Солтүстік Қазақстан облысында 32 тұрғын шетелдіктерді заңсыз жұмысқа алғаны үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 6 мыңға жуық шетел азаматы және азаматтығы жоқ 255 адам тұрады.
Халықтың көші-қон заңнамасының кейбір ережелерін білмеуі бүгінде мәселеге айналған. Осыған байланысты көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдік туыстары қонаққа келген жағдайда, 3 жұмыс күні ішінде көші-қон қызметін хабардар ету қажет екенін облыс тұрғындарының естеріне салады.
Электрондық-цифрлық қолтаңба болған жағдайда, визалық көші-қон порталы арқылы, оларды үйден шықпай-ақ тіркеуге болады.
Шет мемлекет азаматының елімізде уақытша болу мерзімі асып кетіп, ол ұзартылмаса немесе ҚР шықпаса, келушімен бірге қабылдаушы тарап та жауапкершілікке тартылады. Алты айдың ішінде аталған нормаларды 293 солтүстікқазақстандық бұзған.
«Жарты жылдың ішінде біздің бұрынғы 15 отандасымыз азаматтықтарын ауыстырғандығы жөнінде уақтылы хабарламаған. Олар 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей шетел азаматтығын алғандығы туралы хабарлауы және қазақстандық құжаттарын ҚР ішкі істер органдарына не шетелдік мекемелерге тапсыруы қажет. Аталған норманы орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», – дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
Қазақстан Республикасында болу ережелерін елімізге келген 219 қонақ бұзған. Заңды бірнеше рет бұзған 24 шетелдік шекарадан шығарылды.
Сондай-ақ, шетелдіктерді жұмысқа заңсыз алған СҚО-ның 32 тұрғыны жауапкершілікке тартылды. Басқа ел азаматтары көбіне жеке тұлғалардың үйлеріне жұмысқа орналасады.
Азаматтарды құжаттандыру бойынша да жұмыс жалғасқан. Биыл жеке куәлік әзірлеуге 24 мыңнан астам, төлқұжатқа 8 мыңнан астам өтініш ресімделді. Өтініштердің біреуін осы күнге дейін қолында ескі үлгідегі төлқұжаты ғана бар СҚО-ның 54 жастағы тұрғыны берген. Көші-қон қызметінің қызметкерлері ҚР азаматтығын анықтау бойынша қажетті шаралар қабылдады. Жыл басынан ескі үлгідегі төлқұжатпен не мүлде құжатсыз жүрген 66 солтүстікқазақстандықтың құқықтық мәртебесі реттелді.
https://www.inform.kz/