«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қарқынды бәсеңдетпеу — басты міндет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірдің қол жеткізген жетістіктері мен табыстары және алдағы міндеттері туралы кеңінен баяндап берді.

Құмар Іргебайұлы өз сөзін әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясына қарамастан облыс экономикасында тұрақты өсім қалыптасып, тұрғындардың өмір сапасы жақсарғанын жеткізді. 2019 жылы жалақы қоры 173 млрд. теңге болса, былтыр 207 млрд. теңгені құрап, 20 пайызға артты, зейнетақы қорына аударымдар 19 пайызға, орташа айлық жалақы 20 пайызға, салық түсімдері 34 пайызға өсті. Алға ілгерілеу үрдісі осы жылдың бірінші тоқсанында да анық байқалады. 7 мың жұмыс орны ашылып, жыл аяғына дейін бұл сан 12 мыңға көбейеді. Өткен жылмен салыстырғанда облыс қазынасы 25 пайызға, яғни түсім 323 млрд. теңгеден 406 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. 5 жыл ішінде қосымша 500 млрд. теңге қаражатқа толығып, бұл сома 300 елді мекенді жаңартуға бағытталады. Биыл 115 ауылды жаңғыртуға 17 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Баяндамашы аграрлы өңірде азық-түлік өндірісі қарқынын төмендетпеу жолдары жан-жақты қарастырылғанын және мәселенің тұрақты бақылауға алынғанын атап өтті. Еліміздегі астықтың төрттен бірі, майлы дақылдардың үштен бір бөлігі, жұмыртқаның 11 пайызы, сүттің 10 пайызы, еттің 5 пайызы Қызылжар өңірінде өндіріледі. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі бір жыл ішінде 27 пайызға, яғни 613 млрд. теңгеден 779 млрд. теңгеге дейін артты. Облысты дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бұл көрсеткішті 1 триллион теңгеге дейін жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру өз жемісін беріп келеді. Майлы дақылдар өндірісі жөнінен облыс көшбасшылар қатарында. Жыл сайын 1 млн. гектар алқапқа жоғары сұранысқа ие рапс, зығыр, қарақұмық секілді дақылдар себіледі. Майлы дақылдарды қайта өңдеу саласы жаңа технологиялармен жарақтандырылған. Жылына 370 мың тонна май экстракциялайтын зауыттың құрылысы басталды. Оған 15 млрд. теңге инвестиция тартылып, 200 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Осылайша майлы дақылдардың 90 пайызы жергілікті жерлерде өңделетін болады.

Әкімнің айтуынша, Қазақстанда соңғы 3 жылда 32 өнеркәсіптік сүт кешені, оның ішінде 12-і солтүстік өңірде пайдалануға берілген. Биыл 16 ферма тұрғызылады. Барлығы 52 тауарлы-сүт фермасы салынып, 64 ауылдың тұрғындары үшін екі мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Озық жобаларды өндіріске енгізудің арқасында өңірде сүт өндірісінің көлемін 598 мың тоннадан 1 млн. тоннаға дейін жеткізу арқылы 1,7 млн. адамды сүтпен қамтамасыз етуге болады.

Басты міндеттердің бірі – сүтті қайта өңдеуге баса назар аудару. “МаслоДел” және “Евразиан Милк” сүт зауыттары сүт және ірімшік өнімдерінің жаңа түрлерін шығаратын заманауи желілерді іске қосты. Жаңғыртудан кейін бұл кәсіпорындарда жылдық қуаттылық 87 мың тоннадан 119 мың тоннаға дейін, өнім түрі 8-ге артты. “Евразиан Милк” жылына 2,5 мың тонна ірімшік өндіріп, осы өніммен өңірді толық қамтамасыз етеді. Жалпы кәсіпорындарды жаңғырту сүт өңдеу үлесін 53 пайыздан 57 пайызға дейін молайтуға мүмкіндік берді.

Жыл аяғына дейін өнеркәсіп өндірі­сінің көлемі 350 млрд. теңгеге дейін жеткізілмек. “ЗИКСТО” зауыты “Қазақстан темір жолы” АҚ-ы үшін 2 мың платформалық вагон құрастыру тапсырысын орындауға қызу кірісті. Осылайша еліміз бойынша вагон паркінің 25 пайызы жаңартылады. Инвесторлар термос вагондардан бөлек өнімнің жаңа түрін игеруде. Атап айтқанда, автономды реф­рижераторлық вагонның тәжірибелік үлгісі жасалды.

Құмар Іргебайұлы брифингке қатысушыларды өнеркәсіп саласындағы соны жаңалықтардан хабардар етті. Облыс орталығында сабаннан қағаз жасайтын фабриканың құрылысы жүргізілуде. Мұнда жылына 5 мың тонна өнім өндіріледі. 2020 жылы сырттан 8,3 мың тонна қағаз өнімі әкелін­ген. Жаңа жоба импортқа тәуел­ділікті анағұрлым азайтады. Күзге таман жергілікті құрылыс мате­риалдарымен қамтамасыз ететін жаңа кірпіш зауыты іске қосылады.

Бір жарым жыл бұрын “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағы құрылғаны белгілі. Содан бері 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Электротехникалық зауыттың құрылысы аяқталып, 300 адам жұмысқа қабылдануда. Өнімдер экспортқа шығарылады. Облыс аумағындағы ауыл ша­руа­шылығы техникалары әбден ес­кіргенін, оларды жаңалау өте өзекті проблемаға айналғаны сон­шалық, диқандар көктемгі, күзгі дала жұмыстарын үлкен қиын­дықпен өткеріп жүргенін тілге тиек еткен Құмар Іргебайұлы алда бағасы қолжетімді, тиімділігі жоғары егіс кешендерімен қамту міндеті тұрғанын, бұл істе немістің “CLAAS” концерніне үлкен сенім ар­тылып отырғанын жеткізді. Ком­паниямен екі жылдай келіссөз жүргізіліп, биыл арнайы инвес­тициялық келісімшартқа қол қойылып, Петропавлда зауыт салынуда. Қос тараптық міндеттемелерге сәйкес комбайндар мен тұқым себетін агрегаттардың бағасы 42 пайыз арзан болады. Күзгі орақ науқанына дейін 92 комбайн құрастырылмақ. Арнайы эконо­микалық аймаққа мәскеулік “Вел­фарм” компаниясы да кірігуге қызығушылық танытып, 15 млрд. теңге инвестиция құюға әзір. Тұ­тастай алғанда, облыста 75 жоба анықталып, оларға 1,8 тлрн. теңге қаржы тартылатын болады.

Облыс жер көлемі жағынан шағын болғанымен, жолдардың ұзындығы бойынша елімізде үшінші орын алады. Жалпы ұзындығы – 9 мың шақырым. Былтыр әрбір оныншы шақырым немесе 954 ша­қырым жол жөнделді. 74 ауылдың ішіндегі жолдар жақсартылды. Биыл 24 ауылдың жолдары қалпына келтіріледі. Жақсарған жолдардың үлесі 58 пайыздан 69 пайызға артты. 2025 жылға дейін 5 мың шақырым жол жөндеуден өтеді. Бұл жолдардың бойында 250 мың адам тұрады. Баяндамашы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету өте өзекті екенін ашып айтты. Өткен жылы 60 мың адам тұратын 76 елді мекенге 6,5 млрд. теңге бағытталды. Биыл қаражат екі есеге артып, 11,4 млрд.теңге бөлінді. Осылайша 49 елді мекенде ауызсу сапасы жақсарады. Жыл соңына қарай ауыл тұрғынарының 83,5 пайызы тіршілік нәрімен қам­тамасыз етіледі. Сумен жабдықтау желілері дамытылып, 5 жыл ішінде 78 елді мекенді қамтымақ. 2025 жылы ауыл тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр.

2017-2020 жылдар аралығында облыс бойынша 1 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы уақыт аралығында 10 мыңнан астам жаңа пәтер салынды. 35 мың солтүстікқазақстандық баспаналы болды. Өткен жылы 306 мың шар­шы метр тұрғын үй немесе 3,3 мың пәтер тұрғызылды. Ішкі мүм­кіндіктер мол. Биыл құрылыс саласына 27 млрд. теңге бағытталды. 2020 жылмен салыстырғанда 50 пайызға көп. Бұл қаражат 3,5 мың пәтер салуға мүмкіндік береді. 12 мыңнан астам тұрғынға жаңа баспананың кілті тапсырылады. Қала бойынша барлығы 1,2 мыңнан астам ескі жер үйлер бұзылып, 3,5 мың адам өздерінің баспана жағдайларын жақсартты. Жыл аяғына дейін тағы 700 үй сүріледі. Есесіне кешенді жоспар аясында 5 жыл ішінде 2,3 млн. шаршы метр үй немесе 21 мың­нан астам пәтер салынады.

Облыс әкімі әлеуметтік сала­лардағы оң өзгерістерге де тоқ­талып, нақты мысалдар келтірді. Барлық мектептердің 63 пайызы күрделі жөндеуден өтсе, биыл 4,3 млрд. теңге бөлініп, 56 білім үйі қалпына келтіріледі. 84 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Соңғы жылдары 4 жаңа мектеп салынды. Облыс орталығында мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік аясында 1200 орындық мектеп ашылады. 4 қалалық колледжге 1,2 млрд. теңгенің заманауи оқу жабдықтары сатып алынды. М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері үшін 1200 орындық екі жатақхана тұрғызылады. Оқу-зертханалық корпустың құрылысы аяқталады. Назарбаев университеті жобасымен тағы бір жоғары оқу орнын ашу белгіленген. Білімге қаржы құю өз жемісін беріп келеді. Егер 2017 жылы жоғары оқу орындарына жергілікті түлектердің түсуі 58 пайызды құраса, былтыр 69 па­йыз болды. Өңірден басқа жақтарға білім іздеп кетушілердің саны 30 пайыздан 12 пайызға тө­мендеді.

3 жылда емдеу мекемелеріндегі медициналық жабдықтарды жаңартуға 10 млрд. теңгеге жуық қаражат бағытталды. Ауруханалар заманауи МРТ аппарат­тарымен, компьютерлік томо­граф­­пен, сандық маммографтармен, рент­ген және ангиографтармен толықтырылды. Көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасуда. “Береке” және “Жас өркен” шағынаудандарында жаңа емханалар пайда болады. Медицина кадрларының тапшылығы мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Өңірде алғаш рет 2,5 млн. теңге мөлше­рінде біржолғы көтерме төлем беру жолға қойылды. Кешенді жоспар аясында ауылдық жерлерде 47 медициналық нысанның құрылысы басталады. Соңғы 3 жылда онкология аурулары бойынша өлім-жітім – 13, қан айналым жүйесі аурулары – 10, инсульт пен инфаркт – 2, нәрестенің шетінеуі – 13, туберкулез – 37 пайызға кеміді.

Құмар Ақсақалов брифингке қатысушыларды биыл кеңінен атап өтілетін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен және Астана күнімен құттықтап, қазақстандықтарға табыс тіледі. БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp