Солтүстік Қазақстан облысында биыл түн тыныштығын бұзып, жұрттың мазасын алған 1,5 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әсіресе жазда тұрғындардан беймезгіл уақытта мазаларын алған көршілерінің үстінен шағым жиі түседі. Өйткені көптеген адам ішімдік ішкенді демалыс деп ұғынады. Түнгі қыдырулар басқалардың тыныштыығын бұзып, жұмыс күнінен кейін дұрыс демалуға кедергі келтіреді. Орта есеппен петропавлдық полицейлер жұмыс күндері кешкі сағат 22.00-ден кейін және демалыс күндері сағат 23.00-ден кейін тыныштық режимін бұзуға қатысты 6-7 шақыртуға барады. Көбінесе жалға берілетін пәтерлер, ойын-сауық нысандары мен тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендер проблемалық орындарға айналған.
«Соңғы қоңыраулардың бірі «102» мобильді қосымшасы арқылы түсті.
Түнгі жанжалқойдың айқайы арызданушыға ұйқы бермеген. Тәртіп сақшылары бірден оқиға орнына аттанып, арызданушыға қолданылған шаралар туралы автоматты түрде хабарлама жіберілді. Көп ұзамай мекенжайға келген патруль облыс аудандарының бірінің 19 жастағы тұрғынын әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша: тыныштықты бұзғаны және қоғамдық орында мас күйде болғаны үшін жауапқа тартты», – дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Жыл басынан бері Петропавл полицейлері тыныштықты бұзу туралы 1268 хаттама толтырды. Облыста осындай 1495 факті тіркелді.
https://www.inform.kz/