Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аудандық маңызы бар қала және ауылдық округтер әкімдеріне кандидаттарды тіркеу қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Қаскин аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдеріне 218 кандидаттың тіркелгенін хабарлады.
Әкімдіктен үміткерлердің 68-і түрлі саяси партиялардан түскен. Соның ішінде «Nur Otan» партиясынан – 57, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – 3, «Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан – 2, «АDAL» саяси партиясынан – 2 және Қазақстан Халық партиясынан – 4 кандидат тіркелген. Қалған 150-і өзін-өзі ұсынды.
«5 кандидат Қызылжар ауданы Бугров сайлау округінде тіркелді. Тағы 4 кандидаттан 3 сайлау округінде тіркелді. Ол Есіл ауданының Бұлақ округінде, Қызылжар ауданының Соколов округінде, Тайынша ауданының Зеленый Гай округтерінде. Тіркелген кандидаттардың 70-і әйелдер», – дейді Тілеген Қаскин.
Тіркелген 218 азаматтың барлығы да мемлекеттік кірістер органдарына активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырды және ең төменгі жалақы – 42500 теңге мөлшерінде сайлау жарнасын енгізді.
«Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес 14 шілде сағат 18:00-ден кейін үгіт жұмыстары басталды. Ол 24 шілде сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Үгіт материалдарын орналастыру үшін 80 арнайы орын бөлінді. Сайлаушылармен кездесу үшін 68 үй-жай бөлініп, тиісті кесте белгіленді», – дейді комиссия төрағасы.
Аумақтық сайлау комиссиялары кандидаттардың 356 сенім білдірген адамдарын тіркеді, олар сайлау науқанын өткізуге көмектеседі және сайлау алдындағы үгітті жүргізеді.
Бұған дейін СҚО-да ауыл әкімдерінің сайлауына қатысатын қоғамдық байқаушылардың жұмысын үйлестіру мақсатында штаб құрылғанын айтқан едік.
https://www.inform.kz/