Солтүстік Қазақстан облысында ер адам 37 жасында алғаш рет құжат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының 37 жастағы тұрғыны бірінші рет жеке куәлігін алды.
Ол аудандық полиция бөліміне шамамен 2 ай бұрын жүгінген. Ер адамда бұған дейін ешқандай жеке құжаты, тіпті туу туралы куәлігі де болмаған.
Қызылжар ауданы полиция бөлімі көші-қон қызметінің қызметкерлері азаматтықты анықтау рәсімін өткізді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде құжаттар қолға тапсырылды.
Ер адам ҚР азаматы болып танылып, медициналық және мемлекеттік қызметтерді пайдалануға және ресми түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Айта кететіні, дәл сол күні ол неке қиюға өтініш берді.
«Қызылжар ауданы полиция бөлімі көші-қон қызметі тобы инспекторларына түсіністікпен қарап, өздерінің міндеттерін мінсіз атқарғаны және жедел көмек көрсеткендері үшін алғысым шексіз. Қысқа мерзім ішінде жеке куәлікті ресімдеуге көмектесті», – депті ауыл тұрғыны СҚО полиция департаменті бастығы Марат Төлебаевтың атына жазған хатында.
«Облыстық полиция ведомствосының көші-қон қызметінің қызметкерлері ҚР құжаттары жоқ азаматтарының құқықтық мәртебелерін реттеу бойынша жұмысты жалғастырады. Жыл басынан облыстың 66 тұрғынының құқықтық мәртебесі реттелді. Оның 35-і ескі үлгідегі төлқұжатпен жүрсе, қалғандарында жеке бастарын куәландыратын құжаттары мүлде болмаған», – дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
https://www.inform.kz/