“Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінің мамандары қашықтан “Музей құпиялары” атты сабақ өткізді. Бұл шараның тақырыбы халқымыздың ұлттық киім-кешектеріне арналды.
Өткен тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болмағанын аңғарамыз. Ұлттық киім қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.
Ер адамдарға арналған сырт киімдердің бірі – шапан. Ол жібек, тоқыма, мақта, жүннен, кейде күдеріден де тігіледі. Шапанның бірнеше түрі бар. Қазақ халқының арасында сыйлы адамдарға шапан кигізу дәстүрі кең тараған.
Шекпен – түйенің иірілген жүнінен тоқылатын сырт киім. Оны киген адамның денесіне жел өтпейді, су тигенде түйе жүні ширығып тығыздала түседі. Бұрынғы уақытта мұндай сырт киімге дәулетті адамдардың ғана қолы жеткен.
Сабақ барысында қатысушылар шапан мен шекпеннің қандай киім екеніне, қазақ ұлттық дәстүріндегі алатын орнына қаныға түсті.
Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,
“Абылай хан резиденциясы” музей-кешені директорының орынбасары.