Мектеп бітірген түлектер мамандық таңдау кезінде көп мәселелердің байыбына бара алмай, қандай оқуға түсерін білмей жатады. Өңірдегі еңбек нарығында қандай мамандық сұранысқа ие? Болашақта жұмыс берушілер қандай мамандықтарды қажет етеді деген сұрақтардың төңірегінде сауалнама жүргізген едік.
Ирина САЗАНОВА, “Панацея” медицина орталығының меңгерушісі:
– Бүгінде медицина саласында маман тапшы. Әсіресе Петропавл қаласында кардиолог дәрігерлер жетіспейді. Өңірде 13 аудан бар болса, солардың екеуінде ғана кардиолог маман бар. Жеті ауданда кардиологтың міндетін басқа сала дәрігерлері қосымша атқаруда. Өзге аудандарда арнайы курстан өткен терапевт дәрігерлерге кардиологтың жұмысы жүктелген. Сондықтан оқу бітіруші түлектерге медицина мамандығын таңдауға кеңес беремін. Ең бастысы, адамда бұл салаға құштарлық болуы қажет. Сонда болашақта білімді де, білікті кадрлар қатарға қосылады. Пандемиямен күрес кезінде дәрігерлерге құрмет еселей түсті. Өйткені дәрігер – ең ізгі мамандық. Адамның өміріне араша түсу ерлікке пара-пар.
Гүлмира ИСМАИЛОВА, Петропавл қалалық жұмыспен қамту бөлімінің әдіскері:
– Мамандықтың жаманы жоқ. Әр саланың өз ерекшелігі мен қиындығы болады. Бастысы – мамандықты сүю қажет. Уақыт бір орнында тұрған жоқ. Қазір жаңа технологияның заманы. Жаңа мамандықтардың пайда болуына байланысты қоғамның қажеттілігіне орай сұраныс та өзгереді. Бірақ дәрігер, мұғалім, құрылысшы мамандар әрқашан қажет. Бүгіндері Петропавлда құрылыс қарқыны жоғары. Алайда бізде осы сала мамандары тапшы. Тас қалаушы, ағаш ұсталары, дәнекерлеушілер мен тағы басқа мамандарға сұраныс ерекше. Қазір құрылыс нысандарында 500 жұмысшы жетіспейді. Сонымен қатар өнеркәсіпке – 240, медицинаға – 67, білім беру саласына 60 адам қажет.
Қайрат ОМАРОВ, қала тұрғыны:
– Қалада өндірістік салада маман тапшы деп ойлаймын. Кәсіпорындардың көпшілігінде инженерлерге сұраныс өте жоғары. Әсіресе тамақ өнеркәсібіне білікті мамандар қажет. Машина құрастырушылар мен металлургтерге мұқтаж кәсіпорындар да жетерлік. Жобалаушылар мен сәулетшілер де жетіспейді. Кейде көшедегі хабарландыруларға көзім түскенде, құрылыс нысандарында ұста мен инженерлер, су беру және кәріз жүйесіне жауапты мамандар жетіспейтінін аңғарамын. Көлік және логистика саласы да ақсап тұр. Өйткені маман тапшы. Бұдан бөлек туризм, фармацевтика, массмедиа мен іс-шараларды ұйымдастыру, қызмет көрсету салаларында да бос орындар баршылық. Сондықтан екі қолға бір күрек таппай жүрген жандар осы мамандықтарға ойысуы қажет.
Сауалнаманы жүргізген
Айсұлу ХАНАТ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің 2-курс студенті.