Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері облыс орталығындағы қауіпті су айдындарында рейд өткізді. Бұл шараға жедел-құтқару жасағының мамандарымен бірге полиция қызметкерлері де жұмылдырылды.
– Рейдттің мақсаты су айдындарында төтенше жағдайларды, шомылу кезінде қайғылы оқиғаларды болдырмауды көздейді. Оның барысында жүргізілген жұмыс оң нәтиже беретініне сенімдімін, – деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Мұрат Қанғожинов.
Шара барысында су айдындарында жүрген тұрғындарға насихат жұмыстары жүргізілді, жадынамалар таратылып, судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Мамандар балалардың қауіпсіздік ережелерін сақтауына ерекше назар аударды. Өйткені шомылу маусымы басталғалы сәбилердің су түбіне кету оқиғалары азаймай отыр. Бұл ретте олардың рұқсат етілмеген жерлерде, ата-аналарының қарауынсыз шомылғанын айтып өткен жөн.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.