Қаракөздеріміздің арақты атасынан қалған астай қылғытатына таңмын. Бұл жағдай ащы суды жауындай жек көретін кім-кімді болмасын толғандырары анық. Ішкілікке салыну ғасыр кеселіне де айналып үлгерді. Өкінішке қарай, қоғам дерті менің отбасымды да айналып өтпеді.
Осыдан 8 жыл бұрын үлкен ұлым Сәкен Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери институтын аяқтап, офицер атанды. Баламыз алғашқы әскери шенін алғаны үшін ұлан-асыр той жасадық. Қаладағы мейрамханалардың бірінде түлектер кеші ұйымдастырылды. Кәрісі де, жасы да араққа сылқия тойып алды. Сол кезде қуанып жүріп, ұлдарымыздың ішімдік ішкеніне мән бермеппіз. Мен сол күні-ақ баламды ақылға шақыруым керек еді. Алайда бақыттан басым айналғандықтан, таяп қалған жамандықты жүрегім сезбеді.
Шілде айында жоғары оқу орнының басшылығы түлектерді шақыртып, Қазақстанның қай қаласында қызмет етесіңдер деп сұрақты төтесінен қойды. Ұлым туған жерінен жырақта еңбек етуді ұйғарды. Таңдауы – Тараз қаласының әскери бөлімі. Ал тобындағы балалардың дені Көкшетау мен елордадағы бөлімшелерді таңдады. Мен баламның таңдауына қарсылық танытпадым. Себебі екінші ұлым Арман қасымда еді. Көп ұзамай Сәкенім Таразға аттанды. Бастапқыда күн сайын хал-жағдай сұрап, қоңырау шалып тұрды. Осылай жарты жыл бойы телефонмен сөйлесіп жүрдік. Сағына бастадым. Арман бірде Жамбылдағы ағасына қонаққа барып қайту жөнінде ұсыныс тастағанды. Барар жер алыс болған соң, жолға шығуға жүрегім дауалай қоймады, одан қалды денсаулығым да жиі сыр беретін. Сонымен ұлыма бара алмадық.
Уақыт неткен жүйрік еді! Ұлым Таразға кеткеннен бері бір жыл мерзім зулап өте шықты. Сәкенім үйге қоңырау шалуды қойды. Жұмыстың көптігінен болар деп топшыладым. Анда-санда сөйлесіп жүрдік. Халі жақсы екенін естіген соң аса көп алаңдаған емеспін. Десе де жүрегім бір нәрсені сезгендей. Ұлыма қоңырау шалғанда телефонын көтермейді, кейін өзі де хабарласудан қалды. Сол кезде жанымды қоярға жер таппадым. Арман болса: “Сәкеннің жұмысы шаш етектен, уақыты жоқ шығар”, – деп мені сабырға шақыруға тырысты. Бірақ алаң көңіл тыныштық таппады. Арада екі жыл өткен соң Сәкенім демалыс алып, үйге келді. Жүрегім сәл тынышталғандай болды. Десе де ұлым үйге келгенімен, көңілі далада екенін сездім. Кешкісін достарымен кездесіп, таң ата мас күйде оралуды шығарды. Оның бұл әрекетін албырт жастыққа балап, өз-өзімді жұбатып бақтым. Сәкенім демалысы ақталмай жатып Таразда тындыруы тиіс шаруасы бар екенін сылтауратып, қайта аттанып кетті. Алайда ол бір ай өтер-өтпес уақыттан соң Петропавлға оралды. Не себепті дейсіз ғой?! Қу арақтың кесірінен.
Сорақысы сол – ішімдіктің салдарынан ұлым әскери қызметімен қош айтысты. Апта бойы сімірген “шайтан сусыны” оның офицерлік қызметінен қуылуына себепші болды. Одан қалды 4 жыл оқыған білімі зая кетіп, сот отырыстарына шақыртулар келе бастады. Келісімшарт бойынша Сәкенім Отан алдындағы борышын 10 жыл бойы өтеуі қажет болатын. Алайда соның тек 3 жылын атқарған ол мемлекетке бәленбай миллион теңге қарыз болды да қалды. Салдарынан әскери прокуратура алты айдың ішінде берешекті қайтару керектігі жөнінде хат жолдады. Қуанышымызға орай, мені жалғызбасты ана деп аяп, төлем уақытын кейінге шегерді. Кейін сот тыңдаулары болып, бір Алланың қолдауымен қарызымыз кешірілді. Бірақ ұлымды мемлекеттік қызметке жақындатпау жөнінде қаулы шығарды.
“Баланың ісі шала” деп Сәкенімді кешіріп, оны адам қатарына қосуға талпындым. Менікі, балам әскери қызметкер болмағанымен, адам болып қалсын деген ой ғой. Әр жерден жұмыс іздеуге кірісті. Жүк тасушы, такси жүргізушісі болып еңбек етті. Ақырындап арақты да ұмытты. Уақыт өте келе тұрмысымыз түзелді.
Осындай алаңсыз күндердің бірінде баламның Таразда жүргенде ащы сусынның кесірінен бірнеше банктен несие алғанын естідік. Өкініштісі, ешбірін қайтармаған екен. Бірақ маған ұлым мәселені өзі шешетінін айтып, көндірді. Күні-түні жұмыс істеп, берешегін қайтарды-ау, ақыры. Содан бері өміріміз сәл де болсын өзгергендей. Қуанышымызға орай, Арманым да есейіп, отау құрды. Той жасауға ағасы көмектесті. Бар тілегім – аты өшкір арақ енді шаңырағымызға жуымаса екен.
Айжан СӘРСЕНБАЕВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.