Петропавл қаласының тұрғыны Ирина Макарова зергерлік бұйым жасаумен айналысады. Оның қолынан шыққан моншақ, сырға, білезік пен сақинаның түр-түрі көздің жауын алады. Бүгінде Ирина сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып отыр.
– Түрлі ұсақ моншақтардан бұйымдар жасауды бала күнімнен жақсы көретінмін. Сәбиімнің күтіміне байланысты демалыста болғанымда бұл істі жалғастырғым келді. Осылайша жаңа жылдық ойыншықтарды жасай бастадым. Әшекей бұйымдар қыз-келіншектердің көркі ғой. Бүгінде менің жасаған дүниелеріме қызығушылық танытып, тапсырыс беретіндердің қатары артып келеді, – деді Ирина Макарова.
Зергерлік бұйымдарды немесе үйге арналған сәндік заттарды жасауда шебер тек сапалы материалды пайдаланады. Мәселен, ол сваровски тастарын, италиялық пайеткаларды, жапон майда моншақтарын қолданады. Зергердің айтуынша, әрбір жұмыстың өз қиындығы болады. Бірақ ол әшекей бұйымдарды жасау арқылы ерекше ләззатқа бөленетінін, сондықтан жұмысты талғаммен, шеберлікпен орындауға тырысатынын айтады.
Жанбота ЕСТАЙҚЫЗЫ.