Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны түнде көлігін ашық қалдырамын деп машинасынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға шілде айының басында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда болған. Тоқсан би ауылының тұрғыны «ВАЗ 21099» автокөлігін түнгіге есік алдында ашық қалдырып, таңертең орнынан таппаған. Ер адам бірден полицейлердің көмегіне жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін басқа ауылдың бұрын сотталған 21 жастағы тұрғыны анықталды. Сөзіне қарағанда, ол Тоқсан би ауылында қонақта болған. Түнде үйіне қайтып бара жатқанда аулалардың бірінде от алдыру кілті бар есігі ашық тұрған көлікті көріп, мініп кетеді. Біраз жүргеннен кейін бензині таусылған машинаны жолдың шетіне шығарып, өртеп жіберген. Үйіне жеткенде, оны аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері қарсы алды.
«Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша енгізілді. Іс материалдарын сотқа жіберуге әзірлеп жатырмыз. Жыл басынан ауданда көлікті құқыққа сыйымсыз иеленудің 3 фактісі тіркеліп, барлығы ашылды», – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Руслан Біржанов.
https://www.inform.kz/