Қазақстанда медициналық қызмет жарна мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған адамдарға қолжетімді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көмек алуға жүгінген науқастар үшін медициналық қызметтердің көлемі мен құны шектелмейді.
Біздің өңірде 17 алғашқы медициналық-санитарлық ұйым мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар екі көпбейінді облыстық, сонша қалалық аурухана, “Есіл-диагностик” серіктестігі бар. Аталмыш емдеу мекемелерінің мамандары уәкілетті орган айқындаған тәртіппен аурудың алдын алу бағытында медициналық тексерулерді, бейінді мамандардың қабылдауын, мобильді бригадалардың қызметтерін ұйымдастырады. Бейінді мамандар созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық бақылап, уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық қызмет көрсетіп, санитарлық-эпидемиологиялық, уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша зертханалық диагностика жүргізеді.
Жыл басынан бері МӘМС шеңберінде амбулаторлық деңгейде 2,2 млрд.теңгенің 1 214 789 кеңес беру-диагностикалық қызметі көрсетілді. Соның ішінде зертханалық және аспаптық зерттеу әдістері, скринингтік зерттеулер, мобильді бригадалардың қызметтері бар. Қымбат тұратын КТ, МРТ қызметтері тек онкологиялық бағдарлама бойынша 12,6 млн.теңгеге көрсетілді.
Тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлар (оның ішінде жоғары технологиялық) мен стационарды алмастыратын 22 ұйымда медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар облыстың барлық аудандық ауруханаларында стационарлық және стационарды алмастыратын қызмет бар. Өткен бес айда осы ұйымдардың медицина қызметкерлері 57992 науқасқа көмек көрсетті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қалпына келтіру және медициналық оңалту қызметтерінің санын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қор медициналық оңалтуды дамытуды, амбулаторлық деңгейде ынталандыруды жалғастыруда. Мәселен, облыста оңалту көмегін көрсететін медициналық ұйымдардың саны екі жыл ішінде 2,7 есеге ұлғайды.
2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында өңірде 99576 адам тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілді. Денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысы тұрғындарды сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы.