«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАНЫ АУЫЛҒА АЙЫРБАСТАҒАН “Болашақтың” түлектері туған жерін түлетуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өскен ортаңа деген шынайы перзенттік се­зім атамекенге, алтын бесік – ауылыңа де­­ген сүйіспеншіліктен басталады. Осыны жа­дына түйіп, көкірегіне тоқып өскен жас ту­ған жерін түлетуге, оның гүлденуіне іңкәр­лік­пен атсалысары анық. Елбасы Нұрсұл­тан На­зарбаев “Болашаққа бағдар – рухани жаң­ғыру” мақаласында жазғандай, туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауы­рында еңбектеп, қаз басқан қасиетті меке­ні, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қай­да жүрсе де жүрегінің түбінде әл­ди­леп өт­пейтін жан баласы болмайды. Уә­лиханов ауданындағы Қайрат ауылында “Бо­лашақ” бағ­дарламасымен шетелде білім алып кел­ген үш маман еңбек етіп жатыр. Со­лардың бірі ауылдық округ әкімі – Ержан Битниев.

Ержан – осы елдің тумасы. Орта мек­теп­ті бітіргеннен кейін Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің тарих фа­куль­тетіне мемлекеттік грантпен оқуға тү­сіп, еңселі оқу ордасын 2004 жылы үздік та­мамдаған ол кіндік қаны тамған өлкеге орал­ды. Қайрат орта мектебіне тарих пәні­нің мұ­ғалімі болып орналасты. Кейін ауыл­дық ок­руг аппаратында бас маман болды. 2011 жылы ауыл жастарына ар­нал­ған кво­та­ны иеленіп, халықаралық “Бо­ла­шақ” бағ­дарламасымен Англияда Ко­роль­дік кол­леджде (Kings College) білімін толықтырды. Уорвик университетінде (The University of Warwick) тілдік курстан өтті. 2013-2014 жыл­дары “Білім саласындағы көшбасшы­лық және басқару” мамандығы бойынша ма­гистратурада оқып, диссерта­ция қорғады. Қа­зір гуманитарлық ғылым­дар­дың ма­гистрі. 2015-2017 жылдары Мә­де­ниет және спорт министрлігінде бас са­рап­шы болып қызмет еткен. Алайда туған ауылға деген сағыныш ерік бермей, ата-анасының шаңы­рағына қайта оралды. Со­дан бері округ әкімі қызметінде.

– Әкем марқұм механизатор болып жұ­мыс істеді. 40 жылын бала тәрбиесіне ар­на­ған анам қазір зейнетте. Екеуі де туған жер­дің гүлденуі үшін тер төкті. Солар сал­ған са­ра жолды жалғайтын біреу керек қой, – дей­ді Ержан Қадырұлы. Жас маман қа­лаған же­рінде жұмыс істеуге толық мүмкін­дік бола тұ­ра ауылыма пайдамды тигізсем деген ой­мен шалғайдағы елді мекенге ор­ныққан. Оған, бір жағынан, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының “Бо­ла­шақ” бағдарламасының түлектері ең­бек жо­лын өңірлерден баста­ғандары дұрыс де­ген сөзі де түрткі болған көрінеді. Бұл таң­дауын отбасы да, туыс­тары да қолдап, қол­дарынан келгенше жәрдемдескен.

Қайрат ауылдық округі облыс орталығы­нан 550, аудан орталығынан 150 шақырым қашықта орналасқан. Ең алыстағы екі ок­ругтің бірі. Оның құрамына 402 тұрғыны бар Қайрат және Жасқайрат ауылдары кіреді. 2 мектеп, осынша фельдшерлік-акушерлік пункт, клуб, су тазарту қондырғысы жұмыс іс­тейді. Негізгі күнкөріс көзі – мал. Жері құ­нарлы, өзен, көлдерге бай. Округке қарас­ты ауылдарды осыдан 10-15 жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда өмір сапасы әл­деқайда көш ілгері деуге болады. Ауызсу, жарықтандыру, отын, телефондандыру жайы толығымен, ұялы байланыс пен ин­тернет ішінара шешілген.

Ержанның айтуынша, округ әкімінің қыз­метін жеке-дара бөліп қарауға болмайды. Тұтас ағза секілді, бөлшектеуге келмейді. Ол не істесе де заңды басшылыққа ала оты­рып, жоғары органдар мен кәсіпкер­лердің көмегіне сүйенеді. Басты тірегі де, ақыл­шы­сы да, сыншысы да – тұрғындар. Шым-шымдап бөлінген қаржыны уақтылы әрі сапалы игеруге, бәріне теңдей үлестіруге тек қана бір өзі жауап береді. Мал ша­руа­шылығын дамытамыз деген желеумен үсті-үс­тіне жер алатын, бірақ оны игермейтін­дер­ге, салық төлемейтін, жұмыс орында­рын ашпайтындарға, мал ұстамайтын­дар­ға тежеу салынған. Сондай азаматтардың бірі 2 жыл бойы оның үстінен жан-жаққа отыз рет шағымданған. Арызда айтылған­дар­дың бірде-бірі дәлелденбеген. Есесіне ауылдан қалаға, басқа өңірлерге көшеміз деп отырған ағайындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жер телімдері бөлі­ніп берілген. Бүгінде олар фермерлік ша­руашылық ашып, мал шаруашылығымен айналысады. 2017 жылы округте 9 шаруа қожалығы ғана жұмыс істесе, қазір олардың саны 18-ге жетті. Дүкендердің саны – 8. Жастар орталығы, клуб қалпына келтіріл­ген. Көшелер толық жарықтандырылған. Ауылдар абаттандырылып, күл-қоқыс төгетін арнайы орындар белгіленген. Орман­ды алқаптарда ағаш кесуге тыйым салын­ған. Тұрғындардың шаруашылықтар төңі­регінде шоғырланып, тұрақтана бастағаны қуантады. Соңғы екі жылда 5 отбасы көшіп келген. Солардың бірі – елордадан қоныс аударған “Болашақ” бағдарламасының түлегі Ерлан Досымбеков. Ол қазір Қайрат орта мектебінің директоры, информатика пәнінен сабақ береді. Қарындасы Гүлдана да ағасының ақылын тыңдап, ауылда қал­ған. Ол да “Болашақ” бағдарламасы бо­йын­ша шетелде білім алған.

– Округ әкімі жұмысының басты ар­тық­шылығы, халықпен тікелей араласып, қыж-қыж қайнаған тіршіліктің, нағыз өмірдің жуан ортасында жүресің. Министрлікте іс­теген кезде кабинеттен шықпайтынбыз. Көбіне компьютерге телміріп отыратынбыз. Қа­ғаз жұмысын жақсы меңгергенмен, ауыл­дық жерлердің тыныс-тіршілігін біле бер­мей­тінбіз. Өкінішке қарай, малдың, одан өндірілетін экологиялық таза өнімнің қадір-қасиетін бағаламайтындар арамызда әлі де кездесіп қалады, – деді бізбен қош­тасар сәтте Ержан. Саламатты өмір сал­тын серік еткен 39 жастағы ауылдық округ әкімінің спортты, оның ішінде жүгіруді, қол боста кітап оқығанды ұнататынын білдік.

Жігерлі жастың ауылын гүлдендіруге ат­салысып жүрген қажырлы қимылы сүйсін­діреді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp