Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдық жылнамасына көз жүгіртетін болсақ, ондағы әрбір күннің астарында еселі еңбек пен қастерлі қызметтің, ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндердің жасырынып жатқанын жан-жүрегімізбен сезінеміз. Соның ішінде ел егемендігінің алғашқы он жылдығы ерекше маңызға ие. Бұл кезде еліміз кешегі бәйтерегі құламастай көрінетін кеңес одағының қирандысынан қалған қордалы қиындықтармен бетпе-бет келіп, мемлекеттің егемендігі екіұшты болған жағдаяттарды сәтті еңсеріп қана қойған жоқ. Қазақстан өзінің болашақтағы жүру бағытын, даму даңғылын дөп басып таба білді.
Он жыл аз уақыт емес. Бұл уақытта біздің еліміз өзіне берілген мүмкіндікті барынша нәтижелі іске асырды. Атап айтар болсақ, алғашқы онжылдықта мемлекеттіліктің іргетасы сапалы қаланды. Егемендікті айқындайтын елдің шекарасы берік қолға өтіп, барлық жағынан бүтінделді, ұлттық қорғанысымыз – Қарулы Күштер құрылып, қауіпсіздік күшейтілді, жаңа Конституция қабылданып әлемдік өркениетке тән демократиялық даму бағытына таңдау жасалды. Қазақ елі саяси жаңғырып, ел экономикасына қан жүгіріп, әлеуметтің әлеуеті де артты, ішкі тұрақтылықтың арқасында сыртқы саясатымыз да бекем болды, әлемдік қауымдастық жас мемлекеттің аяқ алысын оң бағалап, халықаралық аренада беделіміз арта түсті. Ең бастысы, осы жылдар ішінде Қазақстан барлық жағынан алғанда да еркіндікке қол жеткізді. Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз елдің жаңа елордасы тұрғызыла бастады. Азат халықтың санасы да, сапасы да жаңарды. Отарлаудың салдарынан сан ғасырлар бойы сіңісті болып келген бодандық сезімінен, масылдық дертінен арылдық.
Осындай ғасырға татитын он жыл турасында сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күніндегі салтанатты жиында былай деген болатын: “Осы жылдардың iшiнде бұл жолдың сорабын алдымен Түркi қағанатын, кейiннен Қыпшақ конфедерациясы мен Қазақ хандығын құрған өзiмiздiң ұлы бабаларымыздың бұдан мың жарым жылдан астам уақыт бұрын тартқанын бiз есiмiзден шығарған емеспiз. Ойлансақ, армандағанымыз, аңсағанымыз осы емес пе едi?! Бүгiнгi күнi, менiң бiлуiмше, көкiрегi ояу кез келген азамат “Тәуелсiздiк маған емес, бiзге, менiң елiме не бердi, қолымызды неге жеткiздi?” деген сауалды өзiне қоймай тұра алмайды. Осы мiнбеде тұрып, ағымнан жарылып: бұл сауалдар менiң өзiммен iлесе жүретiн күнбе-күнгi серiгiм екенiн, жатсам-тұрсам ойымнан еш кетпейтiн қымбат сырласым, басқан қадамымды, көкейдегi ойымды аңдып тұратын сыншым екенiн айтуым керек. Көне “Күлтегiн ескерткiшi” жазуында: “Елiн елдiктi еттi, жауын бейбiт еттi” деген сөздер бар екен. Осыдан мың жылдан көп бұрын айтылып, тасқа қашалған бұл сөздер бiздiң басымыздағы бүгiнгi жағдайға тiкелей қатысы бар сияқты”.
2001 жыл еліміз бойынша елеулі оқиғаларға толы болды. Елдің жағдайы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстыруға еш келмейтін. Салыстырмалы түрде айта кетейік, әлемдiк тәжiрибе бойынша жинақтау нормасы 15 пайыздан төмен болмайтын деңгейге жеткен кезде экономиканың тұрақты өсуi басталады. Олай болса Қазақстан 2001 жылы жалпы ұлттық табыстың 25 пайызға тарта жинақтау деңгейiне шықты. 2001 жылы банктер берген несие көлемi 460 миллиард теңгенi құрады. Ұлттық банктiң қайта қаржыландыру мөлшерлемесi 1994 жылғы тамыздағы 340 пайыздан 2001 жылы 9 пайызға дейiн төмендедi. 2001 жылғы инфляция 1992 жылғы 3 мың 61 пайыздың орнына 7 пайыздан төмен мөлшерге түстi. Мамыр айында халықтың депозиттері (резидент еместерді қоса есептегенде) 3,9 пайызға өсіп, 112,1 млрд. теңгені кұрады. Осының өзі елдегі әлеуметтік ахуалдың жақсыға ойысқанын аңғартса керек.
Республика бойынша орын алған осынау игіліктер Қызылжар өңірін де айналып өтпеді. Оған газетіміздің 2001 жылы жарыққа шыққан сандарын парақтап отырып көз жеткізуге болады. Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі басшысы Қажымұрат Нағманов журналистерге берген бір сұхбатында өңірдегі қол жеткізген жетістіктерге тоқтала келіп: “Петропавлдың машина жасау кәсіпорындарында өндіріс көлемін 20 пайызға дейін өсіру жұмысшылар санының артуына жол ашты. Маусым айында электр оқшаулағыш материалдар зауыты іске қосылды. Нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылды. Былғары зауытында алпыс адамға екі қолға бір күрек табылды. Шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс орындарының алпыс пайызын ашатындықтан біз оларды қаржыландыру үшін бюджеттен 100 миллион теңге бөлуге мүмкіндік алдық. Егістік алқаптарының да ұлғайтылғанын айтып өткен жөн. Бұл ретте жаңа технологиялық ұмтылыстарға да қол жеткізудеміз”, – деген болатын.
2001 жылы өңірімізде өндіріс пен өңдеу салаларының бір жолға қойылғанын аңғарамыз. Облыстық өнеркәсіп және энергетика басқармасының деректеріне қарағанда, аталмыш кезеңде облысымызда 22,5 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Республика үкіметінің импортты алмастыру бағдарламасын жүзеге асыру барысында машина жасау кәсіпорындары нақты шаралар қолданған. 2001 жылы “ЗИКСТО” АҚ-да өнім өндіру 22 пайызға, “Мұнаймаш” АҚ-да 1,6 есеге, “ПАМЖЗ” АҚ-да 2,1 есеге өсті.
Бұл кезеңде өңірімізде еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да түрлі игілікті қадамдар жасалды. Облыс әкімі жанындағы алқаның мәжілісінде көтерілген бұл мәселе газетімізде көлемді мақала болып жарияланған. Онда: “Шаруашылықтардың қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында ауыл шаруашылығы өндірісіне 42 фирма тартылды. Олар 211 агроқұрылымды жалға алды. Облыстың барлық аудандарында агросервистік рыноктың инфрақұрылымын құруға баса назар аударылды. МТС-тарды нығайту үшін инвесторлар 32,8 миллион АҚШ доллары сомасында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды”, – делінген.
1995 жылы 20 желтоқсанда “Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы” конституциялық Заңның қабылдануына сәйкес елімізде сот жүйесін реформалаудың басталғаны белгілі. Тұтастай алғанда сот билігінің тәуелсіздігін қалыптастыру 2001 жылдан бастап жүзеге асты. Осынау маңызды құжатқа сәйкес, соттар мен судьялардың мәртебесі конституциялық заңдармен белгіленді, соттар бір жүйеге біріктіріліп, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің оңтайлы және тиімді негізі қаланды Судьялардың әлеуметтік жағдайы қажетті деңгейде қамсыздандырылды, қызметі материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Конституциялық заң сот құзыретінің шегін кеңейте түсті, судьялар сот төрелігін жүзеге асырған кезде тек заңға ғана емес, әділеттілік атты аса маңызды моральдық, құқықтық және саяси ұғымға сүйенуге мүмкіндік алды.
Жоғарыда аталған игіліктер Қызылжар өңіріндегі судьялардың да тынысын кеңейтті. Әйтсе де, сот саласындағы мәселе тұтастай шешімін таппады. Бұл жайында облыстық соттың сол кездегі төрағасы Бекет Тұрғараев өзінің мақаласында өңірімізде әрбір төртінші сот шешімі орындалмайтынын, бұл жағдаяттар сот беделінің төмендеуіне әкеліп соқтырып отырғаны туралы айтқан. Сол жылдары өңірімізде сот саласында кадр жетіспеушілігі мәселесі өзекті болды. Қалалық және аудандық соттарда 12 судьяның орны бос тұрса, 27 судьяның кәсіптік жұмыс өтілі 3 жылға да толмаған еді. Аудандық, қалалық судялардың жалпы саны 1996 жылы 1212 болса, бұл көрсеткіш 2001 жылы да еш өзгерген жоқ.
Бұл жылы ұқсату кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, тоқтап тұрған кәсіпорындарды қалпына келтіру, бәсекеге қабілетті өнімдер шығаратын өндірістерді кеңейту, маркетингті дамыту жөніндегі жұмыстар жалғастырылғанына көз жеткіземіз. “Облыс халқына 2001 жылы сауда қызметін көрсетуді жақсарту” бағдарламасы шеңберінде өңірдің елді мекендерінде 27 дүкен ашылып, 46 ауылда көшпелі сауда ұйымдастырылған. Ал қоғамдық тамақтандыру саласында 70 дәмхана келушілерге есігін айқара ашқан.
2001 жылы Қызылжар өңірінде экономиканы дамыту ісі ғана емес, руханиятты жүдетпеу мәселесі де қатар жүргізілді. Жергілікті мәдениет орындары мен білім ордаларында қазақтың бақытты ғұмыры жолында бастарын бәйгеге тіккен арыстарымыздың өмірі мен шығармашылығын насихаттау аясында түрлі шаралар қолға алынды. Соның бірі – “Елім-ай” дастанының авторы, дауылпаз жырау, атақты қолбасшы Қожаберген Толыбайұлының шығармашылығын жас ұрпақ санасына сіңіру жұмыстарының қолға алынуы. 2001 жылдың 24-ші тамызы күні батырдың туған жері – Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе-Маманайда ас берілді. Облыстың түкпір-түкпірінен келген қонақтар ұлы бабамыздың аруағын бір аунатып еске алды, митинг ұйымдастырып, балуандар күресі мен ақындар мүшайрасын өткізді. Жыр сайысында жергілікті ақындар Болат Қожахметовтің, марқұмдар Тоқтар Зікірин мен Зейнолла Әкімжановтың жұлдыздары жанғанын айтып өткен артық болмас. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен бабамыздың кесенесі бой көтерді.
Сонымен қатар бұл жылы ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың есімін иеленген кітап үйінің де есігі келушілерге айқара ашылды. Қазығы осыдан жиырма жыл бұрын қағылған кітап үйі бүгінге дейін жергілікті оқырмандарды қазақтың төл туындыларымен сусындатып келеді.
2001 жылы Солтүстік Қазақстан облысының астанадағы күндері зор табыспен өтті. Аталмыш шарада жерлес жазушылар Ғабит Мүсіреповтің, Ғалым Малдыбаевтың, Сафуан Шаймерденовтің мерейтойларын атап өту мәселесі сөз етілді. Қазақ Тәуелсіздігінің он жылдығы қарсаңында жер-жерлерде игілікті істердің түндігі түрілді. Соның бірі – Тайынша ауданындағы Теңдік деп аталатын ауылда күмбезі биік, сәулеті көркем мешіттің бой көтеруі болатын. Петропавл халықаралық әуежайында “Петропавл – Алматы” бағытында тұңғыш жолаушылар ұшағының ұшырылғанын да жергілікті тұрғындар жылы қабылдады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, 2001 жыл елімізде Тәуелсіздікті нығайту бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Сөзімізді Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Soltüstık Qazaqstan” газетінің 2001 жылғы 25 желтоқсан күнгі нөміріне шыққан мақаласындағы үзіндімен түйіндеуді жөн көріп отырмын. Елбасымыз аталмыш мақаласында: “Тәуелсіздіктің он жылы бізге алған бағытымыздың дұрыстығын ұқтырды. Халқымыздың егемендігін сақтауға, нығайтуға белінің бекем екендігін байқатты. Тәуелсіздік біздің алдымыздан жарқын жол ашып берді. Біз сол жолда ешқайда бұлтармай, алға баса береміз”.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.