«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАҒЫЗ ҚАЙРАТКЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің қоғам зиялы, білікті, батыл аза­маттарға зәру. Биязы зиялы емес, оқыған білікті емес, кеудемсоқ батыл емес. Ескі ата сөздерге құлақ түрелік:

Жүйрік аттан не пайда,

Шаршы топта шаппаса.

Шешен тілден не пайда,

Майданда сөз таппаса.

Сол айтқандай, қазір де, бұрын да ұлт зия­лылары мен біліктілерін сынайтын ке­зең көп болған. Әріге бармай, Тәуелсіздік­тің бастауында тұрған 1986 жылғы Жел­тоқ­сан көтерілісін алайық. Алаш тұлғалары­ның бірқатары ақталатын 1988 жылдың ал­дында не болмады? Біреулер тізесі діріл­деп, “ұлт” сөзін аузына алғандарды тізім­деп, көгендей бастады. Біреулер “қазақ ұлтшылдығы” дегенді ойлап тауып, кінәні “өлмеген Алаш рухына” қарай аударды. Үшіншілері біртұтас қазақты қасақана ата-руға жіктеп, қолдан “жау іздеуді” жандан­дырды.

Бірақ осы саяси декорация пен конъюнк­тураға қарамай қазақ қоғамы іштей бұрқ-сарқ қайнап жатты. Оны қайнатқан – сөзі мен ісі қиғаш, іргетасы әбден мортыққан ке­ңес өкіметінің дел-сал ахуалы еді. Осы жылдары КСРО Орталық комитеті жанын­да­ғы Қоғамдық ғылымдар академиясының тыңдаушысы болып жүрген 35 жастағы Сабыр Ахметжанұлы Балтық бойы мен Кремльдің саяси егемендік жолындағы те­ке­тіресін тым жақын жерден көріп, тәуелсіз байлам жасай алды. Сонымен бірге жас, өт­кір, табанды қайраткер 1988-1990 жыл­да­ры Қазақстан Компартиясы Орталық коми­те­ті­нің идеология бөлімінің ұлттар қарым-қатынасы бойынша нұсқаушысы бола жү­ріп, “Алмас қылышты жұмсақ қайраққа қай­райды” даналығын меңгерді. Бұл Алаш зиялыларының есімі мен мұрасы қайта жаң­ғырып, Желтоқсан құрбандары ақта­луы­на заңдық алғышарттар жасалған кез еді. Аталарымыз “Ұзынсыз қысқа болмайды, үл­гісіз нұсқа болмайды” деген. Кімнің кім екені сол кезде аңғарылды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында 40-тың қырқасындағы Сабыр Қасымов Орталық комитет пен ғылым, со­ның ішінде заңгерлер қауымдастығы түгел танитын азаматқа айналды.

Бір жағынан Мәскеу, екінші жағынан рес­публика ішіндегі таптаурын коммунистік көз­қарас егемендіктің іргетасын қалыптасты­ра­тын заңдық негіздерге мүмкіндік бермей жатқанда білікті заңгер, саясаттанушы Са­быр Ахметжанұлы сындарлы (конструк­тив­ті) басшыларға, түрлі елдік комиссия төр­ағаларына табан тірейтін, жігерлендіретін жазбаша ұсыныстар берді. Алқалы жиын­дар­да әлем тәжірибесін алға тартып, пәтуалы ой айтты. Қайраткер С.А.Қасымов­тың осы сапасы 1990-1992 жылдары де­мократияға бет түзеген Қазақстан Прези­денті кеңесінің кеңесшісі, Жоғарғы кеңес төрағасының кеңесшісі қызметіне алып келді. Бұл уақыт, “Күлтегін” ескерткішінде жазылғандай, нағыз “күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадымның” кезі еді. Мына аға­йын ел Түркияда кеңесшіні “данышпан” деп бекер атамайды. Мысалы, Сабыр Ахмет­жанұлының демократиялық-либералдық құн­дылықтарға, әлеуметтік-мәдени сала­ны әсіре нарық тегеурінінен сақтап қалуға, заң істеріне байланысты қадау-қадау ұсы­ныстары өзекті болды деп есептейміз.

1990 жылы заңгер С.А.Қасымов елеулі асуды бағындырды. Ол – Мәскеуде қорға­ған “Ұлттар теңдігі: саяси-құқықтық пробле­малар” атты кандидаттық диссертациясы еді. Жалпы Сабыр Ахметжанұлы ұстаны­мында ұлт ұғымы – мән-мазмұны биік құн­ды­лық. Мемлекет пен ұлт мәселесінің сая­си және құқықтық бағамы зерттеушіден терең білімділік пен біліктілікті талап етеді. Ел сыйлайтын Сәкең осы өлшемнен та­былып, қырыққа толмай ғылымның қама­лын бағындырды.

Халқымыз: “Қатты жерге қақ тұрар, қай­рат­ты ерге бақ тұрар” деп бекер айтпайды. Сабыр Ахметжанұлы кеңестік қайта құру мен жариялылыққа дейін Алматының бір­неше ауданында сот пен прокуратура сала­сының қызмет сатыларынан өтіп, тәжірибе жинаса, 1992-1995 жылдары Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциялық сотының судья­сы болып, заң олимпіне көтерілді. Бұ­дан кейінгі Парламент Сенаты І шақыры­лымының депутаты, Елбасының Мәжіліс­те­гі өкілі, 12 жылдай Парламенттегі өкілдік же­текшісінің орынбасары, сектор меңгеру­шісі, Солтүстік Қазақстан облысы әділет департаменті басшысының орынбасары, Парламент Мәжілісі аппараты жетекшісінің орынбасары сынды жауапты қызметтерін­де де сөз бастаған шешен, топ бастаған кө­сем бола білді.

Әлі есімде, 2010 жылдың қоңыр күзі еді. Содан екі жыл бұрын Президент әкімшілігі ішкі саясат бөліміне жауапты қызметке кел­ген елшіл жас қайраткер Берік Әбдіға­ли­ұлымен Алаш тарихы мен тағдыры туралы кеңесіп қалдық. Оған Мәскеудің Дон зират­ханасы қабырғасында қалған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлі туралы әңгімем ерекше әсер етті. Қайда, қалай тұрғанын тәптіштеп сұрап алғаннан кейін, елге жеткізуге атсалысатынын айтты. Мәс­кеуге іссапарлап барып, көршілердің тамы­рын да басып қайтты. Бірақ мәселе қозға­латын түрі жоқ. 2010 жылдың ортасында осы жайтты Елбасының Парламенттегі өкілдік жетекшісінің орынбасары, экссе­натор С.А.Қасымовқа өтініш жасап айт­қа­нын хабарлады. Сәкеңді бұрын сырттай білетінмін. Күзгі Мәскеу сапарының алды-артында бірнеше мәрте жолықтық, кеңес­тік. Алла сәтін салып, Сабыр Ахметжанұлы мәселені кешіктірмей шешті. Ол кісі Мәскеу мэрі, заң ғылымдарының кандидаты Сер­гей Собянинді де танитын болып шықты. Оның үстіне екеуі де – Түменнің тумасы. Ба­сында Сәкең: “2010 жылдың желтоқсанын­да алып келейік”, – деді. Мен: “Бұл – Алаш сүйегін шеттен елге тұңғыш жеткізу тәжірибесі. Елді, халықты даярлайық”, – деп ой тастадым. Сөйтіп, депутаттарды, зия­лы­ларды қатыстырып, үлкен конферен­ция өткіздік. Арнайы қарар қабылдадық. Бі­рақ түсінбеушіліктен алдында да, соңында да біраз кедергі шықты… Соған қарамай 2011 жылы 21 қаңтарда Смағұл сүйегінің күлін астанаға жеткіздік. Соңынан оны ару­лап, Кенесары хан сарбаздары қорымының маңына жерледік. Шындықты айтайын, осы иманды іс оп-оңай біте салмады. Ескі көз­қарас аяқ-қолымызды талай шідерледі. Са­быр Ахметжанұлы екеуміз қиналып, на­мыс­тан көңіліміз босаған кезі де болды… Бі­рақ біз осы елдік жұмыста Сәкеңнің адам­шылығын, табандылығын, ақылын тереңі­нен сезіндік.

Сабыр Ахметжанұлы – мемлекетшіл тұл­ға. Ол арғы-бергі тарихымызға әрі са­уатты заң­гердің, әрі білікті шенеуніктің көзімен қарай алады. Саясат тамырын да дөп баса алады. Ойлана қарасақ, Алаш автоно­мия­сы да, Түркістан мұхтарияты да, Жел­тоқ­сан көтерілісі де – қай уақытта болсын Қазақ елі абыройын көтеретін құбылыстар. Бұл ретте Сәкеңді – білікті желтоқсантану­шы деп атасақ та жарасады. Естеріңізде болса, Қазақстанның егемендік деклара­ция­сы жариялаған күні – 2016 жылы 25 қазанда елордада “Қазақстандағы Желтоқ­сан (1986) көтерілісінің тарихи және халық­аралық маңызы” атты халықаралық ғылы­ми-практикалық конференция өтті. Әлем­нің 10 елінен ғалымдар, қайраткерлер қа­тысып, Желтоқсанның жай “оқиға” емес, демократиялық дамуға бағытталған қозға­лыс, көтеріліс екенін дәлелдеп шықты. Бұл баға – елдің абыройы емес пе?

Сабыр Ахметжанұлы Жел­тоқсанның 15 жылдығында: “Қазақ­стан­дағы Желтоқсан кеңес империясының соңғы жарты ғасырындағы алғашқы бұқа­ра­лық ұлт-азаттық көтеріліс ретінде әлем тарихына енеді. Ол қоғам дамуын баға­ла­ған кеңестік ғылымның канондарын жоққа шығарды. Бұл құбылысты – Қазақстанның азаттығы жолында ұлт құқының ұзақ уақыт және түбегейлі тапталуына қарсы халық­тың бұқаралық, демократиялық, ұлт-азат­тық саяси көтерілісі деуге негіз бар”, – деген еді.

Отанымыздың солтүстігі – аяусыз отар­лан­ған өңір. Қазақ елі мен жеріне тұтас қа­рай­тын Сабыр Ахметжанұлы заңгер, қай­раткер ретінде 30 жылдан бері отарсыздан­дыру ісімен айналысып келе жатыр. Сон­дай-ақ “Солтүстік Қазақстан өңіріндегі тә­уел­сіздік үшін күрес тарихы” атты ғылыми-практикалық конференция өткізуге мұрын­дық болуының да себебі – осы. Ол кісі ұзақ жыл сарапқа сала отырып, 2016 жылы “Қаһармандар” қоғамдық қорын құрды. Бұл бастама қоғамда да, Сәкеңнің санасы мен жүрегінде де әбден піскен, ең бастысы, ел жаңғыруының жаңашыл форматы сынды ғылыми-танымдық, ағартушылық жол еді. Сондықтан “қаһарман” атауы – тұлғаларды әрі ақтау, әрі елге лайықты таныстырып, мұрасы мен аманатын зерттеу аясындағы сауапты іс болатын.

Өзекті мәселеге ғылым және әлемдік тәжірибе тұрғысынан келу – өскендіктің бел­гісі. Біз осы қасиетті С.А.Қасымов таны­мы мен ұстанымынан жиі байқаймыз. Қуғын-сүргін жайын кешенді қарастыруға байла­нысты заңгер-ғалым бүй дейді: “Біз 90-жыл­дары ақтау жұмыстарына барынша белсене кірістік. Сталиндік қуғын-сүргін ке­зіндегі мыңдаған қылмыстық істерді қайта көтердік, ондаған мың жазықсыз атылған­дарды, сотталған­дарды ақтау жөнінде Жо­ғарғы кеңестің, Қазақстан Президентінің заң актілері қабыл­данды. Ғылыми кон­фе­рен­ция­лар өткізіліп, мақалалар жазыл­ды. Жазықсыз құрбан болған арыстардың аты мекемелерге, көшелерге берілді. Жоғарғы кеңес Төралқасының комиссиясы Желтоқ­сан көтерілісіне кеңейтілген құқықтық баға берді. Осының бәрі – үлкен істер, мұны жоқ­қа шығаруға болмайды. Бірақ енді өткенге тоқмейілсінгеннен гөрі әлі күнге шешімін таппай келе жатқан бүгінгі проблемаларды айту керек. Негізгі проблема – құқықтық ак­ті­лерімізде Қазақстанға қуғын-сүргіннің қан­дай санаты тән екенін анықтау және сарап­тау жоқ. Бұл істе біржақты тәсілге жол бе­рілген. Ол уақытпен шектеліп, тек 30-жыл­-дардағы саяси қуғын-сүргінді ғана зерттеп, 20-жылдарға үстірт қараған. Ал кеңестік кезеңнен бұрынғы шақ мүлде ауызға алын­баған. Яғни, оған дейін қазақ халқы өз бос­тандығы мен жері үшін күреспегендей, әлеуметтік, ұлттық ерекшелікке байла­нысты қуғын-сүргін жасалмағандай, ұлт-азаттық қозғалыстар мен ұмтылыстарда ең ардақты ерлеріміз қанға бөкпегендей, жазалау акцияларына ұшырамағандай.

Біз 37-жылмен ғана шектеліп қал­­мауы­мыз керек. Иә, бұл – ұлтымызды сорлатқан қасіреттің бірі. Алайда қазақ халқына қа­тысты мұндай жантүршігерлік қырғындар үнемі болып тұрды. Осыған заңдық, ғы­лыми кешенді баға беріп, ұрпаққа айқын өне­ге қалдыруымыз керек”.

Бір ерекшелігі, Сәкең мұндай ойларды дәлел-дерексіз айтпайды. Заң саласын­да­ғы Литваның, Грузияның, тіпті Ресей Феде­ра­циясының ізденістерін, жетістіктерін алға тартады. Қайраткердің мына тезисіне назар аударыңызшы: “Біз Қазақстанға жер аударылған чешен, ингуш, корей секілді этностарды ақтадық. Ал өзімізден күшпен жер ауған қандастары­мызды ақтаған бірде-бір арнайы мемлекеттік акт қабылдаған емеспіз”.

Сабыр Ахметжанұлы 40-70 жылдар ара­лығында Қазақ елі тәуелсіздігі үшін саналы түрде құрбандыққа барған, сол демок­ра­тиялық идеясы үшін атылып кеткен студент Ғұбайдолла Әнесұлы секілді тұлғалардың ақталмай жатқанына да қам жейді. “Осы арыстарды кім ақтауы керек, олар кім үшін және не үшін басын бәйгеге тіккен? Олар біздің бүгінгі өмірімізді аңсады, соны тезі­рек тудырғысы келді емес пе? Ендеше, олар­дың жарқын есімдерін ақтамасақ, біз­дің бүгін кім болғанымыз?” – деп дабыл қа­ға­ды. Ащы шындық па? Иә, аса өзекті мә­селе!

Осы тұжырымдамадан-ақ “Қаһарман­дар­дың” миссиясы анық көрінеді. Әрине, мұндай елдіктің жүгін арқалаған қорлар зор ғылыми әлеуетке сүйенеді. Сонымен бірге қомақты қаржы да керек. Сабыр Ахмет­жан­ұлы Алаш зиялыларындай, “бізге жайқа­лып отыратын алты қанат отау емес, абы­лай­ша (жорықта қолданатын шағын баспа­на) да жетеді”, – деп, бірден ұшы-қиыры жоқ жұмысқа кірісіп кетті. Бірнеше рет ға­лымдар мен қоғам қайраткерлерінің ба­сын қосып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерт­теудің әдістемесі мен әдіснамасын тал­қылады. Осы мәселе бойынша өңірлердегі танымал тұлғалармен кеңесті. Қазақта “Таң атпайын демейді, күн қоймайды, сыр шықпайын демейді, шын қоймайды”, – де­ген тамаша сөз бар. Сәкең көреген бе, әлде азаматтық рухы сезді ме, Қазақстанда 2017 жылы 12 сәуірде “Рухани жаңғыру” бағдар­ламасы басталды. 2019 жылы 19 наурыз­дан Елбасы пәтуасымен жоғары биліктің трансформациясы жүрді. Зиялы­лар мен әлемдік қауымдастықтың, халық­тың қолда­уына ие болған жаңа Президент Қ.К.Тоқаев сабақтастық пен әділеттілік ұстанымын басшылыққа алды. Осы өзгерістер, әсіресе өткенге әділ байыппен қарау “Қаһарман­дардың” бойына қан жүгіртті. 2020 жылы 24 қарашада жарияланған Қасым-Жомарт Кемелұлының “Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік ко­миссия құру туралы” Жарлығы аталған қо­ғамдық қордың тынысын ашты. Кез келген тарихи құжаттың алғышарты мен орында­лу жүйесі деген ұғым болады. Соның жуан ортасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі заңгер Сабыр Ахмет­жан­ұлы жүрді деп сеніммен айтуға болады. Бұл Мемлекеттік комиссия аса ауқымды елдік жұмысқа бел шеше кірісіп кетті. Жар­ты жылдың ішінде қаншама ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Сәкең – денсаулы­ғы­на қарамай, күн-түн демей осы мемле­кет­тік жобаның жауапты үйлестірушісі. Пре­зидент, Парламент, Мемлекеттік хатшы дең­гейіндегі жиындарда, неше түрлі алқа­лы топтарда баяндама жасап, ортақ істің әдіснамасын ұсынып, тәжірибелік кезеңде­рін айқындап отырады. Сәтін салса, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау баста­масы, нәтижесі ұлт тарихында елеулі орын алады деп сенеміз.

Бірауыз сөз Сәкеңнің әулеті мен отбасы туралы. Біздің білуімізше, аумалы-төкпелі жылдары Ресейдің Түменіне амалсыз қо­ныс аударған Қасым шаңырағы ұрпағын ағартуға және білікті етуге жұмылған. Осы игілікті істі Ахметжан әкесі мен Күләндам анасы лайықты жалғастырса керек. Әйт­песе бір әулеттен Сабыр Ахметжанұлы, Ақылтай Ахметжанұлы секілді мемлекеті­міз­ге, ТМД-ға танымал заңгерлер, елдің батасын алған Ақжан Ахметжанұлындай тарихшы-ұстаз шығар ма еді? Бұған ел мен ағайынға қамқор Айман Ахметжанқызын қо­сыңыз. Құқық қорғау саласында Ержан Ах­метжанұлы бастаған інілері, заңгерлік істе әулет тұтқасының қаншама немерелері жү­рер ме еді? Бұлардың бәрі – Отанымыздың жауапты да кәсіби мамандары.

Өз отбасына келсек, зайыбы Тұрсын Қам­зақызын Алматы қаласындағы білім жүйесін­де білмейтін жан кемде-кем шығар. Қазақ мектебін ашу қозғалысының қайрат­кері, математика пәнінің шебер мұғалімі, Кем­бриджде оқыған халықаралық заңгер Әлен мен қаржы полициясында, білім са­ласын ұйымдастыру ісінде жемісті еңбек етіп жүрген Аянның анасы, өнегелі келін­дер­дің енесі, талапты немерелердің әжесі.

Осы күндері Сабыр Ахметжанұлы жетпіс деген мерейлі жасқа көтерілді. Біз әділдік пен имандылықты аңсаған қалың жұртпен бірге ұлт қаһармандарын жоқтау­шы қайраткерге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, академик.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp