Бүгінде қазақстандық пошта желісінің түбегейлі өзгеріп, жаңа сапалық кезеңге аяқ басқанын аңғару қиын емес. Қазіргі даму деңгейі нарық талаптарымен, халықаралық стандарттармен, алғы стратегиялық мүдделермен үндес. Бұрынғы дәстүрлі хат-хабар, газет-журнал, сәлемдемелер тарату озық технологиялармен толығып, электрондық, қаржылық қызметтердің тың түрлері пайда болды. Әмбебап байланыстың жаңа жүйесі орнықты. Осы және басқа да жаңалықтар туралы, сонымен қатар оқырмандарды толғандыратын мәселелер жайлы “Tıkelei bailanys” айдарының қонағы “Қазпошта” АҚ-ы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұркен Рүстем айтып береді.
Әлім ТӨЛЕБАЕВ,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Пошташы дегенде көз алдымызға газет-журнал, хат-хабар таратушы адам елестейді. Себебі біз соны көріп өстік. Бүгінде бұл сала жаңа бағытқа қадам жасады. Қазір қандай қызметтер көрсетілетінін айтып берсеңіз.
– Қазіргі таңда сәлемдемелер, хат-хабар, мерзімді басылымдарды жеткізіп, таратудың толық үлесі ұлттық компанияның еншісінде. Республика жұртшылығының жартысына жуығы ауылдарда тұратынын ескерсек, бізге жүктелетін талаптар да жеңіл емес екенін аңғарамыз. Еліміз бойынша ең ірі коммуникациялық мекеменің жергілікті филиалында да көптеген қызметтер көрсетіледі. Бұрынғыдай хаттарды, шот-хабарламаларды, бандерольдарды, ұсақ пакеттер мен сәлемдемелерді, ірі габаритті жөнелтімдерді жеткізу, газет-журналдарға жаздырту жергілікті поштаның міндетіне кіреді. Бұдан бөлек, ақша аударымдарын жасау, коммуналдық, салықтық, өзге де төлемдерді қабылдау, есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету, инкассация, төлем карталарын шығару, брокерлік, сақтандыру қызметтері, валюта айырбастау, интернет-банкинг, кредиттер беру, темір жол, авиа, лотерея билеттерін сату, кредиттік бюро ақпаратымен қамтамасыз ету, депозиттер ашу да біздің құзыретімізге жатады.
Қайрат СЕРІК,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Қазпоштада қанша адам еңбек етеді? Филиалдың материалдық-техникалық базасы қалай жабдықталған?
– Мекемеде 1300-ден астам адам еңбек етеді. Олардың көпшілігі операторлар, поштальондар, кассирлер, курьерлер. Пошта қызметі 160-тан астам нысаннан, оның ішінде аудандық байланыс тораптары, ауылдық және қалалық байланыс бөлімшелері мен төлемдерді қабылдау пункттерінен тұрады, 5 почтамт, 30 банкомат, 220 pos-терминал, серіктестік желісінің 5 бөлімшесі, 11 төлем терминалы бар.
Ғимараттарды жөндеуден өткізу бөлінген қаражат есебінен жоспарлы түрде жүргізіледі. Биыл компания тарапынан инженерлік жабдықтар сатып алуға 15 млн. теңге бөлінді. Жыл аяғына дейін бірқатар нысандар қалпына келтіріледі. Республика және облыс қазынасынан құрылыстар тұрғызу жайы қарастырылмаған. Сөз арасында операторлар мен поштальондардың жалақысы көбейгенін айта кеткен жөн.
Ержан БЕКЕНҰЛЫ,
Айыртау ауданының тұрғыны:
– Жасыратыны жоқ, шалғай аудандар мен ауылдарда пошта қызметінің сапасы көңіл көншіте бермейді. Олардың газет-журнал, хат-хабар жеткізу кестесі қалай құрылған?
– Иә, кей кездері республикалық, жергілікті басылымдарды межелі жерлерге жеткізуде кідірістердің орын алып жататынын жоққа шығара алмаймыз. Ақталғаным емес, дегенмен жолдың шалғайлығы, жер жағдайы, тағы басқа факторларды ескермей болмайды. Мәселен, 98 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан өңірде елді мекендердің арақашықтығы әрқилы. Күн сайын орташа есеппен пошта тасымалына аттанатын 60-қа жуық көліктің барып-қайту сапарының ұзақтығы 37 мың шақырымды қамтиды. Ең алыстағы Уәлиханов ауданына дейін 8 сағат жүру айтуға ғана оңай. Екіншіден, қыстың көзі қырауда тіпті қиын. Кей ауылдарға жол болмағандықтан, айналма жол арқылы қатынайтын сәттер аз емес. Үшіншіден, операторлар мен пошташылардың еңбекақысы ұлғайғанына қарамастан, әлі де төмен. Төртіншіден, байланыс бөлімшелері жалға алатын орындар тар. Талапқа сай келмейтіндіктен пошташылардың үйлерінде жұмыс істеуіне тура келеді. Бесіншіден, бұрындары пошта “Алматы–Петропавл” пойызы арқылы күнде жеткізілетін. Енді бұл пойыз күнара қатынайтындықтан, бір күнге кешігеді. Тығырықтан шығу мақсатымен компания басшылығы “Тальго” жүрдек пойызына қосымша вагон тіркеу туралы өтініш жасаған болатын. Алайда тасымалдау бағасының қымбаттылығына байланысты мәселе шешілмеді. Алтыншыдан, газет-журналға жазылу мөлшері күрт кеміп кетті. 2019 жылы жалпы жазылым 166966 тираж болса, биылғы көрсеткіш әлдеқайда аз. Кей ауылдар 4-5 данадан ғана алдыртады. Ал шығын шаш етектен!
Оқырмандарды алаңдататын проблемаларды шешу – ұдайы назарымызда. Белгіленген кестеге сай елордадан күн сайын, Алматыдан аптасына 3-4 рет, облыс орталығынан аудандарға аптасына 6 рет, ауылдарға аптасына 3 рет хат-хабар жеткізуді ұйымдастырудың барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Филиал жүзден астам ведомостволық көлікпен жабдықталған. Барлық бағыттар облыстық мекеме арқылы бекітіліп, уақтылы жеткізілуіне аудандық пошта байланысы торабының басшылары жауап береді.
Талғат ЫСМАҒҰЛОВ:
– Пошташы жетіспейді, жалақы төмен деген сөздерді жиі естиміз. Алайда жуырда әлеуметтік желіден бір хат тасушыны жұмыстан шығарып жібергендеріңіз жайлы ақпаратты оқыдым. Соның себебін түсіндіре кетсеңіз. Жалпы пошташылардың жұмыс кестесі қандай тәртіпке негізделген?
– Филиалда 600-ге жуық пошташы жұмыс істейді. Қазір 44 штат бос тұр. Олардың жалақысы бекітілген штаттық кестеге сәйкес еңбекті нормалау және хронометраждық жұмыстарды негізге ала отырып айқындалады. Мысалы, 0,1 штаттық бірлік үшін жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 4 сағатты құрайды. Шағын ауылдарда жұмыс көлемі мен қызмет көрсетілетін үйлер саны аз екені белгілі. Соған қарамастан пошташылардың жұмысын ұтымды ұйымдастыру техникалық нормалау әдісімен есептеледі. Былтыр өндірістік қызметкерлердің жалақысын 10 пайызға индекстеу жүргізілді. Белгіленген нормативтерді орындау кезінде жалақыға қосымша ақы төлеуді көздейтін 39 мотивациялық бағдарлама қолданылады.
Аққайың ауданы Қиялы ауылдық пошта байланысы бөлімшесінің қызметкері Татьяна Ивановамен жасалған еңбек шарты бойынша сағат 10-нан 14-ке дейін бес күндік жұмыс аптасы белгіленген. Алайда ол 4,5 мамыр күндері өзінің қызметтік міндеттерін орындамаған. Еш себепсіз жұмысқа шықпауына байланысты тәртіптік кеңес Еңбек кодексінің 52-ші бабы 1-ші тармағына сүйене отырып, онымен еңбек шартын бұзу туралы шешім қабылдады.
Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Бірқатар елді мекендерде пошта байланысы түгіл пошташы жоқ. Байланыс бөлімшесін ашу үшін округте қанша адам тұруы керек? Шаховское ауылындағы байланыс пункті не себепті жабылып қалды?
– Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 2016 жылғы 20 шілдедегі “Пошта байланысының әмбебеп көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекіту туралы” №44 бұйрығына орай жалпы халық саны екі мың адамнан кем емес ауылдық елді мекендерде пошта байланыс пункті құрылады.
Шаховское ауылында қызмет сапалы көрсетілмеуіне, яғни орынның тарлығына, онда санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталмауына байланысты бөлімшені қысқартуға тура келді. Стационарлық пошта желісі жоқ ауылдарда жылжымалы пошта байланысы бөлімшелері жұмыс істейді. Олар негізгі қызметтердің барлық түрін көрсетеді.
Құрманбек МАНТАЕВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Газет-журналға жазылғымыз келгенімен, бағасын қалта көтере бермейді. Пошта тасымалының шығынын жабуға Үкімет тарапынан демеуқаржы беріле ме?
– Мерзімді басылымдарға жазылу құнына газет-журналды басу, жеткізу және тарату шығындары қосылады. Бұл ретте жазылу бағасын оқырман төлейді, оған редакция қосымша шығынданбайды. Тек ауылдық жерлерге таратылатын мерзімді басылымдар ғана субсидияланады.
Бізге бөлшек сауда дүңгіршектерін неге жаңғыртпайсыздар деген сауал жиі қойылып жатады. Кезінде бұл жүйе арқылы газет-журнал, халық тұтынатын тауарлар сатылып келді. Бүгінде онлайн сауда желісінің кең таралуына байланысты дүңгіршектер тиімсіз болып қалды.
Ғалия ТІЛЕУБЕКҚЫЗЫ,
Уәлиханов ауданының тұрғыны:
– Қулыкөл ауылына газет-журналдың жеткізілуінде іркіліс көп. Жағдай қашан түзеледі?
– Қулыкөл ауылына жылжымалы пошта байланысы бөлімшесі аптасына бір рет қызмет көрсетеді. Қазір осы бөлімшенің басшысы лауазымына конкурс жарияланды. Бұған дейін бұл орын бос болатын.
Айбек ХОРШАТ,
Ақжар ауданының тұрғыны:
– Заман ағымына сай пошта саласына енгізіліп жатқан тың жобаларға тоқтала кетсеңіз.
– “Қазпошта” АҚ-ы еліміздегі ең ірі операторлардың бірі болып саналады. Мұның өзі тұрғындарға пошталық, қаржылық, және агенттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге зор мүмкіндіктер береді. Біз өз клиенттеріміз үшін төлем карталарын шығарамыз. Олардың арасында әлеуметтік карта үлкен сұранысқа ие. Ол жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақы, жалақыны алуда, кез келген қолма-қол ақшасыз операцияларды жүзеге асыруда, ақша аударымында кеңінен қолданылады. Оған тапсырыс беру оңай және қарапайым. Кез келген адам онлайн-өтінім бере алады. Бұдан бөлек, әлеуметтік карта ұстаушылар үшін осы жылдың 19 қыркүйегіне дейін супермаркеттерден, азық-түлік дүкендерінен және дәріханалардан тауарлар мен дәрі-дәрмек сатып алуға 5 пайыздық кэшбэк есептеледі. Сондай-ақ супермаркеттер желісінен немесе тұрмыстық техника дүкендерінен 10 мың теңгенің затын сатып алған кезде ұтыс ойындарына автоматты түрде қатысады. Қолма-қол ақшасыз есеп айыру барысында 1 пайыздық тұрақты кэшбэк қарастырылған. Жуырда қазақстандық электрондық сауда нарығына халықаралық кэшбэк-сервисі қосылды. Бұл виртуалды карталарды тұтынушыларға интернет-сатып алуға пайдаланылған қаражаттың 20 пайызын кейін қайтаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар франчайзингтік әдіс арқылы пошта қызметтерін шағын және орта бизнеске бейімдеу жайы қарастырылған. Пошта бөлімшелеріне бармай-ақ, сәлемдемені алуға, жіберуге, билеттерді сатып алуға, коммуналдық төлемдер мен салықтарды өтеуге болады. Бір сөзбен айтқанда, франчайзинг бизнесті өте тиімді ұйымдастыру моделі болып табылады. Ол бойынша компания (франчайзер) белгілі бір тұлғаға не ұйымға өнімдері мен қызметтерін, маркетингтік технологияларды, сараптама, қолдау тетіктерін пайдалану құқығын береді. Франчайзингтік пошта қызметтері Швейцарияда, Үндістанда, Австралияда, Канадада, тағы басқа елдерде кеңінен пайдаланылады.
Клиенттеріміз цифрлық трансформация аясында да бірқатар қызметтер алады. Гибридтік электрондық пошта және “POS Mobile” қызметтері, NFC технологиясына негізделген смартфон арқылы төлем тұрмысымызға дендеп енді. Кәсіпкерлер арасында “Tap-x-Phone” смартфоны кеңінен танымал.
Пошталық, банктік, агенттік қызметтердің, хат-хабар, газет-журнал таратудың ауқымын кеңейтіп, сұранысты толық қанағаттандыру, жеделділікті арттыру, сапаны қамтамасыз ету, төлемнің электрондық жүйесін одан әрі жетілдіру басты мақсат болып қала береді.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.