«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еңсесі биік елорда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Барша әлем сүйсіне қа­рай­тын еліміздің бас шаһары – Нұр-Сұлтан қаласының ас­та­на атан­ға­нына биыл 23 жыл толды. Жас мемлекет­тің елордасы осы жылдар ішінде көз ілеспес жылдамдықпен дамып, құлпыра түс­ті. 6 шілде – Астана күнін биыл қазақстандықтар ашық аспан астында атап өтуге мүмкіндік алды.

Қызылжарлықтар елорда күнін тойлауды облыстық тари­хи-өлкетану мұражайының алаңындағы “QYZYLJAR” ART-орталығынан бастады. Мұнда “Ермек Сер­кебаев атындағы өнер колледжі – дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интер­нат” кешені әншілерінің орындауындағы әсем әндер көпшілікті бір серпілтіп тастады. Сонымен қа­тар аталмыш білім ордасы шә­кірттерінің жұмыстары қойылған “Тәуелсіздік ұрпағы” атты көрме келушілердің көңілінен шықты.

– Еліміз үшін айтулы мереке күні отбасымызбен ән тыңдап қайтуды жөн көрдік. Елордамыз аз уақытта ел мерейін тасытқан қалаға айналды. Біз сүйікті елорда күнінде жылда тынығуға Нұр-Сұлтанға баратынбыз. Биыл осы­нау күнді Қызылжарда атап өтуді жөн көрдік. Жуырда ғана ашылған ART-орталықтың бос уақытты тиімді өткізуге тап­тырмас орын екеніне көз жеткіз­дік, – деді қала тұрғыны Сәлима Есенгелдіқызы.

Әсем әуен тыңдап, көңілдері көтерілген тұрғындар бұдан әрі ART-орталықта ұйымдастырыл­ған “Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан” атты фотосуреттер көрме­сін тамаша­лады. Бұл маңайға елорданың та­рихынан сыр шертетін картина­лар қойылып, көпшілік астана жай­лы танымдық ақпараттарды санасында бір жаңғыртты. Әсіре­се “Ақ орда” резиденциясының, цирк­тің, “Астана салтанаты” тұр­ғын үй кешенінің фотосуреттері көрерменнің қызығушылығын оят­ты. Бұдан бөлек, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкер­лері “Жаса, жайна ару қалам – Нұр-Сұлтан” атты интерактивті алаң ұйымдастырып, оқырман қа­уымның назарына елорда жайлы кітаптарды ұсынды.

Сәулеті мен сәні келіскен, еңсесі биік Нұр-Сұлтанды ән мен жырға қосқан өнерпаздар, тари­хи-танымдық тұрғыдағы шаралар тұрғындардың көңі­лінен шықты. Қызылжарлық­тар таң атқаннан күн батқанға дейін Астана күнін сән-салтанатымен атап өтті.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp