«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕПТЕР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 50 шақты мектеп жаңа оқу жылына күрделі жөнделіп жатыр. Бұл мақсатқа 4,3 млрд теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл күрделі жөнделіп жатқан мектептердің басым бөлігі ауылдарда орналасқан.

Соның бірі – Қызылжар ауданындағы Большая малышка мектебі. Ғимарат 1975 жылы салынып, бүгінге дейін бірақ рет күрделі жөнделген екен. 2013 жылы білім ордасын қалпына келтіруге 13 млн теңге бөлінсе, осы жолы оған 10 есе көп қаражат жұмсалмақ.

«Көптен күткен жөндеу «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша мектептің шатыры жаңартылады. Жылыту және жарықтандыру жүйесі ауыстырылып жатыр.

2013 жылы көше жаққа шығатын терезелері ғана пластикке ауыстырылса, енді қалғаны жаңартылады», – дейді СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко.

Ауыл мектебінде 169 бала оқиды. Білім беру мекемесінде 40 балаға шақталған шағын орталық пен интернат бар.

Интернатта жақын маңдағы 5 елді мекеннің балалары жатып оқиды. Мектептің бір ерекшелігі – ғимаратқа биоотынмен жағылатын қазандық орнатылған.

Жылыту жүйесін жаңғырту нәтижесінде балалар жылы сыныптарда оқитын болады.

Жалпы СҚО-да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 27 білім беру мекемесін жөнге келтіру жоспарланған.

Осы мақсатқа ел қазынасынан 3 млрд астам теңге бөлінді. Бұған қосымша облыстық бюджеттен 23 мектепке жөндеу жүргізілмек.

«Биыл жөнделетін 38 мектеп ауылдарда орналасқан. Бұдан бөлек облыс орталығының барлық білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мектептердің шатыры, едені, терезелері мен есіктері ауыстырылады. «Жас маман» бағдарламасының аясында облысқа 175 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа колледждерге заманауи қондырғылар алынады», – дейді Владимир Ткаченко.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp