Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылдан бастап құқық қорғау органдары сот төрелігінің жаңа үш буынды моделі бойынша жұмыс істеуде. Бұл жүйе аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, биыл қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың саны былтырғымен салыстырғанда 28,2 пайызға азайған. Бұл жайында орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Әуелден полиция қызметкерлері қылмысты анықтап, күдіктілерді тауып, айғақ жинаумен айналысады. Ал прокурордың міндеті – осы айғақ-дәлелдемелерге тәуелсіз баға беру, тергеу, анықтау іс-шаралары кезінде азаматтар құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Яғни, кінәсіз адамның сотталып кетпеуіне, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті. Ал судья полиция мен прокурор ұсынған мәліметтерді сараптай келе, соңғы шешім шығарады. Ақты ақ, қараны қара деп үкім кесуі тиіс.
Облыстық прокуратураның Қылмыстық қадағалау басқармасының басшысы Ғани Жалби үш буынды модельде полиция, прокурор және сот өкілеттіктері нақты бөлінгенін айтты. Біріншісі – қылмыстарды анықтаумен, ашумен және дәлелдер жинаумен айналысады. Қудалау органдары қылмыс пен кінәні дәлелдегеннен кейін істі прокурорға жібереді. Ол өз кезегінде, дәлелдемелер базасын, баптың дұрыс қолданылғанын тексереді.
Қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының қызмет сапасын біршама жақсартуға мүмкіндік туғызған. Нақты сандарға сүйенер болсақ, жоба қолға алынған жыл басынан бері азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу фактілері біршама азайып, қылмыстық істерді қайта тергеуге жолдау фактілері де төмендеген.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.