«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жақұттай жарқырап өтті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс бол­ған, өзімізге мәңгі жасайтындай көрін­ген ке­ңестік дәуірде жеріне, еліне адал еңбек сі­ңір­ген біртуар аза­маттар аз болған. Бүгінде үзеңгі қағыстырып, бірге жүрген замандас­та­рымыздың қатары сиреп ба­рады. Кел­местің кемесіне мініп, қайтпас сапарға ат­тан­ғандар ел есінен біртіндеп шыға бастай­ды. Өкінішке қарай, бұл табиғи, уақыт деген төрешінің енші­сіндегі заңдылық.

Халқымыздың дәстүр-мұрасын ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізетін алтын көпір – көне-көз қарттардың қатарына қосылғасын, жақсының жақсылығын, өз заманының ел сыйлаған азаматтары болғанын жас құрақ­тай жайқалып өсіп келе жатқан өскелең ұр­пақтың санасына жеткізіп, өнеге ретінде айтып отыруды өзімнің азаматтық пары­зым деп санаймын. Сондай азаматтардың бірі де бірегейі, еліне еңбегі сіңіп, шыншыл­дығымен, адалдығымен елдестерінің құр­меті мен сүйіспеншілігіне бөленген, адам­гершілігі мен азаматтық арына кір келтір­мей өткен Ғалит Ахметов туралы сөз қоз­ғау­ды жөн көрдім. Менің қолыма қалам алу­дағы мақсатым – оның рухына тағзым етіп, есімін ел есінде жаңғырту.

Рузай (Ғабит Мүсірепов атындағы ау­дан) өңірінің тумасы, отыз жылдан астам уа­қыт құқық қорғау саласында мінсіз қыз­мет атқарған Ғалит жолдасым ел тыныш­ты­ғын сақтауға бар білімі мен тәжірибесін, қажыр-қайратын жұмсады. Көзі тірі болса биыл ар­дақты азаматтың 70 жылдығын атап өтер едік. Амал нешік. Тағдырға еш ша­ра жоқ. Ға­литпен 1977 жылы танысып, қыз­мет­тес бол­дым. Мен Дружба кеңшарында, ол ау­дан орталығы Куйбышевте учаскелік инспектор болды. Бірақ бірталай жылдан кейін белгілі бір себептерге бай­ланысты мен ішкі істер органынан кетуге мәжбүр болдым. Алайда бұл жағдай дос­тық қарым-қатынасымызға бөгет болған жоқ. Тура жиырма бес жыл осын­дай асыл азаматпен мені жолдас қыл­ған тағдырыма ризамын! Шіркін-ай, Ғалит­тың ақжарқын мінезі, жұмыс бабындағы па­расаттылығы өзі қатарлы қызметтестері­нен озық бол­маса, кем түспейтін. Заң сала­сында ал­дына жан салмайтын білікті, кел­беті келісті азамат болатын. Оның сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан тектіліктің ны­ша­ны мен­мұндалап, байқалып тұратын.

Ол сол кездегі Куйбышев ауданының ішкі істер бөлімінде тапжылмастан отыз жыл абыройлы қызмет етіп, тергеу бөлі­мі­нің басшысы қызме­тінен құрметті дема­лыс­қа шықты. Қараған­ды жоғары милиция мектебін үздік бітіріп, қатардағы лейтенант­тан милиция подпол­ковнигі шеніне дейін кө­терілді. Жұмыс ба­бында әрқашан адал, шыншыл болды. Шыншылдық, адалдық де­геннен шығады, жетпісті алқымдап ақ пен қараны, алтын мен жезді айыратын жасқа келгенде бір байқағаным, өзім өмір сүрген екі дәуірде де шындықты айтқан адамның аяғынан шалып, қызмет бабында өсу жо­лы­на әрдайым ке­дергі келтіріп отырғандар та­былады екен. Дәл осындай жағдай Ға­литтің өмірінде де болды. Өзінің қызметтегі іскерлігімен көз­ге түсіп, мамандығының хас шебері ретінде облыс, республика көлемін­де үздік тергеуші атанса да, шындықты бет­ке айтатын турашылдығы көп адамға ұна­мады. Әйтпесе, өзі қатарлы, одан кеш­теу келген кейбір пысықайлар облыс кө­лемінде лауазымды қызметтерге көтеріліп жатты. Байқауымша, бұл жағдай жалғыз Ғалиттың ғана тағдырынан алынған жайт емес, алаштың бар жақсыларының өмір жол­дары тап осындай әділетсіздік пен қия­натқа толы болған. Ешкімге де, ештеңеге де ренжудің қажеті жоқ. Әлі де болса замана көші түзеліп, түтініміз түзу шығатын күнге де жетерміз деген үмітім бар.

Ертеде көпті көрген бір қария немере­сіне өмірдің көп шындықтарының бір сы­рын ашпақшы болып:

– Әр адамның бойын­да екі қасқырдың таласына ұқсайтын тар­тыс жүріп жатады. Бір қасқыр зұлымдықты бас­тайды: қызға­ныш, кекшілдік, өтірік, мен­мен­шілдік. Екін­ші қасқыр жақсылықты көк­сейді: махаббат, бейбітшілік, шындық, адал­дық пен қайы­рым­дылық.

Атасының бұл сөзіне қызығушылық білдірген неме­ресі:

– Ата, түбінде қай қасқыр жеңіп шы­ғады? – деп сұрайды.

Қария аздап езу тар­тып, немересіне былай деп жауап береді:

– Екі қасқырдың қайсысын асырасаң сол жеңеді, – деген екен. Сол сияқты Ғалит та шама-шарқы келгенше адалдық пен шын­шылдықты ардақтап, тазалықтың ақ туын желбіреткен азамат еді. Шіркін, дүние… Қа­ра нардай қайратты, дарқан көңілді, жо­март жүректі аяулы азаматымыз о дүниелік болғалы тоғыз жыл зымырап өте шығыпты. Өкінішке қарай, зайыбы Бал бақилық бол­ды, артында қалған ұл-қызы ата-анасын бү­гінде сағынышпен еске алады.

Дана халқымыз әкім болсаң да, қара бол­саң да еліңе, халқыңа сіңірген еңбегіне қа­рай бағалаған. Бұл тұрғыдан Ғалит Ах­ме­товтің азаматтық шоқтығы биік, жұлды­зы жоғары тұрады. Қанша уақыт өтсе де, уа­қыт тозаңынан асыл бейнесі көмескі тарт­пай­тын, аға буынның ішінде жақұттай жар­қырап өткен Ғалиттай азаматтың өмір жо­лын насихаттай білсек, кейінгі өскелең ұр­паққа асыл мұра емес пе? “Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан келеді” де­мей ме қазақ халқы. Ал әрқашан да жақсы­ларымызды түгендеу, солардың өнегелі өмі­рі арқылы ұрпағы­мызды тәрбиелеу бар­шамыздың азамат­тық парызымыз.

Батырбек СМАҒҰЛОВ,

зейнеткер.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp