Өткен тарихты бұрмалау, елдің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған хас батырлардың ерен ерліктерін халық жадынан ұмыттыру кеңестік заманның құйтырқы саясаты болатын. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында өлкетанушылар, тарихшылар ел аралап, көздің майын тауыса отырып жинастырған құнды материалдардың көбі жарық көрмей қолжазба күйінде қалды. Әр өлкенің суықта пана, ыстықта сая болған, есімі ел есінде сақталған біртуар перзенттерін өскелең ұрпақ зердесіне тоқып өссе, шынайы патриотизмнің үлгісіне айналар еді.
Ата-баба аруағын ардақтау болашағымыз үшін қажет. Елімізде “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру барысында хандарымыз, айбынды батырларымыз ұлықталып, игі шаралар ұйымдастырылып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болды. Ұлтымыздың оғлан ұлдарының қаhармандық ерліктерін сипаттайтын жыр-дастандар аз емес. Шоқан Уәлиханов “ХҮІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи мағлұматтар” деген еңбегінде Абылай хан ақылдығымен, батырлығымен дараланған Уақ Баянды айрықша дәріптегенін жазады. Сол Баян батырдың жерлесі, жортуылдағы серіктесі, аты аңызға айналған баһадүрлердің бірі – Қантай Мықтыбай батыр болатын. Ол 1720 жылы қазіргі Жамбыл ауданындағы Баян ауылы қонысында туған. Еділ бойындағы шайқаста жекпе-жекте 19 жастағы бозбаладан жеңілген қалмақтың батыры Едгонжук: “Мені өлтірсең, жеті ұрпағыңа дейін соңыңнан қалмаймын”, – дейді. “Қазақ жаугершілік жасаған жоқ. Кінә өздеріңде”, – деп оның сөзіне мән берместен жауын жер жастандырады. Сәуегей қалмақтың айтқаны келіп, бабамыздан ұрпақ қалмайды. Бір уыс топырақ басқа жерден бұйырады. Мықтыбайдың:
“Майданда алдаспанға ерік беріп,
Дұшпанның азын-көбін тексермедім.
Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мініп,
Жорыққа сан аттандым, сескенбедім.
Жүйрікпен желдей жүйткіп өскен едім,
Сынаққа қамал бұзып, түскен едім,
Найзамен жау өкпесін тескен едім”, – деген жыр шумақтары ел аузында сақталып қалған (Қабдол Ердәулетұлының қағазға түсірген нұсқасы). Оның ұсақ темір шығыршықтардан бір-біріне өткізіп тоқылған торлы, қысқа жең, қос қабатты ақ сауытының салмағы 24 килограмм болған деседі.
Он үш жыл небір жортуылдарға қатысып, жауларының қабырғасын қақырата сөккен атамыз Нұра өзені бойындағы бір қанды шайқаста 29 жасында опат болады. Былтыр ауылдастары бабаларының 300 жылдығы құрметіне қорым басына ескерткіш орнатып, жергілікті ақындар жыр шумақтарын арнады. Семейлік Қалибек Нұхұлы “Найза ұшына жау мінгізген Мықтыбай” деген өлеңінде
“Етуге жаудан азат қазақ жерін,
Майданға Мықтыбай да аттанады.
Қалмақтың кеуде соққан сан батыры,
Қолынан бабамыздың болған қаза.
Жиырма тоғыз жасында жанын қиып,
Еліне сыйлап кеткен өмір гүлін…”, – деп жырға қосты.
Бабамыздың жерленген жерін іздеу шаралары көпке дейін өз нәтижесін бермей келгені мәлім. Тек Қарағанды облысында “Шет шұғыласы” газетінде Мықтыбай батырдың туысы Нұрлан Мұхаметқалиевтың ол жайлы сұрау салған мақаласына үнқосушылар үмітімізді оятып, сең қозғалғандай болды. Олардың айтуларынша, сол маңда Мықтыбай төбесі деген төбе бар екен. “Ұрыста тұрыс жоқ” демекші, Сарыарқаның кіндігіне жасы жетпісті алқымдаған ағамыз дереу аттанды. Ондағы мақсат – бабамыздың соғысқан жеріне аяқ басып, тәу ету, мүмкіндігінше тың деректер жинастыру. Нұрекеңді Ержан Наурызбаев деген азамат құшақ жая қарсы алып, Ұлытау өңірін армансыз аралатты. Жезқазғандық ақын Ернұр Сейдахметов дастарқаннан дәм татқызып, қолдау көрсетті.
Ұлытау – қазақ хандарының мәңгі тыныстап жатқан шежірелі жері. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлытау төріндегі сұхбат” мақаласында сипаттағандай “Қазақстанда қасиетті жерлер көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай”. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының сүйегі осында жерленген. Батый хан батысқа жаугершілік жорығын осы жақтан бастаған. Жошы мен Алаша ханның кесенесі алыстан көзге шалынады. Алтын Орда билеушісі Тоқтамыс, ордалық ұлы қолбасшы Едіге осында мәңгі дамылдап жатыр. Сарысу бойындағы Таңбалытаста үш жүздің ру басылары кеңес өткізіп, таңбаларын салған. Алтыншоқы тауындағы тас тақтаға 1391 жылы Ақсақ Темір жазба қалдырған әйгілі тас Санкт-Петербургтағы Эрмитажда сақтаулы. Бір сөзбен айтқанда, көне ескерткіштер, қорғандар, қорымдар, Беғазы, Дәндібай мәдениетінің кесенелері, петроглифтер, мыс, қалайы, күміс, алтын балқытатын металл қорыту пештері Ұлытаудың көне заманнан бері Ұлы даланың орталығы болғанын айғақтайды.
Ақжал кентінен 15 шақырым жерде орналасқан “Кіндіктөбе” жотасында ұзындығы 90 метр, ені 40 метр қорымда Баян батыр сарбаздарымен жерленген. Киелі орын ел жадында “Сары Баян” шоқысы ретінде жатталып қалған. Ақжалдық ақын Самат Мұсабековтың “Есей достың ерлігі” дастанында жауды ойсырата жеңіп, елге келе жатқанда дұшпандар у сеуіп кеткен құдықтан су ішіп, мерт болған батыр Баян мен оның 41 үзеңгілес серігі жайлы баяндалады. 2016 жылы темір қоршау тұрғызылып, қара мрамордан құлпытас орнатылыпты. Нұрлан ағамызды осы қорымға Мықтыбай батыр да жерленді ме деген сауал ерекше қызықтырған.
Қаракесек руынан тарайтын Керней баба ұрпақтары бірқатар құнды деректер ұсынған. Жаугершілік заманда теріскейден көмекке келген азаматтар Қарабұлақ өзенін жағалай қонған Жар болыс ауылында түстенген. Құттымбет атаның келіні босанып, Керей жігіттері атын ырымдап, Өмірұзақ қойған. Ақжал кентінің тұрғыны Тұрбет Сартаев Қарабұлақ қыстауында Мықтыбай төбесі барын айтып берген. Көсе тауының етегінде Мықтыбай бұлағы болған.
Ақжал кентінің еңбек ардагерлері тебірене сөйлеп, теріскей боздақтары жерленген қорымнан бір уыс топырақты Баян ауылында 2020 жылы салынған Мықтыбай ескерткішіне апаруды аманаттаған. Жуырда бабамыздың атақонысы Баян ауылында ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оған өңірдің айтулы ғалымдары мен тарихшылары, Ұлтық ұлан әскери институтының өкілдері, батырдың ұрпақтары қатысты. Ас беріліп, аруақтарға тағзым етілді. Елді мекен жанындағы зираттың кіреберісіне бетқақпа орнатылды. Онда үш жүздің тулары, батырлардың қару-жарақтары бейнеленген. Мектепте батыр атындағы музей жұмыс істейді.
Алдағы уақытта қаражат жағы шешіліп жатса, ауылдағы қорымды айналдыра қоршап, композициялық құрылымды жетілдіре түсу ойымызда бар. Осылайша бабаларымыздың ерліктерін дәріптеп, жас ұрпақ үшін тағылымды тәлім-тәрбие көзіне айналдыру басты міндет болмақ.
Жангелді ТӘЖИН,
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.