С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мамандары оқырмандар назарына көрнекті композитор, педагог, Қазақстанның Халық әртісі Латиф Хамидидің туғанына 115 жыл толуына орай “Арт – энциклопедия” деген тақырыпта дәріс өткізді.
Оның барысында оқырмандар Латиф Хамидидің өмірі мен өнері туралы мол мағлұматпен танысты. Фортепианоға, халық аспаптар ансамбліне, ішекті квартетке арнап таңғажайып туындыларды дүниеге әкелген өнерпаз түрлі, деректі, танымал ғылыми, көркем фильмдер мен драмалық қойылымдарға музыка жазды. Өнерге дара жол салған ол қазақ музыкасының орыс және әлемдік мәдениет элементтерімен баий түсуіне ықпал етті.
Вокал жанры Л.Хамиди шығармашылығының ең маңызды бөлігі. Дәл сол арқылы композитор қазақ музыкасының рухы мен мінезін түсінді. Хор музыкасы саласындағы жаңашылдықты көрсете отырып, Латиф Хамиди халық әуендеріне негізделген хор шығармаларына табиғи және органикалық полифониялық үйлесімділік жасады. Артына өлмес мұра, өшпес із қалдырған осындай тамаша дарынның өнегелі өмірі жайлы айтылар әңгіме таусылар емес. “Арт – энциклопедия” дәрісінде оқырмандар өзге де тың деректермен сусындады.
Қарлығаш ӘЛІМБАЕВА,
С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың кітапханашысы.