1992 жылдың 7 мамырында Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігіне айналған қорғаныс саласының қазіргі ахуалы туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Талғат Әліқұловпен әңгімелескен едік.
– Сан ғасырлар бойы ата-бабамыздың аңсаған арманына айналған тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толады. Ел егемендігін, аймақтық тұтастықты, басқа да өмірлік маңызды мүдделерді қамтамасыз ететін қорғаныс саласының осы жылдардағы дамуына тоқтала кетсеңіз.?
– Тәуелсіздік – ең басты құндылық. Бұл салада оң өзгерістер орын алды. Қарулы күштер құрылған уақытта саяси-әскери басшылық құрамды қалыптастыру, ұлттық кадрларды даярлау, олардың кәсіби деңгейін шыңдау мәселесі өте жоғары деңгейде жүзеге асырылғаны анық. Сол тұста Қорғаныс министрі болып тағайындалған Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов үкіметпен бірлесе, қорғаныс доктринасын қабылдады. Соның негізінде Қарулы күштердің жалпы бағыты, негізгі міндеттері айқындалды. Алдымен құрлық әскерлері, әуе қорғаныс күштері, әскери теңіз флоты, кейін “Солтүстік”, “Оңтүстік”, “Орталық”, “Батыс”, “Шығыс” өңірлік қолбасшылықтары, ал үстіміздегі жылдың наурыз айында арнайы аумақтық қорғаныс әскерлері құрылды. 2018 жылы 7 мамырда өткен әскери шеруде аумақтық қорғаныс бригадаларын құру тапсырылған болатын. Аумақтық қорғаныс әскерін құруда Франция, Англия, Швеция, Финляндия елдерінің озық тәжірибесі негізге алынды. Олардың мақсаты – әртүрлі техногендік, террористік жағдайлардың алдын алу үшін өңірлерді стратегиялық қорғау мен күзету.
– Өңірдегі қорғаныс істері жөніндегі департаментке қандай міндеттер жүктелді?
– Ең басты міндет – әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындау үшін Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін және жауынгерлік қабілеттілігін қамтамасыз ету де бізге жүктелген. Сонымен қатар біз ведомстволық әскери оқу орындарына қабылдауды, күз-көктем мезгілінде азаматтарды әскер қатарына шақыруды ұйымдастырамыз, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша жастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асырамыз. Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен қалалық, аудандық басқарма, бөлімдердің міндеті өңірдегі әскери жұмылдыру ресурстарын бақылау. Жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу де бізге артылған зор міндет. Бүгінде орта мектептерде алғашқы әскери дайындық пәні оқытылады. Әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалімдер бізбен тығыз байланыста. Жасөспірімдердің қатысуымен түрлі оқу-жаттығулар өтеді. Мәселен, “Айбын” республикалық әскери-патриоттық жарысына іріктеуден өткен жастар қатысады. Мұндай сайыстар жастарды отаншылдыққа тәрбиелейді. Одан басқа біз 17 жастағы барлық бозбалаларды есепке алып, бақылау жүргіземіз. Олардың білімдері мен психологиялық ерекшеліктеріне, денсаулық жағдайына талдау жасалады.
– Өңірімізден жылына шамамен қанша адам әскер қатарына шақырылады? Әскери борышын өтеуден бас тартатын азаматтар бар ма?
– Облыс бойынша күз-көктем мезгілінде біздің облыстан 1000-ға жуық адам әскер қатарына шақырылады. Үстіміздегі жылғы көктемде шамамен 450-дей азамат Ұлттық ұлан, Қарулы күштер құрылымдары мен шекара қызметінде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Жасөспірімдер арасында әскери борышын өтеуден бас тартып жататын жағдайлар кесдеспейді деп айта алмаймыз. Менің ойымша, кейбір азаматтардың өмірге көзқарасы мен ел қорғауға деген ынтасының төмен екенін аңғартады. Отан алдындағы парызды өтеу – әр ер азаматтың міндеті. Сондықтан елдің қауіпсіздігі үшін кез келген ер азамат жауапкершілікті сезінуі тиіс. Мүмкіндігімізше соны жігіттерге түсіндіруге тырысамыз. Қазір ел аумағында 40 күндік әскери-техникалық мектептер жұмыс істейді. Мұндай оқу орындары біздің өңірде де бар. Түрлі себептерге байланысты әскер қатарына қабылданбаған немесе бара алмай жүргендерге мемлекет мүмкіндік жасап отыр. Мәселен, ерте шаңырақ көтерген немесе отбасының асыраушысы ретінде ұзақ уақытқа жыраққа кете алмайтын жасы 24-ке толған азаматтар арнайы әскери даярлықтан өте алады. Олар әскери өмірмен танысып, казармалық тәртіпке үйренеді, күнделікті әскери сабақ, дәріс тыңдайды, тактикалық, саптық, оқ ату тәжірибесін үйренеді.
– Қазір ер азаматтармен қатар қыздар да әскери салада еңбек етуде. Жалпы әскери өмірде қыз-келіншектер жауынгерлік міндетті қалай орындайды? Әскерде қыз-келіншектерге орын бар ма?
– Қазақ тарихында туған жердің жаттың қолында кетпеуі үшін жан беріскен батыр қыздардың болғанын білеміз. Солардың соны жолын Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды арулар жалғады емес пе? Сондықтан әскери қызметте қыздардың алатын орны ерекше. Біздің елімізде қыз-келіншектер көбінесе іс жүргізумен, медбикелік қызметпен айналысып, байланыс торабында жұмыс істейді. Қыздар өз міндетін жауапкершілікпен орындайды.
– Қорғаныс саласында облыста қанша адам еңбек етеді. Жалпы жауынгерлік құрам туралы не айта аласыз? Әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қалай шешімін табуда?
– Бүгінде Қорғаныс істері жөніндегі департаментте 100-ге жуық әскери қызметші еңбек етуде. Ал облыс бойынша 300-ге жуық адам бар. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы мемлекеттің ұдайы назарында. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер орын алып, біздің де жағдайымыз жақсарып, еңбекақымыз өсуде. Бүгінде әскерилердің орташа еңбекақысы 200 мың теңгені құрайды. Бұл салада 20 жыл үзбей еңбек еткен адамға әлеуметтік көмек ретінде отбасылық жағдайына байланысты қомақты қаржы беріледі. Біздің өңірде әскери қызметшiлер баспанамен қамтамасыз етілгенге дейін ай сайын олардың отбасы мүшелерiне 23 мың теңгеден беріледі. Әскерилердің тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар да тиімді жұмыс істеуде. Бастапқы жарнаны жинап, баспаналы болып жатқан әскерилер аз емес.
Әңгімелескен
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.