Петропавлда 64 ерекше қорғалатын тарихи және мәдени ғимарат бар. Бүгіндері олардың 47-сі жекеменшіктің иелігінде, биыл біреуі мемлекетке қайтарылмақ.
Осыдан бес жыл бұрын “Қалыңдық үйі” деп аталатын нысан апатты жағдайда деп танылып, күрделі жөндеуден өткен болатын. Бұл мақсатқа 60 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Алайда ғимараттың қабырғалары сөгіліп, қайта жаңартуды талап етуде. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мамандарының айтуынша, тарихи-мәдени ескерткіш жыл соңына дейін мемлекет меншігіне қайтарылып, келер жылы қайта жөнделеді.
– 2000-шы жылдан бастап тарихи-мәдени ескерткіштерді сатуға заңды түрде рұқсат берілді. Бүгінгі күні жекеменшіктің қолына өткен ғимараттардың үшеуі саудаға шығарылды. Кәсіпкерлер нысандардың сыртқы келбеті мен құрылыс жоспарын өзгертпеуі тиіс, – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рахат Мәмбеталинов.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.