«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ынтымағы жарасқан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл туған елдің төсіне оралғаныма 11 жыл толып отыр. 2010 жылы мен Ресейдің Қорған облысынан атамекеніме көшуге бел буып, құтты мекен – Бәйтерек ауылына келіп қоныстандым. Кезінде тарыдай болып жан-жаққа шашырап, Отанын іздеп келген қандастарыммен бірге тұрып жатырмын.

Тәуелсіздігіміздің арқасында Бәйтерек ауылы бой көтеріп, оған алыс және жақын шетелдерден келген қандастарымыз қоныстана бастады. Бұл бірегей жоба “Нұрлы көш” бағдарламасының нәтижесінде жүзеге асты. Құтты мекенге ең алғаш болып 185 отбасының 684 мүшесі қоныс тепті. Бүгінде Бәйтеректе Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Моңғолия мен Қытайдан атамекеніне оралған қандастарымыз тұрып жатыр. Көшіп келушілердің барлығына жаңадан тұрғызылған үйлер берілді. Тұрғындардың барлығы шаруаға тартылып, балалар шағын орталық пен мектептерге орналастырылды.

Мен тағдырдың жазуымен кеңестік заманда Ресейде еңбек етсем те, төрт баламның бірін қалдырмай, Қазақстанға оқуға жіберіп, туған елде тұрақтаулары үшін барымды салдым. Екі ұлым мен қызым қазір Қазақстанда тұрып, еңбек етіп жүр. Кейін келіншегім екеуіміз де туыстарымыздың арасына, Отанымызға қайтамыз деп шештік. Туған ел бізді құшақ жая қарсы алды. Қазір ауылымыздағы тұрғындардың саны 1660-қа жетті. Ауыл округтің орталығына айналды. Қазіргі таңда елді мекен облысымыздағы әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған ауылдардың қатарынан табылып отыр.

Ауылдың көшелеріне асфальт төселген. Орталықтандырылған су жүйесі бар. Қаламен арада тұрақты қоғамдық көлік қатынасы ұйымдастырылған. Елді мекенімізде дүкен, дәмхана жұмыс істейді. Көпшіліктің сұрауы бойынша “Қазпошта” АҚ-ның байланыс бөлімшесі ашылды. 300 орындық орта мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Қазіргі уақытта мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Зейнеткер болғандықтан, қазір осы жұмыстың басы-қасында жүрмін. Әділет басқармасында діни құлшылық ету орнының барлық құжаттарын тіркедік. Ауылдықтардан және демеушілерден құрылысқа көмек ретінде біраз қаражат жиналды. Енді көп ұзамай мешіттің ашылуы да Бәйтеректің айшықты оқиғаларының жылнамасынан орын табары анық.

Мектебіміздің жанында 50 бүлдіршінге шақталған “Аружан” шағын орталығы жұмыс істейді. Жыл санап ауылдағы балалардың саны артып келеді. Қазір бізге шағын орталық аздық етеді. Сондықтан көп ұзамай ауылымда жеке балабақша салынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ауылымыздың тұрғындары қол қусырып бос отырмайды. Аянбай еңбек етіп, үнемі мемлекет қолдауын іске жаратып, тұрмыстарын жақсартуға тырысады. Мемлекеттік бағадарламалар іске қосылғалы 4 ауыл тұрғыны мал шаруашылығына несие, 50-ден астам адамға шағын кредиттер, 32-сіне мемлекеттің тегін гранттары берілді. Тағы 7 тұрғын “Жас кәсіпкер” бағдарламасына атсалысты. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келгісі келген отандастырымызға арнап тағы 9 үй салынды.

2010 жылы ауылымызға еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп, тарихи Отанына оралған тұрғындарға ризашылығын білдірген еді. Елбасы “Біз Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен-ақ халықты біріктіріп, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтай алдық”, – деп бәйтеректіктерді жарқын болашаққа ұмтылуға шақырды. Біз алдағы уақытта да алған бағытымыздан таймай, Отанымызды гүлдендіру жолында еңбек ететін боламыз.

Сәлкен СҰЛТАНОВ,

еңбек ардагері,

Бәйтерек ауылының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp