«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оймақтының шебері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Әке көрген – оқ жонар, шеше көр­ген – тон пішер” дегендей, қыз­дардың іске икемді, ақылына көр­кі сай болып бойжетуі анасының берген тәрбиесіне байланысты. Сол себепті кез келген ана қызда­рының қол қусырып отыруын жат санап, оны әлімсақтан еңбекке баулыған. Қолы қалт етсе, ине ұс­та­тып, іс тігуге бейімдеген. Көп­балалы ана, “Алтын алқа” иегері Мәриям Ағыбаева да тігіншілікті анасынан үйренгенін айтады.

Мәриям Болатқызы 1937 жы­лы Айыртау ауданындағы Ақан сері (бұрынғы Кеңащы) ауылын­да дүниеге келді. Әкесі Ұлы Отан соғысы басталысымен майданға алынып, хабар-ошарсыз кетеді. Әкесінен ерте көз жазып қалған Мәриям анасы Бәдишаның үй­ре­туімен ес білгелі ине-жіпті жаны­на серік етті, құрақ құрауды, киім ті­гуді үйренді. Оның тұрмысқа қажетті құрақ және жамылатын көр­пе, жастық, әсіресе, сіңліле­рі­не әдемі көйлек тігіп беруге қолы икемді болды. Жарамсыз мата­лар­дан белдемше, көйлек тігіп, анасын қуантқаны әлі есінде.

– Сегіз жасымнан бастап анам осы іске баулыды. Ол тігіншілік – текті өнер екенін айтып, қолдау білдірді. Анамның айтқаны айдай келді. Он екі жасымда маған анам алғаш тігін машинасын са­тып әперді. Содан бері ауылдағы қыз-келіншектерге көйлек тігуді әдетке айналдырдым. Халқымыз ежелден “Қол өнері – кілемде” деп қолөнерге ерекше мән бер­ген ғой. Бүгінде тігіншілік кең өріс алып отыр. Қолөнерге құрмет арт­паса, еш кеміген жоқ, – дейді ол.

Жасы егде тартса да тігінші­лік­тен қол үзген жоқ. Қолы боса­са, тігін машина­сын ермек етеді. Өз ісінің шебері өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, білгенін жастарға үйретуде. Ауыл тұрғындарының ара­сында аты мәлім, абыройы ас­қақ. Ақан сері, Саумалкөл сияқты ауылдарда ісмердің қолынан шыққан тама­ша туындыларға сұ­раныс жоға­ры. Кез келген адам­ның көңілін қал­дырмай, айтқанын бұлжыт­пай орындайтын шебер­дің жаса­ған бұйымдары көздің жауын алады.

Бүгінде елімізде жеңіл өнер­кә­сіп кең қанат жаюда. Ұлттық на­қыштағы киімдерден отандық бренд қалыптасуда. Сондай іл­кімді істерде Мәриям Ағыбаева­ның да үлесі бар. Ол құрақ құрау­дан басқа бесік жабдығы, қалта тігу, шымылдық жасауда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. Әсі­ресе, қыз жасауын дайындау­да алдына жан салмайды әрі оған жауапкершілікпен қарайды. Шебердің айтуынша, құрақ құрау оңай шаруа емес.

Көз майын тауысып, тігіншілік­пен айналасып келе жатқан ше­берге бүгінде балалары, немере­лері және келіндері қолдау біл­ді­ру­де. Олар аналарын қажетті заттармен қамтамасыз етуде.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp