1991 жылғы 16 желтоқсанда республиканың Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңды қабылдады. Дереу халықаралық қоғамдастықтың бұл акцияға әсері туралы мәселе пайда болды. Жаңа мемлекет дипломатиялық тануға зәру, онсыз шынайы тәуелсіздік жайында сөз ету мүмкін де емес. Ол тұста мен одақтық министрлік шаңырағынан аттану қамымен, Мәскеуде едім. Бұл маған ауыр да болды. Ауыр дейтінім, алғашқы күннен бастап барлық 18 жыл бойғы еңбек жолым Смоленск алаңындағы осы СІМ қабырғасында өтті. Адами тұрғыдан алғанда, бұл үйге енді ресми жағдайларда ғана келемін-ау дегенге бой үйретуім қиын болды.
Бірақ халқымыз аңсаған, арманға толы жаңа дәуір келді. Аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерімді туған елім – Қазақстан игілігіне аямай жұмсар сәт туды. Сондықтан байырғы таныстарыммен қоштасуға көндігіп, қажетті құжаттарымды рәсімдей бастадым. Қайда кірмесем де: “Егемендік парадынан ештеңе шықпайды. Бәрі де Ресейден республикалардың халықаралық аренадағы мүдделерін білдіруді сұрайтын болады, өйткені бізде дайын инфрақұрылым, дайын кадрлар бар ғой”, деп мені үгіттеуге тырысты. Отаныма қайтып оралмау үшін, менің бұрынғы басшыларымның пікірінше, олардың мені Ресейдің бас консулы етіп Хайфонға (Вьетнам) жіберу жөніндегі ұсынысы мықты уәж болуға тиіс еді. Бірақ мен үзілді-кесілді шешім қабылдап, бұл ұсыныстан бас тарттым.
Осы машақатпен жүргенімде маған Қазақстанның Мәскеудегі жаңа тұрақты өкілі Қ.Саудабаев телефон шалды. Ол Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау туралы республика парламентінің мәлімдемесіне дипломатиялық корпустың әсерін байқау жөнінде Президенттен тапсырма алғанын хабарлап, өзі үшін бұл жаңа істе көмек көрсетуімді сұрады.
Шет елдердің елшіліктеріне ноталар жіберіп, біз келесі күні ол кезде мәртебе саналатын қара “Волгаға” отырдық та, дипломатиялық миссиялардың басшыларына барып шықтық. Сол кездегі жағдай бойынша бұл сапарымыз біз үшін қаншалық көңіл толқытарлық оқиға болғанын айтып жату артық болар, өйткені, әңгіме Қазақстанды халықаралық мойындау туралы еді.
Қорытындысында президент Н.Назарбаевтың атына құжат дайындалды. Қазақстан тәуелсіздікке ие болып, өзінің тарихи дамуының жаңа кезеңіне бұл құжаттың мазмұны, аяқ басқанын дәлелдеп беретін болғандықтан қызығушылық тудырмай қоймайды. Бұл ақпарат КСРО-ның ыдырауына байланысты халықаралық қоғамдастықтағы шиеленісті ахуалды көрсетеді. Ол кезде Батыс қарама-қайшы көзқараста болды: бір жағынан, бұрынғы КСРО-ның аумағында ядролық қаруға жеке-дара бақылау орнатуды жақтаушы болды, екінші жағынан – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Ресейдің ғана КСРО-ның құқықтық мирасқоры болуына бірден келісе қоймау көзқарасын білдірді.
Сондықтан жаңа мемлекеттің басшысына жіберілген алғашқы дипломатиялық депешені жариялауды жөн көріп отырмын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сіздің тапсырмаңызды орындау мақсатымен 18 желтоқсанда Ұлыбритания, Германия, Жапония, Корея, Иран елшілеріне, сондай-ақ ҚХР уақытша сенімді өкіліне (ҚХР елшісі Мәскеуге келген, бірақ сенім грамотасын тапсырмаған еді) кіріп шықтық. Сұхбаттасудың негізгі мазмұны мынадай: Ұлыбритания елшісі Р.Брейтвейт Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялауын қошеметпен қарсы алды. Сіздің Англияға сапарыңыздың тарихи маңызы бар екенін айтты. Оның айтуынша, бұл сапар – “алғашқы ірі қадам”, ол қазақстан-ағылшын байланыстарының толыққанды дамуына бастама болады. Елшінің айтуынша, ағылшын үкіметі Қазақстанмен байланыс жасауға бірінші дәрежелі маңыз беретін болады. Қарашығанақтағы мұнай мен газ кен орындарын игеруге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізетін “Бритиш Петролеум” өкілдік делегациясы қазірдің өзінде Қазақстанда жүр. Бұл орайда ағылшын жағы мұндай экономикалық ынтымақтастықтың екі жақтың мүдделеріне сай келетінін негізге алады. Ұлыбритания елшісі батыс мемлекеттерінің Қазақстанның тәуелсіздігін тануға қатысты принципті шешімі Дж.Бейкердің НАТО Кеңесінің сессиясында сөз сөйлегеннен кейін қабылданатын болады деп хабарлады.
Ағылшын елшісі республика аумағында орналасқан ядролық арсенал мәртебесіне қатысты Қазақстанның көзқарасына үлкен қызығушылық білдірді. Ол бұл мәселе жөніндегі Сіздің көзқарасыңызға түсіністік білдірді.
ГФР елшісі К.Блех те Қазақстанның тәуелсіздік жариялауын қуаттады. Ол Достастық тағдырында шешуші кезең туып отыр – енді бәрі де Одақтың бұрынғы республикалары басшыларының Алматыдағы кездесуінің қорытындыларына байланысты болады, деп атап көрсетті. ГФР елшісі біздің ядролық қару проблемасына баса назар аударды. Бұл мәселе жөніндегі Сіздің көзқарасыңыз жайында толық түсініктеме алғаннан кейін, сұхбаттасушы Германияның көзқарасы ядролық қару таралу объектісіне айналмауында екенін айтты. Осыған байланысты елші Сіздің көзқарасыңызбен келісетінін білдіріп, Қазақстан мен Германия ұқсас көзқарастар ұстанады деп атап көрсетті. Қазақстан сияқты ГФР да ядролық-зымыран әлеуетіне бір басшылық қажет деп есептейді. Сонымен бірге, оның тағдырын шешуді аумағында ядролық қару орналасқан республикалар басшыларының қатысуынсыз қабылдауға болмайды.
ҚХР-дың уақытша сенімді өкілі Чжан Чжэнь Қазақстанның тәуелсіздігі туралы хабарды Қытайдың жоғары басшылығына дереу жеткізетінін атап көрсетті. Сұхбаттасушы қазір Пекинде ТМД құрылуына байланысты қандай көзқарасты ұстанған жөн, одақтық жаңа мемлекеттермен, әсіресе, Қазақстанмен қандай қарым-қатынас жасау керек деген мәселені қарастыруда деп хабарлады. Бұл орайда, қытай дипломатының айтуынша, ҚХР басшылығы Кеңес Одағы өзінің өмір сүруін тоқтатқанын негізге алады. Одақтың бұрынғы субъектілерінің тәуелсіздігі – “кері бұрылмайтын тарихи үрдіс”.
Чжан Чжэнь Пекинде Қазақстан Президентін “бұрынғы Одақтың саяси аренасындағы ең беделді қайраткер” деп есептейтінін атап көрсетті. Пекинде, деді сұхбаттасушы, Қазақстан әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтап қала алған бірден-бір республика екендігін жоғары бағалайды. Қытайда реформа жүргізуде табысқа жетуге тек тұрақтылық жағдайында ғана мүмкін болады, деп есептейді. Солай бола тұрса да, реформалардың басты мақсаты – ел ішіндегі тұрақтылықты қолдау.
Чжан Чжень Сіздің Қытайға сапарыңыздың зор маңыздылығын атап көрсетті. Осы сапардың арқасында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жан-жақты дамыту бағытында серпіліс пайда болды. Таяу уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі бірінші үкіметаралық келісімге қол қойылады. Қытай дипломатының айтуынша, екіжақты қатынастардағы оң үдерістер Қазақстан мен Қытай көршілес мемлекет болғандықтан ғана емес, “осы елдер басшыларының көрегендігі” арқасында да орын алып отыр.
Чжан Чжень Пекинде Қазақстанның Тайвань проблемасы бойынша көзқарасын жоғары бағалайтынын мәлімдеді. Пекинде Қазақстанның Тайвань жөніндегі ресми көзқарасына Сіздің түсіністік білдіргеніңізге ризашылық білдіреді.
Сонымен бірге, алдағы кездесулер жайында айта келіп, Чжень бірқатар маңызды мәселелер бойынша орын алып отырған пікір алшақтығына байланысты кейбір сәттер де Пекиннің назарынан тыс қалмайтынын атап көрсетті. Атап айтқанда, олар Достастыққа қандай да бір орталық үйлестіруші органдар бола ма, оның мемлекеттілік нысаны бола ма деген пікірталастар маңайында шоғырланған.
Жапония елшісі Эдамура оның елі Қазақстанның халық билігі жоғары органының шешімін құрметтейді деп мәлімдеді. Жапония тәуелсіздік алу процесінің “кедергісіз жүргенін” қалар еді. Елшінің атап өткеніндей, біздің республикамыздың тәуелсіздік жариялауы “тарихтың өзінің мүдделеріне сай келеді”.
Елші Қазақстанның тәуелсіздігі туралы хабарды тиісті шешім қабылдау үшін Токиоға дереу хабарлауға уәде берді.
Жапония елшісі оның елі Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендігі жайында айтты. Байланыстарды жолға қоюдағы алғашқы қадам – Жапония мамандарының республикадағы жағдаймен танысу мақсатында Қазақстанға алдағы сапары. Жапонияның іскер топтары Қазақстан экономикасына инвестициялар енгізу қажет деп есептейтініне елші сенім білдірді. Бұл орайда Жапония біздің республикамызбен экономикалық ынтымақтастық екі жақ үшін де жемісті болады дегенге сүйенеді. Жапония елшісінің айтуынша, дүние жүзінің көптеген мемлекеттері Жапонияның күрделі қаржысына мүдделі болып отырған жағдайды ескеру керек. Сондықтан Жапонияның жеке бизнесі үшін пайда табу факторының бірінші кезекті маңызы бар.
Иран елшісі Изали Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің шешімін құрметтейтінін мәлімдеді. Елші Иран-Қазақстан қарым-қатынастарының сипаттамасына айрықша тоқталып өтті. Ол Сіздің Иранның сыртқы істер министрі Уелаятимен кездесуіңіздің айрықша маңыздылығын атап өтті. Осы кездесудің қорытындылары бойынша меморандумның қағидаларын дамыту үшін Иран жағы мұнай өнеркәсібі министрінің орынбасары бастаған делегацияны Алматыға жіберу жөнінде шешім қабылдады. Иран мұнай өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты Қазақстанмен қарым-қатынастағы басым бағыт деп есептейді.
Шетелдік елшілермен өткізілген сұхбаттардың және олардың айтқандарының негізіне сүйене отырып, мынадай тұжырым жасауға болады деп ойлаймыз.
Қазақстанның тәуелсіздік жариялауы шетелдерде өте оң қабылдануда. Солай бола тұрса да, ондағылар Достастықтың болашағы бұрынғы Одақтың егеменді мемлекеттерінің басшылары бірқатар мәселелер бойынша өзара түсіністікке келе ала ма, жоқ па, соған байланысты деп есептейді. Негізгі мәселелердің ішінде – Қазақстанның аумағындағы ядролық қару мәртебесі, Батыс елдерінің елшілері бұрынғы Одақтың қарамағындағы ядролық қару бірыңғай бақылауда болуға тиіс екендігі туралы өз үкіметтерінің пікірін білдіреді.
Принципінде мұндай ұғым ядролық қару жайындағы Сіздің көзқарасыңыздан алшақ емес. Алайда елшілердің кейбір ескертпелеріне қарағанда, Украина мен Белоруссияның ядролық қарусыз мемлекетпіз деген мәлімдемесі Батыста ядролық қару проблемасы жаңа бейнеге ие бола бастағаны жөнінде әсер туғызады. Аталған республикалар, шетелдердің ойлағанындай, Ресейдің ядролық әлеуетті біржақты иелену жөніндегі талабымен шын мәнінде келісіп отыр. Сондықтан Батыста Ресей мен Қазақстанның арасындағы пікірталас болашақ Одаққа қатысты уағдаластыққа жету процесін қиындатуы мүмкін деп есептейді.
Оның үстіне, шетелдерде бұрынғы республикалардың арасында Достастықтың мәні жөнінде елеулі келіспеушіліктер сақталып отырғанын да ескереді. Ол шындығында да, тәуелсіз мемлекеттер Достастығы бола ма, әлде үйлестіруші органдар құру талап етіле ме?
Сыртқы саясат саласында құқықтық мирасқорлық сияқты маңызды мәселе жөніндегі айқындықтың болмауы да дипкорпуста алаңдаушылық тудыратыны назар аудартады. БҰҰ ҚК-дегі орынға Ресейдің үміттенуі жайындағы Ельциннің мәлімдемесі батыста белгілі бір шүбә келтірушілікпен қабылданды. Солай бола тұрса да, бүкіл Достастықтың БҰҰ-дағы өкілдігі туралы Сіздің көзқарасыңыз, елшілердің пікірінше, дүниежүзілік қоғамдастық мүдделеріне көп дәрежеде сай келеді.
Шетелдік елшілер Алматыдағы нақты уағдаластықтарға жету мүмкіндігіне қатысты өз күмәндарын жасырмады. Батыста аңдысын аңду көзқарасын ұстануға сыңай танытады. Бұрынғы республикаларды ресми тану Алматыдағы кездесудің қорытындыларына тікелей байланысты қойылып отыр”.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
Қазақстан Республикасының Президенті.
“Беласу” кітабынан.