«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТ ЕДІ АРДАҚТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жан досым, сен осылай кел­местің кемесіне аяқ іліп, асығыс кетіп қалады деп кім ойлаған?! Гүлнәрдің, өзіңмен жарты ға­сыр­дай бірге ғұмыр кешкен Гүлнәрің­нің “Таңсықтан айырылдық!” де­ген сөздерін естігенде төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Содан бері күндер, айлар, жыл өтті. Есімді жаңа-жаңа жия баста­ған сияқтымын.

Кешір досым!!! Сен өмір мен өлімнің арасында ажалмен арпа­лысып жатқанда, қасыңа барып қал-жағдайыңды сұрай алма­дым. Өзі де ауыр сырқаттың аза­бын тартып жүрген Гүлнәрді де мазалауға жүрегім дауаламады. Қабіріңе бір уыс топырақ та сала алмағанымды кімге, қалай түсін­діремін?! Оның бәрі менің еркім­нен тыс болды. Мынау атың өш­кір індет қолымды байлап, ая­ғымды тұсады.

Жұбаныш сөзін де жаза алма­дым. Өйткені сенің енді бұл өмір­де жоқ екеніңе сенгім келмеді. Әлі де сене алмай жүрмін. Осы­лай ара-арасында ұзақ уақыт кез­десе алмай қалатын кездеріміз болушы еді ғой, бір күні алдым­нан жарқ етіп шыға келетін сияқ­тысың. Арада бір жыл өтсе де аты-жөніңді телефонымнан өшір­ген жоқпын. Қоңыр дауысыңды сағындым…

…Шіліңгір шілдеде дүние есігін ашқан Таңсық екеуміз егіз қозы­дай едік. Мектеп табалдырығын да бірге аттадық, содан жұбымыз жазылған жоқ. Өзіміздің кіндік қанымыз тамған– туған ауылы­мыз – Балуандағы сегізжылдық мектепті тамамдағаннан кейін әкелеріміз облыс орталығындағы №2 мектеп-интернатқа (қазіргі дарынды балаларға мамандан­ды­рылған гимназия-интернатқа) берді. Бұған дейін ауылдан аттап шықпаған бізге жаңа ортаға көн­дігу оңай болған жоқ. Ауылды, Ана­ларымызды сағындық. Көздің жасын сығып-сығып алған сәт­теріміз де болды. Кейбіреулерді ерте есейді деп жатамыз ғой. Ой­лап отырсам, Таңсық та бал­дәу­рен балалық шақпен ерте қош­тас­қан екен. Өте сабырлы, сал­мақты болды. Артық сөйлеуді біл­мейтін. Кітаптан бас алмай­тын. “Мұнда талап басқа екен, оқыма­сақ болмайды” деп арасында мені де қайрап қоятын. Өмір бойы бірге жүріп, бірге тұрған­дық­тан ба екен, өзімнің барлық іс-әрекетімді Таңсықпен салысты­рып отыру менің әдетіме сіңді. Ол жақсы оқыды, мен де одан қалыс­пауға тырыстым. Тәртіп бұзбай­тын, менің де жаман атым шық­қан жоқ. Осылай оған ілесіп, өмір­дің біраз белесінен өттім деп ой­лаймын.

Шыны сол, мамандық таңдай­тын уақыт келгенде, жүрегім жа­зуды қалап тұрса да, журналист болуды ойлаған жоқпын. Ал Таң­сық тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде-ақ, дәрігер болатынын нық сеніммен айта бастады. Сол мақсатына жетті. Алматы меди­ци­на институтын ойдағыдай та­мамдағаннан кейін Қызылжарға оралып, еңбек жолын учаскелік дә­рігер болып бастады. Ақ хала­ты өзіне жарасып тұрушы еді. Онымен араласқан жандардың барлығы әкесінің қанымен, ана­сының сүтімен дарыған бекзат болмысына, ерекше таза жара­ты­лы­сына тәнті болатын.

Талай жанды ажал аузынан арашалап қалған білімді де білік­ті дәрігер Таңсық Күсемісов қыз­мет баспалдақтарымен тез өсті. Отызға толар-толмаста “орда бұ­зып”, үлкен аурухананың бас дә­рігерінің орынбасары, кейін бас дәрігері болды. Арада біршама уақыт өткеннен кейін қалалық ден­саулық сақтау бөлімінің тіз­гінін ұстады. “Асыл кездік қап тү­бінде жатпайды” деген рас қой, бірнеше жыл облыстық денсау­лық сақтау департаменті басшы­сының орынбасары қызметін ат­қарып, абыройға бөленді. Қандай қызметтің құлағын ұстаса да кі­сілігінен танған жоқ, асып-тасуды білмей өтті.

Оның осындай биік асуларды бағындыруына антына адалды­ғы, жаңашылдығы, іскерлігі, жо­ға­ры ұйымдастырушылық қабі­леті, жүрегінің кеңдігі, үлкенді үл­кендей, кішіні кішідей сыйлай бі­летін көркем мінезі жол ашқаны анық. Әріптестері оны ізденімпаз, уақыттан озық жүретін басшы ретінде бағалап, үлгі тұтты. Бір сөзбен айтқанда, өз ортасына сүй­кімді де сыйлы бола білген Таңсық Сентайұлының өзі қыз­мет істеп жүрген салаға да, хал­қына да сіңірген еңбегі ұшан-те­ңіз. Шын мәнінде ол ел айтып жүретіндей өмір сүрді.

Досымның еңбегі еленбей қал­ған жоқ. Облыстық мәсли­хаттың депутаты болды, Қазақстан Рес­публикасы денсаулық сақтау саласының үздік қызметкері атан­ды. Басқа да марапаттары то­лып жатыр.

Таңсық туралы сөз қозғағанда асыл жар, ардақты ана, біздің аяу­лы досымыз Гүлнәрді орап өте алмаймыз. Көзі тірісінде “біздің Гүлнәр Есенейдей ерен тұлға­ның басын төрге сүйреген Ұлпан­ның сарқыты” деп ризашылы­ғымызды білдіріп отырушы едім. Ол өте бауырмал, ағайын-туғанға мейірімді, айналасындағылар­ға тек жақсылық ойлаған, өмірге құштар жан болатын. Жарына де­ген махаббатын аялап, азама­тын ардақтап өтті бұл өмірден. Бауыр еті балалары Алмас пен Саяға ғана емес, немерелеріне де “әлемнің жарығы” бола білді. Таң­сықтай арысының бауыры суық қара жердің қойнында жалғыз жатқанын қаламады ма екен, ара­да жыл өтпей гүл-ғұмыр да үзілді.

Жалған дүние! Кешегі ойнап-күліп жүрген жандар бүгін ара­мыз­да бар ма?! Орындары ойсырап тұр. Қайтейік! Алланың ісіне амал жоқ.

Жаның жәннаттың төрінде бол­сын, Жан досым! Бет түзейтін шы­рағым едің! Сен барда мен алаң­сыз едім! Енді алдымда сен жоқ­сың. Қалай ерте сөне қалдың?! Адасып кететін сияқтымын…

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp