Петропавлда «Солтүстік жұлдызы» стелласының жанында көлік жүргізген жігітке әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рұқсат етілмеген жерде – Петропавлдағы Пестрое көлінің маңындағы «Солтүстік жұлдызы» стелласының қасында көлік жүргізген ер адамды полицейлер ұстады. Бұл жайында бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.
Жеңіл көлікке мінген жігіт түнгі уақытта 20 минут бойы ескерткіштің жанында және көлдің жағалауында сайран салған. Кейін машинасын баспалдаққа соғып, көліктің карданын жұлып барып тоқтаған.
Петропавл қаласы полиция басқармасының мәліметінше, «AUDI 80» маркалы көліктің рөлінде 1986 жылғы жігіт болған. Ол Пестрое көлінің маңындағы парк аумағына машинамен кіріп кеткен. Тексеру барысында ер адамның мас екендігі анықталды. Жігітке әкімшілік хаттама толтырылып, материал процессуалдық шешім қабылдануы үшін әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша мамандандырылған сотқа жіберілді.
https://www.inform.kz/