Біздің бабаларымыз сан ғасырлар бойы “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” бейбіт заманды аңсады, сол үшін жандарын пида етті. Аталарымыздың аңсаған арманына қол жеткізу біздің пешенемізге бұйырыпты. Ендеше, еліміздің татулығы мен дербестігін сақтау – осынау көсегесі көгерген жерде тірлік кешіп жатқан әрбіріміздің қасиетті борышымыз болмақ.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы “Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады” деп текке айтпаса керек. Қайраткерлік рух, намыс, ержүректілік пен батырлық қасиет адамның өсіп-өнген ортасында қалыптасатыны ақиқат. Бұл орайда жастардың намысын шыңдап, жігерін қайрауда М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің жанындағы әскери кафедраның көтеріп отырған жүгі ауыр.
Әскери кафедраның жұмысы – кәсіби білікті запастағы офицерлерді даярлауға бағытталған. Студенттерге запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасының талаптарына сәйкес теориялық және тәжірибелік тұрғыдан терең білім берілуде.
Аталмыш кафедра 1998 жылы ашылды. Жиырма жылдан астам уақыт бойы өсіп, өркендеу кезеңінен өтті: 2,5 мың запастағы офицер мен 331 сержантты даярладық. Соның ішінде біразы қазіргі уақытта Қарулы Күштердің қатарында, құқық қорғау органдары мен әскери бөлімдерде қызмет атқаруда.
Студенттер Қорғаныс министрлігінің талабына сәйкес қабылданады. Жыл сайын әскери кафедрада білім алушылардың қатары көбеюде. Бұл жастардың әскери салаға деген қызығушылығы мен отаншылдық рухының берік екенін аңғартады. Мәселен, өткен жылы кафедра табалдырығын 130 студент аттаса, биыл шамамен 180 студентті қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Әскери кафедрада студенттерге білікті де тәжірибелі ұстаздар сабақ береді. Жыл сайын материалдық базамыз жақсаруда. Кафедрада аға буын мен жастардың кездесуі жиі ұйымдастырылады. Әсіресе, оқ пен оттың ортасында елімізді жаудан қорғаған майдангерлердің ерлікке толы естеліктері жастар үшін тағылымды. Аға буын өкілдері студенттерге үлгі-өнеге көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтудан жалыққан емес. Студенттер әскери қайраткер Бауыржан Момышұлының ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған “Соғыс психологиясы” атты әскери-теориялық және рухани ұлағатты еңбегі негізінде білім алуда. Батыр атамыздың әскери тактикалық, жеке құрамды тәрбиелеу және оқыту, командалық кадрларды дайындау саласындағы зерттеулері әскери іс-тәжірибеде кеңінен қолданылуда. Өкінішке қарай, әлемді тығыраққа тіреген коронавирус пандемиясына байланысты өткен оқу жылында сабақ қашықтан ұйымдастырылды. Әрине, теориялық білімді тәжірибемен ұштастырған жөн. Сондықтан алдағы уақытта оқу-жаттығуды арнаулы орында өткізу жоспарлануда.
Биылғы оқу жылына қабылдау төрт кезеңнен тұрады. Әскери дәрігерлік, медициналық комиссия қарап, дене шымырлығына, сабақ үлгеріміне қарай студенттер қатаң тексерістен өтеді. Бүгінде біздің кафедрада ер азаматтармен қатар қыздар да әскери білім алуда. Қыз бала қай халықта болмасын әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы. Десе де тарихтың әр кезеңдерінде ел қорғаған батыр қыздар аз болған жоқ. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанованың ізін жалғайтын батыл да, батыр қыздарды тәрбиелеу бізге жүктелген зор міндет. Сондықтан оқу орнында қыздардың әскери даярлығы жігіттерден кем емес.
Шайзатхан ӘБЖАППАРОВ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің жанындағы әскери кафедра бастығы.