«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданында тұра­тын Сағындықовтар отба­сы – берекелі шаңырақ. Ерлі-зайыпты Небиюла мен Алма 40 жылға жуық тату-тәтті өмір сүріп, бес баланы қа­наттыға қақтырмай, тұм­сық­тыға шоқытпай өсірді. Жақында бұл әулет “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы­ның өңірлік кезеңінде екінші орын алып, жерлестерін зор қуанышқа бөледі.

“Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” де­мекші, ұрпақ тәрбиесінде отбасы­ның алатын орны ерекше. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Са­ғын­дықовтар әулеті ағайын-туыстың ғана емес, барша ауылдастары­ның құрметіне бөленген отба­сы. Айналасындағы адамдарға үл­гі-өнеге көрсетіп, сыйластық пен ауызбіршілікті қалқан еткен бұл жандарға көпшілік қызыға да, қызғана қарайды.

Отағасы Небиюла Нұрмолла­ұлы Мамлют ауданындағы “Ху­лан­дой” жа­уап­кершілігі шектеулі серіктестігіне жетекшілік етеді. “Баптай білсең, жер жомарт” де­мекші, ол жиырма жылдан астам уақыт бойы ырыз­дық-несібесін Жер-анадан тауып келеді. Атал­мыш серіктестіктің егістік алқабы 18 мың гектарды құрайды. Мал шаруашылығымен де айналы­сып, мол табысқа ке­нелуде. Ол өзін іскер азамат, бі­лікті ұйым­дастырушы ретінде жақ­сы жағы­нан көрсетіп, Токаревка ауылын көркейтуге үлесін қосып келеді. Жерлестері мен туған ауы­лының жағдайын ойлаған жомарт жан бұ­рынғы мектеп ғимаратын қалпы­на келтіріп, мәдени-демалыс ор­талығы мен кітапхана ашу­ды жос­парлап отыр. Қазіргі таңда ішкі әрлеу мен сумен жабдықтау жұ­мыстары жүргізілуде.

– Ата-бабамыз бізге кең байтақ жерді аманат етті. Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін, суы мол, кең байтақ елде тұрып жат­қанымызды мақтан етуіміз керек. Әр адам туған жерінің дамуына атсалысып, елдің ертеңі үшін аян­бай еңбек етуі тиіс. Сондықтан туған ауылымды көркейтуге ба­рын­ша күш салудамын. Біздің елі­мізде жүзден астам этнос өкіл­дері бір шаңырақ астында тату-тәт­ті тұрып жатыр. Осындай ауыз­бір­шілік әр отбасында болуы керек. Сонда Отанымыздың да ір­гесі мықты болады, – деді ота­ғасы.

Әрқашан көпбалалы, аз қам­тыл­ған отбасыларға қайырымды­лық көмек көрсететін Небиюла Са­ғындықов ауылдық округтегі әлеуметтік-мәдени нысандарды күтіп-ұстауға да қолғабыс етеді. Ал зайыбы Алма Зікіриянқызы 30 жылдан астам уақыт Токаревка ауылындағы медициналық қо­сын­да фельдшер болып жұмыс істейді. Бірі тұрғындардың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға атса­лысса, енді бірі ден­саулығына жауапты. Сондық­тан ерлі-зайып­тыларды ауыл­дас­тары ерекше құрметтейді.

– Бақытты болу әр адамның өз қолында. Мен үшін бақыт деген от­басым мен бала-шағамның амандығы. Бес балапанымызды өсіріп, ер жеткізу үшін аянып қал­мадық. Әр ата-ана балаларының жақсы жетістіктерге қол жеткіз­ге­нін қалайды. Бүгінде ұл-қыздары­мыз сенімді ақтап, абырой биігі­нен көрінуде. Бұдан асқан қуа­ныш бар ма? Көз қуанышымыз немерелерімізді де ізгілікке бау­лып, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету қажет екенін айтып оты­рамыз, – деген, Алма Са­ғындықова отбасы құндылығын арттыру, бірлікті сақтау, қайы­рым­дылық жасау, мейірімді бо­лып, кешірім жолын ұстану се­кілді сауапты амалдарға ерекше мән беретіндерін жеткізді.

Бұл жұп балаларын да ата-ба­бамыздан мирас болған салт-дәс­түр мен ұлттық құндылықтар­ға баулып, адамгершіліктің дәнін екті. Тәуелсіз елде білімді, өнеге­лі ұрпақ тәрбиелеуді алдына мақ­сат еткен олар балаларын қата­рынан қалдырмауға тырысты. Бес баласы да жоғары білім алып, өмірде өз жолдарын тапты.

“Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі”, демекші әке жолын жалғаған ұлы Руслан да кәсіппен айналысуда. Шаттықтың шуағы мен бақыттың бесігінде ұл-қызын тербеткен Сағындықовтар әулеті тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек іспетті. Бұл отбасының жарасымды тірлігінен өзгелер де тағылым алса бір ғанибет емес пе?

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp