«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЙЛЫ ТҰРМЫС, ЖАЙДАРЫ КӨҢІЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Журналистер арнайы жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болып, “Оңтүстіктен – Солтүстікке” мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысымен таныстық. Ол жайлы аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Самал Кариева айтып берді.

– Бағдарламаның басты мақ­са­­ты – халықты жиі шоғырланған өңір­лерден жұмыс күші тапшы сол­түстік аймақтарға орналасты­ру арқылы экономикалық және де­мографиялық тұрғыдан теңес­тіру болып табылады. 2017 жылдан бері 142 отбасы қоныс аударып, 131 адам жұмысқа орналасты­рыл­ды. Өз кәсібін ашып, шаруа­сын дөңгелетіп отырғандар аз емес. Алғашқы жылы 9 отбасы кө­шіп келсе, биыл жыл аяғына де­йін 43 отбасымен толығатын болады. Үкімет және жергілікті билік тара­пынан ынталандырудың, әлеу­мет­тік, тұрмыстық жағдай жасау­дың барлық мүмкіндіктері қарас­ты­рылған. Осы жылы тұрғын үй­лерді жалға алу үшін республи­ка­лық және жергілікті қазынадан 24,5 млрд.теңге бөлінді. Бұдан бөлек, көшіп келу шығындарына 31 млн. 744 мың теңге беріледі, – деді Самал Сансызбайқызы.

Түркістан облысының Сары­ағаш ауданынан қоныс аударған Мағ­жан Ұзақбаев жүз жасаған Жам­был ақынның атындағы ау­дан­ды аттай қалап алғанына еш өкінбейді. Мәдениет бөліміне жұ­мысқа орналасып, өзін “сегіз қыр­лы бір сырлы”, бесаспап музыка маманы ретінде дәлелдей білді. Жан жары – аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші. “Жайлы орын қа­растыра келіп, табиғаты қолай­лы, халқы кеңпейіл осы ауданға тұрақтауды ұйғардық. Баспана­мыз, қызметіміз бар. Тұрмысымыз жақсы. Қызымыз Әдемі екі жаста”, – дейді тепсе темір үзетін азамат.

Ат басын Благовещенка ауы­лына тіредік. Бұрынғы аудан ор­талығын абаттандыру жұмыстары қызу қарқын алған екен. Жолдар жөнделіп, көшелерге шамдар ор­на­тылған. Шағын саябақ – тұрғындардың сейілдейтін, бас қосатын сүйікті орындарының бірі. Түнде айнала самаладай жарық. Екі мек­теп күрделі жөндеуден өткен.

Ауылға кіре беріс оң жақта бір­неше жаңа үй қаз-қатар сап түзе­ген. Оларды тұрғызумен “Оңтүс­тіктен – Солтүстікке” бағдарла­масы арқылы осында көшіп кел­ген түркістандық ағайындар ай­налысуда. Солардың бірі Базар­хан Бақтыбайұлын әңгімеге тарт­тық. Мамандығы денешынықтыру пәнінің мұғалімі болса да, құры­лыс саласының кәнігі шебері екен. Он жылдан бері баспана тұр­ғызумен шұғылданып келеді.

– Көрші Майбалық ауылында үй са­лып жатырмыз. Іргетасын қа­лаудан бастап, барлық жұмыс аяқ­талған соң кілтін үй иесіне ұста­тамыз. Бригада құрамында үш адам бармыз. Құрылыс мате­риал­дарымен қамтамасыз ететін де, жұмыс тауып беретін де – Мар­жан апайымыз. Бәрі жеткі­лікті, істе іркіліс жоқ. Жыл аяғына дейін 12 үй тұрғызбақ ойымыз бар, – дейді ол.

Благовещенка ауылдық округі­нің әкімі Тұрмыс Иманжанов Майбалықта 40 үй, 178 адам қал­ғанын, 9 жылдық мектепте 32 оқу­шы ғана оқитынын, тұрғындар са­нын күнгейлік бауырлар есебі­нен толықтыру мақсатын көздеп отырғанын жеткізді.

Түркістандық Бағлан Айтжа­нов көрші Богдановкада тұр­ғанмен, ол да құрылыс бригадасы құ­рамында еңбек етеді. Маман­дығы – жүргізуші. Келіншегі үш ба­ланы бағып, үй шаруасымен ай­налысады.

Оңтүстік жақтардан осында қоныстанған азаматтардың басын қо­сып, жұмыспен қамтамасыз етіп отыр­ған Маржан Абайқызымен де жолығысып, тілдесудің сәті түсті. Құрылысшылар бригадасын ұйым­дастырған – осы қарын­дасы­мыз. Баспананы өздері үшін сала­тындықтан, сапасына мін айту қиын. Кем-кетік шығып жатса, өз­дері жауап береді. Үйренетін үр­діс!

Осыдан жеті жыл бұрын елор­даға жұмыс іздеп келіп, аяқасты Жамбыл ауданына тап болған Маржан жайлы әңгіме бөлек. Осы уақыт аралығында 53 отбасын қалай қоныстандырғаны жайлы газетте кейінірек әңгімелейтін бо­ламыз.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp