«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙРАН МЕНІҢ, ҚАЗАҒЫМ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: өзінің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында “Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай, лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақты тәрбиелеу” – деген еді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында да, беделді басылымдарға берген сұхбаттары мен мақалаларында да ел болашағы – жастар өміріне қатысты мәселелерді тереңнен қозғап, келелі ойларымен бөлісіп келеді.

Қазақ елінің барлық зиялы қауымы, со­ның ішінде, әсіресе ардагерлер бар үміті­мізді жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастарға артып отыр­мыз. Ал сол жастарымыз өздеріне жүк­телген міндеттің салмағын, артылып отыр­ған сенімнің жүгін сезіне ме, байқай ма, түсіне ме?! “Мың өліп, мың тірілген” халқы­ның көрмеген қорлығы, зорлық-зомбы­лығы, тартпаған азабы, шекпеген қайғы-қасіреті жоқ екенін біле ме? Егер олай болмаған жағдайда “бұған кінәлі кім?” деген сауал туындары сөзсіз. Жасыратыны жоқ, біздің жастарымыздың көбі елінің, жерінің тағдырына бейжай қарайды. Оған, алдымен, олардың ата-әже­сі, әке-анасы, балабақшадағы тәр­биешілері, мектептегі мұғалімдері, жоғары оқу орнындағы оқытушылары – жалпы қоғам кінәлі дер едім.

Тарихқа тереңірек бойласақ, халқымыз жоңғарлар шапқыншылығына шыдай ал­май, үй-күйлерін тастап, жан-жаққа бас сау­ғалап, тарыдай шашылды. Бұл қасірет та­ри­хымызда “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен қалды. 1921-1922, 1932-1933 жыл­дардағы табиғи және қол­дан жасалынған ашаршылықтар да қазаққа адам айтқысыз қайғы-қасірет әкелді.

Билік 1936-1937 жылдары оқыған, білім­ді, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтжанды, елін, жерін, халқын сүйген қайраткерлерге жал­ған жала жауып, ату жазасына кесіп, сүт бетіндегі қаймағын қалқып алғандай қырып салды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан со­ғысында да ауыр зардап шеккен ұлт та­ғы да қазақ еді. 1949 жылы басталған киелі Семей жеріндегі атом бомбасының сынақ­тары 1991 жылы ғана тоқтатылды. Халыққа ешқандай ескерту, қорғану шаралары жа­салынбаған. Сол өңірде 42 жыл бойы сы­налған сынақтың зардабын көре тұра, біле тұра халық үшін бірде-бір емхана, не ауру­хана салынбаған екен. 1954-1955 жылдары “Тың игеру” ұранымен еліміздің ең шұрай­лы жерлеріне өзге этнос өкілдері қоныс­тан­дырылды. Осылайша ата-бабаларымыз­дың көздің қарашығындай сақтаған жерін аяусыз жыртып, құнарынан айырды. Ал 1960-1980 жылдары халқымызды тіліміз­ден, дінімізден, салт-дәстүрімізден, ажы­ра­ту үшін қазақ мектептері жабыла бас­тады емес пе? Таза қазақ ауылдарындағы білім ордаларының өзі оқу ісін орыс тілінде жүргізуге мәжбүр болды. Бұл қиянат емес пе? Қазақ халқы бәріне шыдады, төзді. Бірақ ұлттық рухынан тамыр үзбеді.

1986 жылғы “Желтоқсан” көтерілісінде қаншама өрімдей студент-жастар шейіт бол­ды. Қаншама жас отаулардың шаңы­рағы көтерілмей қалды? Қаншама жас сәби дүние есігін аша алмады. Бұл тарихи де­ректер жалпы әлемде қазақ халқындай қия­нат көріп, азап шеккен бірде-бір халықтың жоқ екендігін дәттей түседі.

Тарих сахнасында небір сұрқия қиын­дық­тарды өткеріп, Тәуелсіздіктің рауандап атқан таңына аман жеткен ұлтым туралы ойласам, тіліме Абай атамыздың “Қалың елім қазағым!” деген сөздері оралады.

Президентіміздің: “Біз үшін ұлы дала елінің ұлтарақтай жері – қымбат. Бір уыс то­пырағы – алтын” – деген сөздері менің жү­ре­гімді тербеп өтті. Жастарымызға халқы­ның басынан өткен тарихын түсіндіргенде ұс­таз­дар өз жүректерінен шығарып айту­лары керек. Сонда ғана бұл ұғымның шын ма­ғы­насы жас ұрпақтың жүректеріне қона­ды. Бауыржан Момышұлының үнтаспаға жа­зы­лып қалған, өз дауысымен айтқан сө­зін, ойын, өсиетін жас ұрпаққа тыңдатса, бір­де-бір оқушы бейжай қалмас еді. Тек олар­ға тыңдату керек. Сонда ғана жастар­дың бо­йында отансүйгіштік, ұлтына деген ма­хаб­баты, патриоттық сезімі қалыптасады. Жүр­дім-бардым, келдім-кеттім, жеңіл-желпі даңғойлықпен өткізілген тәрбиелік жұмыс еш нәтиже бермейді. Меніңше, біз осы жағын көп ескере бермейміз.

Мен елімнің ертеңіне қалай елеңдеме­йін… Тәуелсіздігімізге қолымыз дер кезінде жетіп, жоғалудың аз-ақ алдында қалған тіліміз, дініміз сақталып қалды. Бұған шүкір дейміз. Алайда қоғамда елдігімізге, еге­мен­дігімізге сызат түстіріп отырған кем­шіліктер аз емес. Өткен отыз жылды, тым болмаса көшедегі жарнамалардың қатесіз, мағыналы жазылуын қамтамасыз ете алмадық. Орыс мектептерінде оқып жүр­ген қазақ балаларының саны да азай­май отыр. Аралас мектептің зияны жөнінде ұлт зиялылары газет беттерінде қайта-қайта мақала жазса да, біз оны әлі түсіне ал­май келеміз. Дағыстанның халық ақыны Ра­сул Ғамзатов: “Сенің тілің ертең өледі десе, мен бүгін өлер едім” – депті. Осындай рух бізде неге жоқ?! Көркем, бай, барлық түркі тілдес халықтардың ішіндегі ең маз­мұнды, ең мағыналы тіл – қазақ тілі екені бел­гілі. Тек біз өзіміз – қазақтар басқа тілде шүл­дір­леуден тиыла алмай жүрміз. Ал жас ұр­пақ бойларын, ойларын кімге қарап түзе­мек?

Менің 40-50 жасқа келіп қалған сіңліле­рім, қыздарым, дәл бүгінгі күні көбіне өзге тілде сөйлейді. Қысылмайды. Бұл қылық­тары өздеріне ерсі көрінбейді. Олардың өсіріп отырған қыздары ертең бір азамат­тың жары, бір әулеттің келіні болмай ма? Ұяда көргенін бойына сіңіріп, өз ұрпағын орыс тілінде тәрбиелей ме? Мен содан қорқамын.

Әйгілі қытай данышпаны Конфуций: “Егер де маған ел басқару мүмкіншілігі туса, мен, ең алдымен, тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды. Идеология да дұрыс жүргізілмейді. Ондай елде ортақ түсінік те болмайды” – депті.

Қазақ тілі – қазақ халқының жаны. Тіл – мемлекеттігіміздің көрсеткіші. Сондықтан да қай мекеме болмасын басшыдан бас­тап, қосшыға дейін – бәрі қазақша сөйлеуі керек. Ел Президенті: “Барлық қазақстан­дықтарға қазақша сөйлеу, тек қана парыз емес, міндет” – деп, анық айтты ғой.

2015 жылы академик Төрегелді Шарма­нов ұлттық құндылықтарымыздың құлды­рап бара жатқаны жайлы жанайқайын жал­пақ елге жеткізген еді. Көптеген ел азамат­тары, зиялы қауым қолдап, үн қосып, “Еге­мен Қазақстан” газетінде мағыналы мақа­лалар жарияланды. Ұлттық құндылықта­рымыз – ол ата-бабамыздан ұрпақтан-ұр­паққа сан мыңдаған жылдар бойы беріліп келе жатқан әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүрі­міз, танымымыз, мақал-мәтел, тыйым-сөз­деріміз, басқа ұлттардан ерекшеленді­ріп тұратын ұлттық болмысымыз. Ұлттық құндылықтарымыздың тамыры суалса, жаһандану науқаны қазақ елін жұтып қоя­ды. Қазақ халқында: “Бесігін бағала­маған елдің есігін кім көрінген аяғымен теуіп ашады” –деген қанатты сөз бар. Біз өздері­нің ұлттық болмысымен қатар экономика­сын дамытып келе жатқан қытай, жапон, корей, француз, неміс, фин сияқты ұлттар­дан үлгі алуымыз керек.

Мен елімнің ертеңіне қалай алаңдамай­мын, егер көтеріліп жатқан шаңырақтың жар­тысына жуығы шайқалып жатса… Ажы­расудың зардабын ортадағы бала мен қа­риялар – екі жақтың әке-шешесі тартады. Ата-анасы ажырасқан отбасында өскен бала ешқашан толыққанды тәрбие ала алмайды. Уызға жарымағандай, рухани жұтаң болады. Баланың жүрегінде әкенің орны ерекше, сол сияқты ананың да орны – бір бөлек. Бала екеуін де іздейді, күтеді. Бұл да Тәуелсіз еліміздегі отбасы институ­тының әлсіреп бара жатқанын аңғартады. Алла Тағала қазақ еліне Жер-Ананың үс­тіндегі және қойнауындағы байлықты берді. Ал сол байлықты өзіміз басқарып, сол сыйға қазақтар өздері ие болуы керек қой… Халқы аз, табиғи байлығы мол елге көз тігушілер қашан да көп болады! Мұны болдырмас үшін ең алдымен жастарымыз­дың бойынан намысшылдық, ұлтжанды­лық сияқты көркем мінездер көрініс табуы керек.

Еліміздің болашағының баянды болуы үшін бізге төл құндылықтарымыздың әр жүректе салтанат құруына жағдай жасал­ғаны маңызды. Оның алғышарты қазақ тіл­ді балабақшалардың көп болуында деп ойлаймын.

Отбасылық тәрбие қайта жанданып, ұрпақтар сабақтастығы ұлттық тәрбиеге ұштасса, әке ұлын, ана қызын болашақ от­басылық өмірге даярлап, тәрбиелесе, құба-құп. Ұлына шаңырақтың алтын діңгегі, асыраушысы екендігін, қызына адал жар, мейірімді ана, үлгілі келін болатынын тү­сін­діріп, ұғындырса, бәрі де өз орнына келер еді. Тіліміз де, ұлттық құндылықтарымыз да, шаңырақтың беріктігі де өз орындарына жайғасар еді. Бар мәселе – қыз баланың тәрбиесінде, анасының ақылдылығында. Қанағатшылдылық пен мейірім барлық ке­леңсіз жағдайлардан қорғайды.

Тағы бір айтпағым, тәрбиешілер, мұға­лім­дер, оқытушылар өз істерінің маманы, жан-жақты білімді, ұлтжанды, ұлттық құндылықтарды бойына жинаған мейірімді жандар болулары шарт.

Қымбат ИСМАНОВА,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp