Петропавлда “Ақ бидай – 2021” жазғы спорт ойындарының бірінші кезеңі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған жарысқа облыстың 13 ауданынан 800-ден астам спортшы қатысты.
Дәстүрлі спартакиаданың алғашқы күні жеңіл атлеттер мен футболшылар үшін оңайға соқпады. Күннің ыстығына қарамастан аудандардан келген спортшылар бар күштерін салуға тырысты. Жалпыкомандалық есепте жүгіру мен ұзындыққа секіруден бірінші орынды Айыртау ауданы иеленсе, екінші орын Қызылжар ауданына бұйырды. Ал үшінші орын Мағжан Жұмабаев ауданына тиесілі.
Футбол ойыны да тартысқа толы болды. Ақтық сынға шыққан Уәлиханов ауданының командасы мен айыртаулықтар күш сынасты. Бұл жолы жеңіс уәлихановтықтарға бұйырды. Ал қола медальды қызылжарлықтар еншіледі.
Гір көтеру спортынан Қызылжар ауданы үздік атанса, күміске шалақындықтар, қолаға мамлюттіктер қол жеткізді. Баскетбол бәсекесінде ерлер қатарында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген команда алтыннан алқа тағынса, Уәлиханов ауданының спортшылары – күміс, Тимирязев командасы қола медаль иеленді. Ал әйелдер арасында жеңіс тұғырына тайыншалықтар көтерілсе, екінші орын шалақындықтарға бұйырды. Жүлдегерлер қатарын Қызылжар ауданы түйіндеді.
Волейболдан ерлер арасында финалға жолдама алған жамбылдықтар Мағжан Жұмабаев ауданының спортшыларымен кездесті. Текетіреске толы кездесуде Жамбыл командасы үздік атанды. Қола жүлде ақжарлықтардың қоржынына түсті. Бұрымдылар арасында ақтық сында қызылжарлықтар тимирязевтіктерден басым түсті. Үшінші орын Мағжан Жұмабаев ауданынан келген волейболшыларға бұйырды.
“Ақ бидай – 2021” жазғы спорт ойындарының келесі кезеңі шілде айының соңында Айыртау ауданында өтеді. Ауыл спортшылары еркін күрес, бокс, веложарыс, ату, үстел теннисі, шахмат пен дойбыдан өз араларынан мықтыны анықтайтын болады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.