1991 жылы қазақ халқының дербес мемлекеттігі туралы бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған ұлы арманды жүзеге асыру ісі басталды.
Бүгінде біз тарихи қысқа мерзім ішінде қуатты да өркениетті елге айналған Қазақстанның әр жетістігін мақтаныш етуге, табысына риясыз қуануға құқылымыз.
Егемен еліміз осы кезеңде қиын да күрделі жолдан өтті. Қазіргі жетістіктеріміз – сол сынақтың бәрін еңсеру барысындағы күш-жігер мен ерен еңбектің нәтижесі.
Біз өзін халықаралық аренада сенімді әрі жауапты серіктес ретінде таныта білген демократиялы, құқықтық, экономикасы дамыған мемлекет құрдық.
Біз Кеңес Одағының ыдырауы салдарынан болған экономикалық күйреу мен күйзелісті еңсеріп қана қоймай, бәсекеге қабілетті, заманауи нарықтық экономикаға көштік. Бүгінде Қазақстанда орта тап қарқынды даму үстінде, кәсіпкерлік экономикалық өрлеудің қозғаушы күшіне айналды.
Әлемнің саяси картасында егемен Қазақстанның айқын шекарасын белгілеп-бекіту де аса маңызды міндет болды. Аумағымызға қатысты дау туындауы ықтимал кез келген мәселені біржола және енді қайта оралмастай түпкілікті шешу үшін біз барлығын жасадық.
Тәуелсіздік жылдары ұлттық бірліктің өзімізге тән бірегей стандартын қалыптастырдық. Соның арқасында этникалық алуан түрлілікті бәсі бөлек артықшылыққа айналдыра алдық.
Еншімізге тиген түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың бәрін біз Қазақстан халқының береке-бірлігі арқасында тиімді еңсердік.
Мемлекет ұстанған әлеуметтік бағдар да ешқашан маңызды мәнін жойған емес. Тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт саласының көптеген нысанда- ры салынды. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж топтарына, жастар мен зейнеткерлерді қолдауға баса көңіл бөлінді.
Біз әрдайым орнықты даму, қарыштап ілгерілеу саясатын басшылыққа алдық. Соның арқасында Қазақстан айтарлықтай сілкіністерге ұрынбай, бейбітшілікті, тұрақтылық пен келісімді сақтап қала алды.
Еліміздегі бүгінгі тұрақты ахуал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап негізі қаланған саяси бағдардың сабақтастығын көрсетеді.
Ең ұлы мақсаттарға ел бірлігі арқылы ғана қол жеткіземіз деген асыл мұрат жолындағы даму бағытын берік ұстана оты- рып, Қазақстанның прогресс пен өркендеу жолында одан әрі нық сеніммен қадам басуы үшін біз сіздермен бірге қолымыздан келетіннің бәрін жасадық.
Тәуелсіздігіміздің тарихы алда да жарқын жеңістер мен ғажайып жетістіктерге толы бола береріне мен кәміл сенемін.
Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы