«Jas Otan» жастар қанаты Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының белсенділері мен волонтерлері «30 игі іс» әлеуметтік қайырымдылық жобасына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Филиалдың баспасөз қызметінің мәліметінше, волонтерлер қаңғыбас ит-мысықтарға арналған Петропавлдағы баспанаға 10 келі жарма, 10 келі құрғақ және 50 қорап қою азық сатып алып, жеткізді.
Бұған дейін өңірлік жасотандықтар жалғызілікті зейнеткерлердің үйлерінің аумағын тазартуға көмектесті, қатты аяздарда коммуналдық қызмет жұмысшыларына тегін шай мен бауырсақ таратты. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары үшін мереке ұйымдастырды.
«Бұл акция «Biz Birgemiz» қозғалысы волонтерлерінің бастамасы. Игі іске облыстың жас депутаттар корпусы да өз үлесін қосты. Баспана басшылығымен сөйлесіп, оларға қандай көмек қажет екенін білдік. Гуманитарлық көмек көптеген жануарға өмір сыйлады деп ойлаймын. Бұл жерге тағы да келеміз деп жоспарладық», – дейді «Jas Otan» ЖҚ СҚО филиалының төрағасы Біржан Құдайбергенов.
Жасотандықтардың айтуынша, олар жалғызбасты зейнеткерлерді қамқорлықтарына алған. Бұл жолы «30 игі іс» жобасы аясында волонтерлер қарттардың үйіне барып, олардың бақшаларын ретке келтірді, ауланы қоқыстан тазартып, қысқа отын дайындауға көмектесті.
https://www.inform.kz/