«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕНІҢ МЕЙРАШЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жалғыздық кімге жарасқан, әсіресе, кәрілік есік қаққанда жолдас, сырлас керек екен. Соны жаңа түсініп отырмын. Атасы барда өте бақытты едiм. Әңгімелесіп отырушы едiк…

Балалар өсіп, өз жолдарын тауып кетті. Қа­зір бұрынғыдай отырса ғой, деймін. Атасы деп отырғаным – марқұм жолдасым Мейраш Әбiлкәрiмұлы. Азан шақырып қойған шын аты – Мейрам. Мейраш деп анасы – Әзира Әл­сейітқызы атап кетіпті. Ал немерелер дүниеге келгенде, мен оған “атасы” деп ат қойдым. Ол кiсi Ыбыраев ауылында 40 жыл ұстаз болса, мен 40 жыл фельдшер болдым. Екеуміз 55 жыл бірге өмiр сүрдік.

Қартайған шағында әңгімешіл болып кетіп еді. Өтетінін біліп жүрді ме екен, бірақ мен сез­бедiм ғой. Елді аштық жайлаған жылдарды, киімі дұрыс болмағанын, бала болып ойнап-күлмегенін жиі еске алатын. “Сенің фельд­шер­лігің жақсы болды ғой: уколымды, систе­мамды, дәрімдi уақытында бересiң”, – деп бас­тап, әңгімеге үйіріп әкететін. Көзіне көрінбе­сем, мені іздеп жүруші едi.

Мейраш әкесi – Әбiлкәрiм Омбыда шойын жолда жұмысшы болып қызмет iстеп жүргенде дүниеге келіпті. Шешемнің айтуы бойынша, 1936 жыл болу керек. Жеке құжатында, туған күні 1938 жылдың мамыры 3-і деп жазылған. Кейiн мектепте ұстаз болып жүрген кезінде ауданнан құжат тексеруге адамдар келiп, күні мен айын ауыстырып 3 мамырды 5 нау­рыз деп жазып жiберiптi. Сөйтіп, көзі тiрiсiнде туған күнін екі рет тойлап жүрдік.

Мейраш үш жаста болғанда Әзира ше­шеміз бес баламен жесір қалады. Өйткені бір түні Әбiлкәрiмдi байдың баласы деп алып кетедi. Өзінің балалық шағын атасы былай деп еске алушы еді: “Мектептің бірінші сыны­бын он жастан асқанда бiтiрдiм. Герольд Бель­гер екеумізді қолымыздан жетелеп мектепке апарған әпкем – Күлшара Қасымқызы еді. Тұрмыстың нашарлығынан, 4-10 сыныптарда Ленин орта мектебiнiң жанындағы интернатта тұрдым. Ол кезде интернатқа 4-сыныпта оқи­тындарды алмайтын. Мектеп директоры Шияп Садықов аудан басшыларымен келісіп, 5-сынып оқушыларымен бірге тұрдым. Ин­тернатта сол уақытта 180 оқушы тұрдық.

Мектепте оқыған жылдары, үйге, жазғы демалысқа келгендегі оқиғалар жолдасым­ның есінде жақсы сақталыпты. Бірде қасқыр көргенін айтты. Ондай жағдай қалай есінде қалмасын? “Интернатта оқып жүргенде, жазғы демалыста интернатқа 500 текше метр отын да­йындауға баратынбыз. Бозат деген ауыл­дан 24 шақырым жерде бір орманшы тұрды. Бiз, 3-4 оқушы, Кәрім Құсайнов – басшы, тағы Ахмет деген шал – бәріміз отын дайындайтын бол­дық. Одан бiр күн бұрын Шияп Садықұлы: “Сен осылармен бiрге барасың, бұлар де­малғанда өгіздерiн бағасың. Ал өгіздi қасқырға жегiзiп алсаң төлейсің”, – деген болатын. Не дерiмдi бiлмедiм деген ойға батып.

1954 жылы алғаш комсомолға өткені де қызық естелік. Ол кезде іріктеу деген күшті болатын. Елеуiштен өткізгендей, жан-жақты тексеріп әрі жарғыны жақсы білетіндерге ғана сенім көрсететін. “Марьевкада Ақжан Ба­зарбаев деген кісі аудандық комсомол коми­тетінің хатшысы болды. Сынақтан өтіп, билет алуға бардық. Әйтеуір, абырой болғанда, бiз­ден барған комсомолға өтушiлердің бәрi би­лет алды. Сонда Ақжан Базарбаев маған: “Сен комсомол мүшесісің әрі класта басқару­шы­сың, сен тың игерушiлердi қарсы алатын бол! Мәдениет бөлмесін безендіру жұмысына қатыс!” – деген еді.

Бұл сөзді мектеп директоры естіп қалса керек. Шияп Садықов ауылға келген соң, ком­сомол қатарына қабылдануымызбен құттық­тап, маған: “Сен дала қосын көркейтуге және кітапхананы ұйымдастыруға басшы боласың,” – деді. Мен үшін күрделі жұмыс болса да қар­сылық білдірмедім. Интернатта да бiр кез­дейсоқ жағдай болса, мен жауап беретін едім. Не дегенмен тапсырма орындалды”, – деп бө­ліскен атасы.

Мейраш Шияп Садықұлын аузынан таста­маушы еді. Мектептi бiтiрiп, ауылдан кеткен­де, Шияп Садықұлы мектеп директоры болса, қайтып келгенде қызметі төмендеп қатардағы мұғалім ретінде математика пәнінен сабақ беріп жүр екен. Ұстазы жайлы тағы бір естелігі мынадай: “Бірде ұстазым Шияп Садықұлы: “Аллаһ акбар” деген не? – деп сұрақ қойды. Ол кезде мұғалімдер ауызашар жасамайды, ораза ұстамайды, аят оқымайды. Мен оның сұрағына “бiлмеймiн” деп жауап бердім. Ол кiсi маған: “Бұл сөз Aлла ұлық! дегенді біл­діреді” деді, өзiнiң Құран Кәрімдi оқып бітіргенін, бірақ еш жерде аят оқымағанын айтты.

Мектепте оқыған жылдар ыстық әрі ерекше ғой. Мейраш сол жылдары алдын көрген әр ұстазына құрмет білдіріп отырушы еді. Алғаш әліппені қолына ұстатқан Күлшара Қасымқы­зына, математика пәнінің – мұғалімдері Ах­мет­жан Калиахметұлы мен Ғазез Жахинге, тарихтан сабақ берген Жанғали Құсайыновқа жан теңгермейтін. Сол сияқты қазақ тілінен Мы­салим тәтей, Жылгелді Мұқанұлы, Жана­тай Бимендин, Ермұқан Сейдахметұлы, Шал­бай Смағұлұлы, Зура Тлембаева, Досбол До­сатаев, Зейкеш Уәлиев, Мария Петровна, Ольга Устиновна, Қайрош Қосқанов сынды мұ­ғалімдер өзінің терең білім алуына жол аш­қанын айтып отыратын.

Мейраш Петропавл педагогикалық инсти­тутында да жақсы оқыды. Ұстаздық жолын Ленин ауы­лындағы орта мектепте бастап, фи­зикадан са­бақ берді. Ол кездері мұғалімдер шаруашы­лық өміріне де белсене араласатын. Атап айтқанда, олар үй салуға, мектепке отын да­йындауға, картоп жинауға көмектесті. Қыз-келіншектер қызылша жинауға барса, ер-аза­-маттар көктемгі егіс уақытында тракторға, күз­де комбайнға отырды. Олар уақытпен са­на­суды білмейтін. Осылай Мейраш физика ка­би­нетін өз қолымен жабдықтады. Талай ко­мис­сияның тексерісінен өтті, республикалық, облыстық, аудандық семинарларға қатысып, әріптестерін өзінің сабақ беру әдiстерiмен та­ныстырды. Сан мәрте грамоталармен ма­ра­патталды. Орал қаласында өткен респуб­ли­калық семинардан да көтеріңкі көңіл күй­мен оралғаны есімде. Алғашында құлшына қой­мап еді, мектеп директоры “семинарға ба­руы­ңыз керек, облыс, аудан намысын қор­ғай­сыз” деген соң бір ай дайындалды. Еңбегі еш кет­кен жоқ. Облыстардан жиналған бірінші дә­ре­желі үздік мұғалімдердің ара­сында топ жарды.

Ол (Ленин) қазіргі Мәркен Ахметбеков атын­дағы мектепте отыз төрт жыл еңбек етті. Өз ма­мандығына адалдығымен, шыншылдық, прин­ципшілдігімен ерекшеленді. Педагоги­к­а­лық қызметте көбінесе жаңа әдістеме­лерді игеріп, соның қорытындыларын аудан­дық мұғалімдер кеңесінде, мектепаралық жиындарда қорғайтын. Аудандық, облыстық оқу орындары шығарған жаңа оқулықтарды балалар қалай игеретінін тексеру, зерттеу жұмыстарымен де айна­лыс­ты. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Мейрам Әбілкәрімұлы 1996 жылы Қазақстан Респуб­ликасының “Озық мұғалімі” белгісімен, 1997 жылы Қазақ­стан Республикасының “Білім беру ісінің үздігі” белгісімен марапатталды. 1988 жылы “Аға мұғалім” атағын алған еді. 1989 жылы Н.Круп­ская атындағы КСРО ғылым акаде­миясы тағайындаған сыйлыққа ие болды. 1984 жылы “Еңбек ардагері” ме­далін өңіріне қадады. Оның өнегесі өзі тәр­биелеген жүздеген шә­кірттерімен жалғасып, есімі ұмытылмай­тынына сенеміз.

Алтын СӘДУАҚАСОВА.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp