлесу, спектакльге кешігіп келу сияқты кемшіліктер жиі орын алады. Құ­лаққап киген кейбір жастардың өз әлемі өздерінде. Көз сахнада болғанымен, ой басқа жақта. Кішкентай балалардың жы­лаған дауысы, орынсыз қол шапа­лақтау, шулау да адамды мезі етеді. Трагедия жүріп жатса, сап тынып, тыңдаудың ор­нына кейіпкерлермен жағаласа сөйлесіп, даурығатын көрермендер де жоқ емес. Тіпті кейбіреулері ауыздары салп-салп етіп сағыз шайнап отырады. Бұл біздің кө­рерменнің театр әдебінің тым төмен еке­нін аңғартады. Өнер ордасына қолына ілін­­генін киіп келетіндерге айтарыңыз бар ма? Бүгінде театрда жаттығу залына кел­гендей спорттық үлгіде киінген көрермен­дерді көр­сек, таңғалмайтын болдық.

Қауіпті індетке байланысты жариялан­ған карантиннен кейін өнер орда­лары есіктерін қайтадан айқара ашты. Жақында С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ саз­ды-драма театрында “Толық адам” спек­таклі сахналанды. Қоюшы-режиссері – жас дарын Фархад Молдағали. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылды­ғына орай кө­рерменге жол тартқан қойы­лымды тама­шалауға біз де мүмкіндік ал­дық. Сахнагер­лердің өнеріне айтылар сын болмаса да, қойылымды тамашалауға кел­ген көрер­меннің енжарлығы көңілге қаяу түсірді. Кешкі жетіде басталған спек­такльге кей­бірі кешігіп келді. Залда бар-жоғы 20 шақ­ты адам отырды. Көрерменнің аздығын ауру қаупі әлі де қайта қойма­ғанымен, қарттарымыздың вирус жұқты­рып алудан қауіптенетінімен ақтап алуға болар. Алайда осы санаулы адамның өзі қасиетті шаңырақты сағынып келгендер ме? Күмәнім бар.

Қойылым бітер-бітпесте есікке ұмтыл­ған қос сұлуды тоқтаттым. Олар банк қыз­меткерлері екенін айтты. Бір сағаттық спек­такльді тамашалауға шыдамдары әзер жеткен сыңайлы. Қош, есікке бет алған егде жастағы ерлі-зайыптыларды да сөзге тартсам, келінінің айтуымен театрға келгендерін жасырмады. Онда да ақшаға сатып алынған билет текке қалатын бол­ған соң келген. Сананы ақшаға билеткен біздегі көрерменнің сиқы осындай. Қойы­лымды тамашалауға құлықсыз көрер­мен­дерге қатысты сауалды сахнагерлердің өз­деріне де қойған едік.

– Мен театрда 21 жыл жұмыс істеп ке­ле­мін. Өнер ордасы құрылған 2000-шы жыл­дардан бері ара-тұра ауылдарда гастрольдік сапармен болып, спектакль қоя­мыз. Бірде қойылымның орта тұсына келгенде алдыңғы орындықта отырған үлкендердің бірі: “Болды енді, қолдарыңа домбыраны алып, ән айтыңдар” демесі бар ма? Сонда кейбір көрерменнің кон­церт пен драмалық қойылымды ажырата алмайтынын түсіндім, – дейді С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы, Мәдениет қайраткері Аида Сұпатаева.

Өнерді өсіретін де, өшіретін де – көрер­мен. Бірақ театрға өз еркімен келіп, би­лет сатып алатындар сирек. Бұл – халық­тың өнерге деген ықыласының төменді­гінің көрінісі. Театр қызметкерлері амал­сыздан кассадағы би­леттерді мекемелер­ді аралап жүріп, сатуға мәжбүр. Ал бас­тығының айтуымен билет сатып алып, ақ­шасы тегін кетпеуі үшін ғана театрға кел­ген көрерменде қандай ықылас болсын? Өнерпаздардың айтуынша, театр ашыл­ған алғашқы жыл­дармен салыстырғанда кейінгі кезде кө­рермендердің қатары тіп­тен азайып кет­кен. Оған түрлі жағдайлар әсер еткені белгілі. Мәселен, телефонға телмірген адамға қазір өзгенің бәрі қы­зықсыз болып қалғандай. Әлемдік киноин­дустрияның дамуы да бұл салаға өзінің салқынын тигізуде.

– Спектакль барысында телефон шы­рыл­дайды, иесі үйінде отырғандай сөй­лесе жөнеледі. Сахнада тұрған бізге те­лефон дыбысы ғана емес, жарығы да көп кедергі келтіреді. Ойымыз бұзылады. Екін­шіден, көрерменнің назары басқа жақта болса, іштей уайымдап, рөлді дұрыс сом­дай алмай қаласың. Көрермендердің қойы­лымға кешігуі де ыңғайсыз. Бұл – той емес, театр ғой, – дейді Аида Сұпатаева.

Өнерге төреші – көрермен. Олардың да айтар уәждері бар. Айдарбек Шұғаев есім­ді қала тұрғыны кейбір актерлердің жасан­дылығына көңілі толмайтынын жет­кізді. Айтуынша, жиналған жұртты бірден елітіп әкететін қызықты қойылымдар сирек.

– Көрермен барлығын байқап отырады. Кейде актерлердің өнері көңілден шық­пайды. Көріп отырып шаршап кетесің. Ал театрда іші пысқан адам не істемейді?! Қойылымның тезірек аяқталуын күтеді. Осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін шығармашылық ұжым жұмыстың сапа­сына баса назар аударуы керек, – дейді ол.

Көрерменнің пікірімен де санаспауға бол­майды. Алайда соңғы жылдары Қазақ­станның өзге өңірлерінде, шетелдерде өт­кен театр фестивальдарына қатысып, үз­дік атанған актерлер мен режиссер­лер­дің деңгейі төмен деуге әсте болмас. Ал­ма­ты­лықтар ынтыға тамашалаған спек­такльге біздің көрермендердің бар­мауы театр мә­дениетінің әлі де қалыптаса қой­мауынан десек, қатты қателесе қоймас­пыз. “Ән тү­зелді, тыңдаушым, сен де тү­зел”, – деп ұлы Абай айтқандай, театрда адамға ой са­латын, рух беретін, жақсы­лыққа ша­қырып, жамандықтан жирендіре­тін қойы­лымдар баршылық, тек соны түсі­не­тін кө­рермен кемшіндеу-ау деп қаласың.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp